Баға байлауға көнбей тұр

0 7

Соңғы кездері ел күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы шарықтап кетті. Кейбір ауданда бір аптада 14 түрлі тауардың бағасы бірден өскен. Бұл жағдай дүкен жағалаған жұрттың жағасын ұстатып, қалтасы мен жүйкесіне салмақ түсіріп жатқаны анық. Десе де жергілікті атқарушы билік байлауға көнбей тұрған бағаны тұрақтандыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізуде.

Осы мақсатта жуырда облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі облыстық штаб отырысы өтті.
Жалпы сұранысқа ие кез келген тауарды жергілікті кәсіпкерлер көптеп өндіріп, сол арқылы сырттан келетін тауарларды ішкі нарықтан ығыстырмайынша, бағаны тұрақтандырудың мүмкін емес екені анық. Алайда жергілікті билік әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендетуге тырысып, осы бағытта жұмыс істеп жатқанына біршама уақыт болды. Бірақ баға ырыққа көнбей, қымбатшылық халықты қысып бара жатқаны түсініксіз. Мәселен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «Өңірлік әлеуметтік тұрақтандыру қоры» арқылы халық күнделікті тұтынатын тауар түрлері облыс, аудан орталықтарындағы әлеуметтік дүкендерде және ірі сауда орталықтарында арзандатылған бағамен саудаланып жатқаны белгілі.

Соған қарамастан, кейбір тауар құны шекті бағадан 15 пайызға дейін жоғарылап кеткен. Ал бағаны төмендету үшін не істемек керек? Осы мәселе талқыға салынған жиында жыл басынан бері өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының 13-інің бағасы шарықтап тұрғаны айтылды. Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, аталған тауарлардың ішінде қарақұмық жармасының бағасы 6,9 пайызға, өсімдік майы 8,6, қырыққабат 9, картоп 8,2, жұмыртқа 10,1 пайызға өсіп, шекті бағамен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Ал бидай ұны 1,9 пайызға, макарон өнімдері 1, сиыр еті 1, тауық еті 1,1, сары май 1,4, пияз 2,7, сәбіз 4,4 және қант 4,6 пайызға өскенімен, аталған тауарлар шекті бағадан 5 пайызға төмен көрінеді.
– Өңірімізде пияз қомақты көлемде өндірілгенімен, бағасы жыл басынан бері 62 пайызға жоғарылаған. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің 5 наурызда ұсынған мәліметтеріне сәйкес, өткен айдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жалпы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 12 түрі қымбаттаған, – деген Берік Болатұлы бағаны ауыздықтай алмай отырған кейбір аудандар мен Тараз қаласы әкімдігінің тиісті мамандарынан жауап алды.
Өңірдегі негізгі азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов баяндама жасады. Басқарма басшысы бағаның көтерілуіне себеп болған негізгі жайттарға кеңінен тоқталды. Айтуынша, Алматы қаласы және басқа да өңірлердегі құс тұмауының салдары өндірістің төмендеуіне әсер еткен. Облыс минималды сұраныстың 25 пайызын аталған өңірлер арқылы шешіп отырғанын, ал ол жақтағы өнім өндірушілер бағаны жем, дәрі бағасымен байланыстырып отырғанын олап өтті. Әйтсе де басқарма басшысы алдағы мамыр айында жағдайдың реттелетінінен үмітті.
Өсімдік майының қымбаттауына өткен жылдың тамызынан бастап шикізаттың бағасы 110 теңгеден 235 теңгеге көтерілуі әсер етіпті. Бұл Алматы және Шығыс Қазақстан облысынан келетін өнімнің бағасына әсер еткен. Жедел ақпарат бойынша «Шедевр», «Маслозавод» өнімдері орташа есеппен 620 теңгеден жеткізіліп жатса, бөлшек сауда орындарында бұл 650 теңгеден саудалануда. Күнбағыс майының бағасын өсірмеу шаралары әлеуметтік дүкендер мен негізгі 6 сауда желілері арқылы жүргізіліп, баға айырмасына байланысты қордағы 420 теңгенің майына тұрғындар тарапынан сұраныс артқан. Жыл басынан бері өсімдік майының 42 тоннасы өткеріліп, қазір қорда екі аптаға ғана жететін 9 тонна өсімдік майы қалған екен.
– Тұрақтандыру қорын қалыптастыру жоспарына ұсыныстар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 12 ақпанда жолданғанымен, әзірге жауап ала алмай отырмыз. Бұл мекеме қоры жеткілікті картопты, қантты, сәбізді, пиязды, нанды жеткізу көлемін арттыру, ал қоры жеткіліксіз жұмыртқа, күнбағыс майын, қарақұмықты және тағы басқа тауарларды қосымша сатып алу жөнінде берілген тапсырмаға сай жұмыс істемей отыр, – деді Қайрат Тілеубайұлы.
Сондай-ақ аудандарға қажетті өнімді айналым схемасы бойынша босатылатын өнім есебінен тікелей өткеру жөнінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырма берілгенімен, бұған сай не әрекет етіп отырғаны жөнінде нақты мәлімет берілмегенін сөз еткен басқарма басшысы облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтан корпорацияның орындаушылық тәртібін қатаң бақылауға алу қажеттігін сұрады. Мекемеге бүгінгі күнге дейін басқарма тарапынан 11 хат жолданғанымен, бірде-біреуіне жауап берілмепті. Ағымдағы жылы тұрақтандыру қорындағы 632 миллион теңге қаражаттың басым бөлігі айналым схемасы бойынша 14 субъектіге беріліпті. Бірақ кәсіпкерлер белгілеген сауда орындарындағы бағаны тұрақтандыру, өткеру көлемін қамту шараларын сапасыз ұйымдастырған. Ал картопты сату жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Мәселен «Көкжиек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаңтар-ақпан аралығына белгіленген 25 миллион өнімнің тек 5,6 миллион теңгесін ғана қамтыған. Картоп өндірушілерге берілген 127 миллион теңге несиенің есебі мүлде жүргізілмеген. Бұл ретте тек «Байлық» және «Империя» жеке кәсіпкерлігі өздеріне бекітілген тауар көлемін толық өткергенін көрсетіпті. Осы айдың басында олар 56,4 миллион теңгенің өнімін өткеріп, жоспарды 73 пайызға артығымен орындаған.
– Ашыған айтқанда, әлеуметтік дүкеннен басқа сауда орындарына төмендетілген бағадан өткізілетін өнімдер қатары мониторинг барысында анықталған жоқ. Керісінше үлесі басым және несие алмаған «Лесняк» шаруа қожалығы сүт пен айранның бағасына оң әсер беруде. Сондай-ақ әр тоқсанға бекітілген өнімдерді өткізу көлемі расталмаған, себебі дәлелді есептілікті ұсыну жұмыстары корпорация тарапынан ұйымдастырылмаған. Яғни сатылған тауардың орнын, көлемін, бағасын растауды жинақтамаған. Бюджет есебінен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау жұмыстарын күшейту, шарт талаптарын орындамаған кәсіпкерлік субъектілерінің әрекетін заңға сәйкес тексеру қажет, өз міндеттемелерін орындамаған субъектілерге айыппұл салып, қаржыны қайтаруды талап ету қажет деп санаймын, – деді Қ.Аманов.
Өз кезегінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Заңғар Кемелев жиында айтылған сын-ескертпелерге жауап беріп, қор есебінде картоптың жеткілікті екенін жеткізді. Сондай-ақ ол өз сөзінде бұзылып, жеуге жарамсыз боп қалмас үшін картопты серіктестіктердің қоймасынан шетінен алдырып, таратып отырғанын, сауда орындарына тауар жеткізуде жалғыз көлік барлық дүкенді бірден қамти алмай жатқанын сөз етті.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Жандос Азимов жұмыртқа, өсімдік майының бағасын түсіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Айтуынша, өңірде жұмыртқа өндіретін «Аса-Даму» серіктестігі бағаны көтеруде заңсыздыққа жол беріп, бұл бойынша тиісті шара қолданылыпты.
– Өсімдік майын өңірге жеткізумен айналысатын алматылық екі ірі компанияның бірі өнімді 8,8 пайызға, бірі 14 пайызға өсіргені белгілі болды. Қазір ол компаниялардың әрекетін зерделеу үшін Алматы облысындағы әріптестерімізге хат жолдадық. Олар зерделеу нәтижесін жақын арада беретін болады. Осы тектес жұмыртқаны да бізге кең көлемде Ақмола облысынан екі жеке кәсіпкер жеткізіп отыр. Олардың бағаны негізсіз көтергенін, көтермегенін сол өңірдегі әріптестер анықтау үстінде. Сол секілді қанттың бағасын өсірген «Тараз» қант зауытының әрекетіне де талдау жүргізіліп жатыр, – деді Жандос Қуатбекұлы.
Жиын соңында Б.Нығмашев Қ.Амановқа өсімдік майына рұқсат етілген шекті мәнді бекіту жұмыстарын жеделдету, Заңғар Кемеловке қоры жеткілікті негізгі тауар көлемін арттыруды және тұрақтандыру қорымен жасасқан шарт талаптарын бұзған жеткізушілерге қатысты сотқа дейінгі өндіру шараларын мерзімінде қабылдауды тапсырды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.