"Хаттар...Хаттар..."

Баһадүр бабаларға бас июіміз керек

Қазақ халқы бүгінгі тәуелсіз күнге жету жолында не көрмеді? Нені басынан өткізбеді? Жоңғар шапқыншылығынан қынадай қырылып, «Ақтабан шұбырындыға» ұшырағанда:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Туған жерден айырылған жаман екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді, – деп зарламап па еді? Ол аз болғандай, Қоқан хандығы Ташкент, Сайрам, Әулиеата, Меркіні басып алып, шұрайлы жерлерімізден құм ішіне айдады, сөйтіп бар нәсібімізден айырды. Қоқан ханы сайлаған датқалар қазақтардан алым-салық жинап, 12-13 жасар қыздар мен балаларды хан ордасына, Қоқан бектерінің гареміне жіберіп отырған. Бұған да шыдаған қазақ солтүстіктен қылышын жалаңдатып, мылтығы мен жойқын зеңбірегін тақаған орыс әскерлерінің де озбырлығын көрді. Қазақты туған жерінен қуып, малын тартып алып, қолға түскен қыз-келіншектерді мұжықтарға сыйлап, намысымызды таптағаны қалай жанға батпайды?! Кейбір сұлтан, билерге шен-шекпен беріп, кеуделеріне орден-медаль тағып, тіпті бір-біріне айдап салғаны да ниеті түзу елдің тірлігі емес. Қарапайым халыққа билігін жүргізіп, ойына келгенін істеді. Осындай қорлыққа қарсы Тентек төре көтерілісі, Қасымхан мен оның ұлдары Саржан мен Есенгелдінің Қоқан хандығына қарсы көтерілісі, Кенесары сұлтан бастаған әскердің орыс патшасына қарсы 10 жылға созылған соғысы, одан кейін Кенесарының ұлы Сыздық төренің күресі қазақ халқының рухын көтеріп, ел екенін танытты емес пе?!
Кейін орнаған Кеңес үкіметі де жергілікті бай-бақуатты адамдардың бар мал-мүлкін тартып алып, кәмпескелеп, өздерін жер аударды. 1932-1934 жылдарда қолдан жасалған ашаршылықтан қазақтың тең жартысы құрбан болса, 1936-1937 жылдары оқыған, білімді, елім-жерім деп қызмет етіп жүрген азаматтарды халық жауы, алашордашыл, ұлтшыл деп атып, жазықсыз жазалады. Халықтың сөзін сөйлейтін зиялы қауым өкілдерінің көзін құртқаны аздай, ауылдардағы бетке ұстар, елдің қамын ойлаған азаматтарды жапонның тыңшысы, Т.Рысқұловтың, С.Қожановтың, С.Сәдуақасовтың адамдары деген сылтаумен соттап, итжеккенге айдап жіберді. Қарапайым ауыл тұрғындарын да бір-біріне айдап салып, көрсетпегенді көрсетті.

Соғыстан кейін әкімшіл-әміршіл жүйе тың жерлерді игереміз деп солтүстіктен, батыстан сан мыңдаған адамдарды эшелонмен әкеп тоғытты. Олардың ішінде ұры-қарысы да, қылмыскерлері мен айлакер қулары да болды. Мектептеріміз жабылып, орыс тілі үстемдік алды. Халық салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, діні мен ділінен жұрдай болды. Арақ ішуді, темекі тартуды үйрендік. Ұлттық өзектен ажыраған соң тәрбиеден де мән кетті. Байдан байға тию, күйеуден ажырасу, әке-шешесін қарттар үйіне, нәрестелерін балалар үйіне өткізіп, тәнін сату белең алды. Үлкенді сыйлаудан, ізет етуден, кішіге қамқор болудан безіндік.

Құдайға шүкір, қазақтың да күні туатын, жарық дүниені көретін нәсібі бар екен. Еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болдық. Басқа ұлттармен терезесі тең, құқығы бір азамат атандық. Есімізді жинап, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, тіліміз бен дінімізді жаңғырттық. Ұлыларымызды ұлықтап, тарихымызды түгендеп, хан-сұлтандарымыз бен би-шешендерімізді аспанға көтердік. Алаштың арыстарын ардақтап, жоғалғандарымызды тауып, ақтаңдақтарымызды анықтап, өткенімізді саралап, болашағымызды бағдарлап, ел қатарына қосылдық. Мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының жемісі деп білемін.

Ендігі мәселе, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қойылған міндеттер мен мақсаттарды іске асыру. Ол үшін әрбір ауылдың тарихын жазып, жоғымызға іздеу салып, бүгінгі және болашақ ұрпаққа сол елдің, ауылдың өткенін, батырлары мен билерін, еңбек ерлерін, майданда, тылда жан аямай соғысып, жеңіс үшін күн-түн демей жұмыс істеген ата-аналарымыз бен аға-әпкелерімізді дәріптеп, насихаттап, таныта білу – басты міндетіміз.

Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін құрбандарын жете зерделеп, әрбір ауылда, мектепте тізімдерін жасап, өскелең ұрпаққа ұмытылмастай етіп насихаттауымыз қажет. Және де ашаршылық құрбандарына ескерткіш белгі орнатып, өткен ғасырлардағы хандар мен билерге, батырларға, ардақты аналарға арнап шарапатты шаралар өткізіп, өткенімізді дәріптей білсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Москау НОҚРАБЕКОВ,
Тараз қаласы

ПІКІР