Баға тұрақты бақылауда болады

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы супермаркеттердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тексерді. Атап айтқанда, ол «Дәмді себет», «Firkan» және «MART Magnat» сынды сауда орындарында болды.

Өңір басшысы тұтынушы­лармен кездесіп, азық-түліктің жеткілікті деңгейде қамтылу барысына, ұсынылып отырған тауарлардың түрлеріне, оның ішінде жергілікті өндірістің үлесіне айрықша көңіл бөлді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына аталған мәселенің бақылауда болуын, азық-түлік тауарларының базарларға үздіксіз жеткізіліп отыруын назарда ұстауды тапсырды.
Өз кезегінде сауда орындарының әкімшіліктері бүгінгі қоймаларда азық-түлік жеткілікті екендігін айтып кезектің байқалмайтынын атап өтті. Мониторинг тобының мәліметтеріне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақты, дегенмен қант пен картоп бағасының шамалы қымбаттағаны анықталған.
Сондай-ақ, облыс әкімі тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарлары сақталатын «Атығаева» жеке кәсіпкерлігінің қоймаларында болды.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиевтің айтуынша, тұрақтандыру қорында 2 974 тонна бірінші сұрыпты ұн, 63 тонна күріш, 54 тонна қарақұмық, 18 тонна өсімдік майы, 537 тонна картоп, 563 тонна пияз, 193 тонна сәбіз, 2 644 тонна қант сақтаулы. Аталған қордың өнімдері 11 сауда нүктесімен 8 әлеуметтік павильонда төмендетілген бағамен сатылады.
Алайда, аймақ басшысы Нүркен Шәрбиевтің баяндамасына қанағаттанбай, шынайы жағдайдың басқаша екендігіне, кейбір әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасының өсуіне қатысты фактілердің бар екендігін алға тартты. Бердібек Сапарбаев басқарма төрағасына тұрақтандыру қорының азық-түлігі сатылатын барлық әлеуметтік дүкендердің жұмысына өзі барып, бақылау жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар бұл күні облыс әкімі қаланың бірнеше дәріханасына бас сұқты. Дәріха­на­ларда дезинфекциялау құралдары мен медициналық маскалар бар, алайда олардың құны негізсіз жоғарылағаны белгілі болып отыр. Өңір басшысы облыс аумағында медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорын жұмыс істейтінін, оның қуаттылығы өңірді медициналық маскаларымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жететінін атап өтті. Осы орайда облыс басшылығы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша қатаң шаралар қабылданатынын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.