Бүгін Токио Олимпиадасы түндігін түреді

0 22

Бүгін төртжылдықтың айтулы аламаны Токио Олимпиадасы түндігін түреді. Қазақстан спортшылары дүбірлі додаға сақадай сай дайын. 96 спортшы ел намысын қорғайтын болса, олар спорттың 27 түрінен бақ сынамақ. Құраманың 63-і ерлер, 33-і нәзікжандылар.

Олимпиаданың ашылу салтанатында бокстан әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова көк туымызды ұстап шығады.
Құрама сапындағы ең жас спортшы 19 жаста. Ол– көркем гимнастикадан Азия чемпионы Алина Әділханова. Ал Милад Карими спорттық гимнастикадан Олимпиаданың жеті жолдамасына ие болған жалғыз атлет. Ол Токиода өтетін додада көпсайыс, еркін жаттығу, қолды тіреп секіру, қоссырық, шығыршық, керме және гимнастикалық ат снаряды бойынша бақ сынайды.
20 жылдан кейін алғаш рет үш садақшымыз командалық жарыста сынға түседі. Санжар Мұсаев, Денис Ганькин және Ильфат Абдуллин Нидерландтың Хертогенбос қаласында өткен әлем чемпионатында VІ орын иеленген. Осылайша Олимпиада жолдамасына ие болған олар командалық сыннан бөлек жекелей сында да өнер көрсетеді.
Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпияда ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.
Осыдан бес жыл бұрын Рио-де-Жанейро Олимпиадасында екі дзюдошы жампозымыз жасындай жарқылдаған. 60 келіде ел намысын қорғаған Елдос Сметов күміс жүлде еншілесе, 48 келіде белдескен бойжеткеніміз Отгонцецег Галбадрах қоржынымызға қола медаль салды. Риода жеңіс тұғырынан көрінген қос спортшымыз да Токио татамиінде барын салуға дайын. Бұдан бөлек Ерлан Серікжанов, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза және Ислам Бозбаев сынды отандастарымыз да Жапония жеріндегі аламанда жүлдеге таласады.
Ел мен өңір жанкүйерлері 60 келі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, әлемдік жарыстың екі дүркін қола медаль иегері Елдос Сметовке ерекше сенім артатыны жасырын емес. Өйткені ұлттық құрамада Елдос – көшбасшы балуан. Бұған дейін талай байрақты бәсекеде оза шауып, дара шыққан жерлесіміз кемінде Риодағы жетістігін қайталап жатса, әрине, ерлік болары хақ.
Ендеше, Елдостың тілеуін тілейік, ағайын! Егер балуанымыз алғаш болып қоржынға жүлде салып жатса, бұл өзге спортшыларымыздың да жеңіске деген жігерін жанитыны анық.
Алға, Қазақстан! Алға, мемлекет мақтаныштары!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.