Бағаға бас ауыртып отырған ешкім жоқ

0 12

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кеңес отырысында баға негізсіз көтерілмеуі керектігін кесіп айтып, жауаптыларға ауа райындай құбылған азық-түлік бағасын бақылауда ұстауды нақты тапсырды.

«Халық үшін ең маңызды мәселенің бірі– ол азық-түліктің бағасы. Осы мәселенің оң шешілуі үшін бағаны тұрақтандыру қорын құрып, халыққа қолжетімді әлеуметтік дүкендер ашу бойынша тиісті басқармаларға тапсырма берілген болатын. Картоп, сәбіз, жұмыртқа өзімізден шыға тұра, бағасы шарықтап отыр. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?» деген өңір басшысының салмақты сауалынан кейін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды алға тартып, баяндама жасады. Айтуынша, қазір Таразда 16 әлеуметтік дүкен жұмысын бастап, «Арай» алқабында тағы бір осындай дүкеннің құрылысы қолға алынған. Аудандарда бас-аяғы 13 әлеуметтік дүкен ел игілігіне жұмыс істесе, Сарысу, Жамбыл, Меркі аудандарында екі дүкен тұрғындарға қолжетімді бағада саудасын дөңгелетіп отыр екен. Басқарма басшысының айтуынша, аталмыш дүкендердегі әлеуметтік тауарларға халықтың сұранысы жоғары. Облыс орталығындағы әлеуметтік дүкендер желісі арқылы 22,7 миллион теңгенің 48,7 тонна өнімі өткеріліп, соңғы екі айда тауар айналымы 9,6 пайызды құрапты. Ал аудандардағы әлеуметтік дүкендер желісін жетілдіруге тұрақтандыру қорынан 50 миллион теңге қарастырылып, оның 15 миллионы Шу, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарына бөлінген. Сол секілді Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандары бойынша өтінімдер қаралу үстінде екен. Сарысу, Талас және Жуалы аудандарынан несиеге өтінім түспеген, Қордай ауданы несие алудан түбегейлі бас тартқан.
Жалпы осы әлеуметтік дүкендер арқылы тұрақтандыру қорындағы тауар айналымы 3,3 есеге артып, жыл басынан 2 068 тонна тауар өткерілген. Ал тұрақтандыру қорының жалпы резерві 510,6 миллион теңгені құрап отырған көрінеді. Десек те басқарма басшысының айтуынша, аталмыш қор толығымен қамти алмай отырған көкөніс пен ет өнімдерін маусымдық кезеңде тұрақтандыру үшін әлеуметтік негіздегі 4 тауар түріне несие қаражатын қарастыру қажеттілігі бар екен. «Қаржы бөлінген жағдайда біз аудандардан 4 374 тонна қыс-көктем мезгіліне көкөніс пен 15 тонна ет бағаларын белгілеу шарттарын жасаймыз. Жалпы екі бағыттағы тұрақтандыру тетіктерін дамыту үшін тұрақтандыру қорына қосымша 843 миллион теңге қаражат қажет болуда. Оның
599 миллионы тұрақтандыру қорына, 244 миллион теңгесі айналым сызбасына қажет», – деді басқарма басшысы. Сонымен қатар төмен бағада 42 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын да тілге тиек еткен Қайрат Тілеубайұлының баяндамасы облыс әкімінің көңілінен шықпады.
– Сіздің баяндамаңызда барлығы жақсы. Ал шынында, жағдай олай емес. Әрине, баға бағамы республикалық көрсеткіштен төмен. Бірақ еліміздің бірқатар өңірімен салыстырғанда біздің кейбір әлеуметтік тауарлардың бағасы едәуір қымбат. Осыған басқарма тарапынан талдау жасалды ма? Баға бағамын саралайсыздар ма? Сіз айтқандай, қай жерде сұйық май 560 теңгеден сатылып жатыр? Маған берілген мәлімет бойынша сұйық майдың литрі бір жерде 859, енді бір жерде 903 теңгеге шарықтап кеткен. Одан кейін біздің өңір Павлодардан сұйық май, Қызылордадан күріш, Түркістан облысынан көкөніс алу жөнінде келісімшарт жасаған еді. Сол келісімдер орындалып жатыр ма? Бізде әлеуметтік маңызды тауарлардың шекті бағасы бар. Сол бойынша картоптың келісі 98 теңгеден жоғары болмауы тиіс. Қазір бір келі картоп 220 теңге, сәбіздің келісі 320 теңге, пияздың келісі 130 теңге, жұмыртқаның он данасы 370-400 теңге болғаны қалай? Сәбіз үш есеге өсіп кеткен. Осы өнімнің барлығы өзімізден шығып жатыр емес пе? Пияздың құны бізде осындай болса, сонау Маңғыстау жақта қалай болғаны? Ал сіздер әлі 800 миллион теңге сұрап отырсыздар. Сонда әлеуметтік дүкендерге берілген қаржы неге толығымен игерілмейді? Айналымдағы ақша қайда? Халыққа тауарды тегін таратып беріп жатқан жоқсыңдар ғой? Кейбір дүкен иелері бағаны өздері белгілеп қойған. Олай болса, неге біз оларға қаражат беруіміз керек? Біз басында осыған қаржы бөлдік емес пе? Енді қайтадан сол көлемде қаражат қарастырудың себебін кім түсіндіреді? Өз араларыңызда күнде жиын өткізгеннен не пайда, егер оның қарапайым есебі жүргізілмесе, нәтижесі болмаса? Кейбір әлеуметтік дүкендерде құмшекер жоқ. Аудан әкімдері «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтінім бермеген. Бұл аталған корпорация мен аудан әкімдері арасында байланыстың жоқтығының нәтижесі. Баға бақылаудың жоқтығынан негізсіз өсіп отыр. Олай болатын болса, қорды неге құрамыз, әлеуметтік дүкендерді неге аштық, – деген Бердібек Машбекұлы басқарма тарапынан бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстың жүйесіздігін сын тезіне алды.
Бұл сұрақтарға ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сұлтанқұлова да, аталған министрлікке қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Бек Момбаев та, Тұрақтандыру қорының өкілдері де қанағаттанарлық жауап қайыра алмады. Жиынға онлайн байланыс арқылы қатысып отырған Талас, Сарысу, Меркі аудандарының әкімдері мәселенің оң шешіміне орайластырылған жұмыстарды баяндады.
Жиын барысында сырттан келетін дәрі-дәрмектің қымбаттағаны, осы ретте аталмыш дәрілердің арзан бағадағы аналогын пайдалану мәселесі де сөз болды. Сонымен қатар тарифтердің ішінде суық су да сұрауын сұрағандай, шарықтай бастапты. Жарық пен көгілдір отын, жанар-жағармай, азық-түлікке жатпайтын кір сабын, тіс пастасы секілді
7 тауар бағасы да аспандап кеткен. Құрылыс материалдарының құны да жалынан сипатпай отыр. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы жұмыртқаның қымбаттауы жемнің бағасына байланысты өсіп отырғанын жеткізді. Бұл ретте облыс басшысы судың, газдың және арматурадан басқа кірпіш пен цементтің негізсіз қымбаттағанын баса айтып, аталған барлық жағдайды жіті зерделеуді міндеттеді.
– Бағаны бақылаушы органдар бейжай отыр. Салдарынан кейбір тауарлардың құны негізсіз өсуде. Баға неге әр жерде әртүрлі? Тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу басты назарда болғаны дұрыс. Қазір барлық жерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оларға қажетті материалдардың көпшілігі өзімізден шығады. Осы мәселелерді зерделеп, бағаны тұрақтандыру қажет. Қазына қаржысын сұрай беруді емес, бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды ойлаған жөн, – деп жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауаптыларға ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша мобильді топ құрып, бағаны бақылауды тапсырды.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.