Бүгінгі жағдай бізден нақты әрекеттерді талап етіп отыр

0 0

Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы іс-шараларды күшейту туралы айтты

Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның таралу деңгейінің тұрақтылығы сақталуда. Алайда, шектеу шараларын қолдануға байланысты өзекті мәселелер туындауда. Бұл туралы бейнеселекторлық режимінде өткен облыстық жедел штаб отырысында айтылды.

Штаб басшысы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қауіпті инфекция анықталған азаматтар оқшауланып, қажетті медициналық көмек алып жатқандығын, олардың денсаулық жағдайлары тұрақты екендігін атап өтті.

– Статистика көрсеткендей, ауырғандардың басым бөлігі біздің облысқа өзге өңірлерден келгендер. Осыған орай блок-бекеттердегі жұмысты күшейту қажет. Кеше мен кейбір блок-бекеттерде болып, ондағы жұмыстардың өте әлсіз ұйымдастырылғанына көз жеткіздім. Көлік пен азаматтардың қозғалысын бақылау нашар жүргізілуде, көбіне салғырт қаралуда. Мұндайға жол беруге болмайды. Әсіресе, Қырғыз Республикасымен шекарадағы Қарасу және Айша бибі өткізу пункттерінің жұмысын барынша ширату тиіс, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және төтенше жағдай аясында қабылданып жатқан әлеуметтік төлемдер жөніндегі ұйымдастыру шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 690 инфрақұрылымдық жоба анықталса, оларды жүзеге асыру үшін 56 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Нәтижесінде 18,7 мың уақытша және 1100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Ол сондай-ақ төтенше жағдай кезінде табыстан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға байланысты бірқатар жайттарға тоқталды. Соның бірі – екінші деңгейдегі банктердің кеңселерінде және «Қазпошта» бөлімшелерінде шот ашуға ниет білдірген адамдар қарасының қалыңдығы. Бұл орайда Ұлттық банктің облыстық филиалы мен «Қазпошта» АҚ басшылығына тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Сондай-ақ, басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев коронавирусты инфекцияға қарсы ісшараларддың ағымдағы жағдайы туралы ақпараттармен бөлісті.

6 сәуірдегі ахуал бойынша карантиндік режимде госпитальда 1190 адам жатыр. Үй карантиніне 813 адам алынған. Ал, 35 азаматтан коронавирустық инфекция табылған. Анықталғандай, олардың барлығы республиканың басқа аймақтарында және шетелде болып келгендер. Облыс бойынша науқас және ауруға күдікті азаматтар үшін 1364 төсек-орын дайындалған десек, оның 490-ы резервте тұрғандар. Инфекцияның алдын алу мақсатында ҚР Үкіметінің резервінен Жамбыл облысына медициналық препараттарды сатып алуға 536,9 млн.теңге бөлінген. 3 мың экспресс-тест сатып алынды. Өңірдегі фармацевтикалық фабрикада және шағын цехтарда медициналық маскалар шығарылуда.

Тараз қаласында карантин енгізілуіне байланысты қабылданған іс-шаралар барысы туралы шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев мәлімдеді.

– 7 сәуірден бастап облыс орталығында карантин енгізіледі. Осыған байланысты жедел штаб құрылды, оның құрамына полиция, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және басқа да қызметтердің өкілдері кірді. Қала периметрі бойынша 7 Блокпост орнатылды, олар қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Карантин кезінде барлық автокөлік түрлері мен азаматтардың қозғалуы, қоғамдық көлік қозғалысы шектеледі, – деп атап өтті қала басшысы.

Жиын барысында облыс әкімі мемлекеттік аумақтық және облыстық органдар басшыларына бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

– Ең алдымен, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Бұл мақсатта газеттер мен телеарналарды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерді, басқа да мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Инфекцияның алдын алу бойынша брошюралар мен жаднамалар шығарып, жаппай тарату керек, – деп атап өтті ол.

Бердібек Сапарбаев тиісті сала басшыларына блок-бекеттерінің жұмысын күшейтуді, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды тапсырды. Бекеттер бейнебақылау камераларымен, тиісті ғимараттармен жабдықталуы тиіс. Оларда кез-келген адамдар емес, түрлі жағдайларда жедел әрі оң шешім қабылдай білетін, дұрыс әрекет ете  алатын мамандар кезекшілік етуі тиіс.

Өкінішке орай, бұл бекеттердегі тәртіп әлі күнге әлсіз. Әлеуметтік желілерде азаматтардан түрлі пікірлер түсуде. Облыс басшысы ондай келеңсіз іс-әрекеттердің бірден жолын кесу керектігін баса айтты.

Ол сондай-ақ бірінші кезектегі қажетті азық-түлік бағасының тұрақты мониторингінің маңыздылығына назар аударды. Мемлекет бірқатар әлеуметтік маңызы бар өнімдерге шекті бағаны енгізді. Соңғы уақытта супермаркеттердегі бағалар күрт көтерілгендігі байқалады. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет. Төтенше жағдай мемлекеттік органдарға саудагерлердің заңсыз әрекеттерін қадағалауға құқық пен өкілеттіктер беріп отыр. Тиісті орындар оны тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар азық-түліктерді үйлерге, әсіресе көп қабатты тұрғындарға жеткізіп беру қызметін жолға қою аса маңызды.

Б. Сапарбаев дәл қазір барынша жедел әрі батыл әрекет ететін сәт екендігін алға тартты. Мұндай жағдайда салғырттық пен босаңсуға жол берілмеу керектігін, сонымен қатар, пандемия әлі шырқау шегіне жетпегендігін тілге тиек етіп, жұмыла жұмыс жасау, күшейтілген режимде әрекет ету қажеттігін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.