Sport

Бүгін футболдан Әлем чемпионаты басталады

Written by Aray2005

Бүгін Ресей мемлекетінде төртжылдықтың ең айтулы аламаны — футболдан Әлем чемпионатының жалауы желбірейді. 32 мемлекеттің кіл мықты құрамалары бақ сынайтын бәсекені жанкүйерлер бір ай бойы тамашалау мүмкіндігіне ие. Осы орайда, оқырман қауымға биылғы доп додасындағы қызықты деректер мен оқиғаларды ұсынып отырмыз.

Жеңімпаз құрамаға 38 миллион доллар беріледі

Әлем чем­пио­на­ты­­ның бас жүлдесі – «Алтын Кубок» екені белгілі. Десе де, көптеген құрамалар топ жармаса да, қомақты қаржыға кенеліп қалуды ойлайды. Сонымен доп додасына қатысқан мемлекеттер мен жеңімпаз құрама қандай көлемдегі сыйақыға қол жеткізеді?
Биылғы біріншілікке Халықаралық футбол қауымдастығы 791 миллион доллар тағайындап отыр. Оның 209 миллионы командаларға, 134 миллионы футболшысы жарақат алған құрамаға, қалған 48 миллионы жарысқа жолдама жеңіп алған 32 мемлекеттің әрқайсысына теңдей бөлініп беріледі. Ал, топтық кезеңге қатысқаны үшін барлық командаға 8 миллионнан қарастырылған. Сонда Ресейдегі чемпионатқа қатысқан барлық команда кем дегенде 9,5 миллион долларды қалталарына басып қайтады. Ал, егер команда өз тобынан плей-оффқа шықса, онда тағы да үстеме 4 миллион доллар қосылады. Ширек финалға өткендерге қосымша 4 миллионнан белгіленген. Егер бәрін қосып есептесек, Әлем чемпионы атанған команда 38 миллион доллар сыйақыға ие болады.

4 300 қазақстандық турнирді тікелей тамашалайды

Айтулы аламанды тамашалау мүмкіндігінен қазақстандық жан­күйер­лер де шет қалмайды. Qazaqstan және Qazsport те­ле­арналары барлық 64 матчты толықтай көрсетеді. Сондай-ақ, телеарнада Әлем чемпионаты аясында маңызды тележобалар ұйым­дас­тыры­лады. 14 маусымнан 15 шілдеге дейін әр матчтың алдында бағдарламалар эфирге шығады. Одан бөлек, өткен матчтарға байланысты күнделікті, апталық шолулар жасалмақ. Сондай-ақ, «Әлем чемпионаты тарихы» атты ақпараттық-танымдық хабар да көрермен көзайымына айналады.
Туристік агенттіктердің хабарлауы бойын­ша Әлем чемпионатына елімізден 4 300-ге жуық адам Ресейге аттанып бара жатыр. Олар бір ай бойы доп додасын стадион­дардан тікелей тамашаламақ. Қазір аталмыш жанкүйерлер және туристік компания өкілдерімен сақтық шаралары төңірегінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Барлық топта «Барселона» ойыншылары бар

Әлем біріншілігінің барлық сегіз тобында испандық «Барселона» клубының ойыншылары доп тебеді. Атап айтсақ, Луис Суарес (Уругвай, «A»), Андрес Иньеста, Серхио Бускетс, Жерар Пике, Жорди Альба (Испания, «B»), Самуэль Умтити, Усман Дембеле (Франция, «C»), Лионель Месси (Аргентина, «D»), Иван Ракитич (Хорватия, «D»), Марк-Андре тер Штеген (Германия, «E»), Филиппе Коутиньо, Паулиньо (Бразилия, «F»), Томас Вермален (Бельгия, «G»), Йерри Мина (Колумбия, «H»).
Мұндай жағдай бұрын-соңды Әлем чемпионаты тарихында тіркелмеген. Биыл бірінші рет футбол жанкүйерлері осындай қызықты дерекке куә болып отыр.

Криштиану кімнен қорқады?

Португалия ұлттық құрамасының ша­буыл­шысы, испандық «Реал Мадрид» клубының сұр­мер­гені Криштиану Роналду Ресейге келуге қорқатын секілді. Олай дейтініміз, ол қасына Әлем чемпионаты кезін­де аралас жекпе-жек шебері Гонсало Сальгадо мен бұрынғы әскери қызметкер Нуно Марекосты оққағар етіп алып отыр. Айта кетейік, Марекос Португалиядағы жеке күзет фирмасында жұмыс істейді. Ол ММА-да 7 рет жеңіске қол жеткізген спортшы.
Міне, осындай мықты спортшыны португалдық футболшы өзін қорғауға қызметке алып отыр. Алайда, Криштианудың кімнен қорқатыны әзірге белгісіз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР