"Шабыт"

«Бағаңды жүрмін сезініп, Күн-Анам менің, Ай-Анам»

Written by Aray2005

Дүниеде ананың баласына деген махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Мұны менің тұрғыластарым – батыста қандықасап соғыс жүріп жатқан жылдарда өмірге келген, әкесі майдан даласынан оралмаған ұрпақ өкілдері жақсы білері сөзсіз. Біздің жастай жесір қалған аналарымыздың тартқан тауқыметі өте көп болды. Сонда да жат жерде жан тапсырған жарының артында қалған тұяғын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіру, қатарынан қалдырмау үшін қандай қиындықты да көтере білді.

Тағдыр теперішін осылай көргендердің бірі болған менің анам – Айтбала Бақбергенқызы әкемді майданға шығарып салуға Шу стансасына бірге барғанын жиі есіне алатын. Сол күні әскерге алынғандар арасында есейіп, ержетіп қалған бала-шағаларымен барғандар да болыпты. Әкем соларға қарап «Сендердің армандарың жоқ, балаларыңды сүйіп қоштасып жатырсыңдар. Ал менің әйелім екіқабат. Ұл не қыз екенін де білмеймін. Бәріміздің елге аман қайтуымызды Тәңірден тілеймін», деп айтқан екен. Алайда тағдыр әкеме еліне жеңіспен оралуды жазбады.
Жар қызығын көрмеген, жиырма екі жасында жесір қалған анамның бар жұбанышы жалғыз ұлы мен болдым. Екінші рет күйеуге шығуға мені қимады. Қолына қарап қалған, балалары соғыста хабарсыз кетіп, жастары келген шағында ауыр қайғыға душар болған атам Тілепберген мен әжем Жібектің де бар алданышы мен үміті мен едім. Атымды да ұлдарының аман ораларынан үміттеніп, Аманкелді қойған екен. Қашан көрсем де екеуі «Жалғызымызды жарылқай гөр!» деп, Алла Тағалаға сыйынумен болатын.
Мені алты айлығымда анам емшектен шығарып, әжем Жібектің бауырына салыпты. Бертінде әжем «Сені кеудеме тақағанда тас емшегім жібіп, сүт шығып кеткен», деп айтып отыратын. Ес біле бастаған шағымда «Кімнен тудың?» деп сұрағандарға да әжемнің атын айтатынмын. Бірақ алақандай шағын ауылда жасырын ешнәрсе болмайды. Кейбір дөрекі сөйлейтіндері «Кемпір адам бала тумайды, сенің шешең Айтбала» деп бетіме айтып салатын. Балдырған жаста болсам да, іштей сезетінмін. Анам және мені қандай да бір құпия жіп жалғап тұрғандай көрінетін. Бірақ сұрауға батылым жетпейтін. Өйткені әжем мені қатты қызғанатын. Осыны бала көңіліммен түйсініп, анама көп жақындай бермейтінмін. Ол да өз кезегінде еш сыр бермейтін. Анам менің атымды атамайтын. Шал мен кемпірдің баласы деп маған «Шапай» деп ат қойған. Атам мен әжемнің көзінше қасыма жақындап, еркелетіп көрген емес. Бұлай еткен себебі, көңілдері онсыз да қаяу қайын атасы мен енесін сыйлағандықтан екенін кейін ұқтым. Әрі ертеден қара кешке дейін жұмыста болатын. Қашан зейнеткерлікке шыққанша ұжымшардың қара жұмысының бәрін істеді. Егін салды, шөп шапты, тоған қазды.
Әсіресе ауылдағы үлкен тоғанның арнасын тазалау кезінде ерекше қайрат танытатын. Осы жұмыс үстінде өз көзіммен көргенім әлі есімде. Ол кезде экскаватор деген жоқ. Колхозшы әйелдердің бірі тоғанның дәл түбінде, екіншісі орта тұсында, үшіншісі ернеуіне жақын, төртіншісі жағасында тұрып, зілдей ауыр шым топырақты кетпенмен бір-бірінің алдына лақтыратын. Білекке де, жүрекке де күш түсіретін өте ауыр жұмыс еді. Содан да болар, ауылдағы әр үй кезегін сақтап, тоған тазалаушыларға түскі тамақ алып баратын. Соларға ілесіп барып жүргенде көрген анамның азапты еңбегі бала көңіліме аяныш туғызатын. Қайғы-шерінен арылу үшін аянбай қимылдайтынын, еңбектен жүрек жарасына ем табатынын кейін ұқтым.
Әдетте, бір үйдің жалғызы ерке, шолжаң болып өседі ғой. Менің бағыма орай, атам да, әжем де, туған анам да болашағымды әріден ойлап, дұрыс тәрбие беруге көп көңіл бөлді. Шектен тыс еркелеткен жоқ. Ұрыспай, жекімей ненің дұрыс немесе теріс екендігін, жақсы мен жаманды айыруды ұғындыра білді. Еңбекке баулыды. Күшім жеткен үй шаруасын тындырсам, мақтау естіп көңілім өсіп қалатын. Мектептен жақсы баға алып келсем, анамның жүзі ерекше жадырап, мұны байқап отырған атам мен әжем де мені айналып-толғанып бір жасап қалатын. Бұл жай мені оқуға ерекше ынталандырды. Анамның маған «Осылай жақсы оқысаң білімді азамат болып өсесің, әкеңнің атын шығарасың» деген сөздері де қамшылады. Сірә, анам менің мектептегі әкелері бар құрдастарыма қызыға, қызғанышпен қарайтынымды, іштен тынатынымды жан жүрегімен сезетін болуы керек. Киімім олардан еш кем болмауын қатты қадағалады. Соғыстан соңғы жылдары ауыл дүкенінде киім-кешек деген сатылымда мүлде болмайтын. Керегімді атам базарға мал шығарып, қаладан тауып әкелетін.
Алла сәтін салып, орта мектепті де ойдағыдай тәмамдадым. Ауылға қажет мамандық алмақ, инженер болмақ талаппен сол кезгі астана – Алматыдағы ауыл шаруашылық институтына оқуға алып-ұшып жетіп, емтихандардан сүрінбей жақсы бағалармен тапсырғаныма қарамай, конкурстық іріктеуден өтпей қалдым. Амал жоқ, келесі жылы бақ сынап көрмекке бел буып, құжаттарымды алуға келсем, Қордайдағы кеңшар-техникум өкілінің жолыға кеткені. Емтиханды жақсы тапсырғандардың тізімі қолында болса керек, бірден үгіттеуге көшті. Сондағы келтірген дәлелдері мені ойға қалдырды. Техникум институттағыдай мамандық береді, жақсы оқысаң жоғары оқу орнына жол ашық. Бұл мақсатқа біртабан болса да жақындау емес пе? Келістім.
Техникум қабырғасындағы екі жыл тез өте шықты. Бір жылдай қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданында бақылаушы механик, кейін шеберхана меңгерушісі болып істедім. Анам Айтбала да, менің еңбектегі алғашқы қадамдарыма риза болған үлкендер де келісіп қойғандай бірауыздан «Болашағың бар жассың, техникуммен тоқталып қалма, институтқа түс, жоғары білім ал» десті. Жастайымнан анамның тілін алып, екі етпейтінмін. Екі жоғары оқу орнын бітірдім. Бірі – бір кез арман болған Алматы ауыл шаруашылық институтының инженерлік факультеті. Екіншісі Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми зерттеу институтының аспирантурасы. Бұл 1997 жыл еді. Атамның, әжемнің, анамның маған артқан үміттері ақталды. Үлкен өмір жолынан өттім. Басқару органдарында, ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқардым. Екі іргелі ауданның әкімі болдым. Ақсақалдық жасқа үлкен абыроймен жеткенім, әрине, ақ сүтін беріп өсірген, дұрыс тәрбие берген анамның арқасы. Қызметке араласқан кезімнен бастап-ақ соғыста хабарсыз кеткен туған әкем мен оның бауырларының дерегін тынбай іздеу салумен болдым. Мәскеуде оқыған кезімде Подольск қаласындағы Ресейдің бас әскери мұрағатына да бірнеше рет сұрау салдым. «Хабар-ошарсыз кетті» деген жауап алумен болдым. Анамның үмітін үзгім келмеді. Әлдебір түйсікпен бір хабары шығарына сендім. Сонымен, көптеген ізденістің нәтижесінде Панфилов дивизиясының қатардағы жауынгері Карентай Тілепбергеновтің 1943 жылы Новгород облысының Холм қаласына таяу Новички аталатын деревнясының түбіндегі кескілескен ұрыста қаза тапқанын білдік. Әкеміздің дерегін білгеніміз 2014 жылдың қараша айы болатын. Басына бару қамына кірістік. Бұл кез анам Айтбала науқастанып жатқан. Хабарсыз кеткен жарының хабарын анам жетпіс бір жылдан кейін, 95 жасқа келгенінде естіді. Бұған дейін де оның жанын жадыратып, қуаныш сыйлаған, соны көрген сәтте өзімнің де мерейім тасыған оқиғалар аз болған жоқ.
Жоғары оқу орнының үшінші курсында оқып жүргенде Күлзипамен таныстым, көңіліміз жарасып, көп ұзамай отау құрдық. Елге, аймаққа қадірлі кісілермен құда болған, келін түсірген анам сонда бір қуанған еді-ау. Немерелері Ермек, Гүлжан, Әлия, Болат туғанда да қатты қуанды. Шөберелері Еркежан, Жазира, Ерсұлтан, Дінмұхамедтерді көзі көрді. Солардың ортасында отырғанда «Алла тілегімді берді, жалғызымның өсіп, өнгенін көрдім» дейтін.
Өмір тек қуаныштан тұрмайды. Болмысы бөлек, ерекше жаратылған кенже ұлым Болат Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кардифф университетінде магистратурада оқып жүргенінде, қысқы каникулда бірге оқитын сүйген қызы ақтөбелік Айнұр Сүлейменованы бізбен таныстырмаққа елге келе жатқанында Каспий теңізінің үстінде екеуі де ұшақ апатынан қаза тапты. Қайғының уын жұтқан сол күндерде «Менің жолым еді ғой, Жаратқан ием-ау, мені неге алмадың!» деген анамның зарын естіп, жүрегіміз қан жылады…
Бұған дейін-ақ жасында көрген ауыр қайғы, көп жылғы азапты еңбек текке кетпей, жасы ұлғайғанда анамның денсаулығы сыр бере бастаған еді. Әсіресе өті көп мазалады. Кеңес заманында жолдамалар сатылмайтын, бөлінетін. Жолдама таба қалсам анамды Сарыағашқа жіберіп алатынмын. 1981 жылы облыстық партия комитетінде қызметте жүргенде сәті түсіп, жолдамаға қолым жетіп, анамды Кавказдағы әйгілі Ессентуки шипажайына апардым. Суын ішіп, ем қабылдағанына он күндей уақыт болғанда өтінің ескі ауруы ұстап, түнде қатты науқастанып, ертеңіне Ессентуки қалалық ауруханасына түсті. Науқасы меңдеген анам маған «Сәл дұрысталсам, ауылға жеткіз » деумен болды. Ол кезде «Жамбыл-Минводы» бағытында ұшақ тұрақты ұшатын. Оған билет табу қиынға түскен жоқ. Таразға ұшып келген соң анамды бірден облыстық ауруханаға әкелдім. Облысқа жақсы белгілі, қолы жеңіл атақты хирург, марқұм А.С.Овсянниковтің өзі ота жасап, анамның өтін алды. Содан құлантаза жазылып кеткен еді.
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деседі. Жетпіс жасқа толған тойымда осы сөз көп айтылды. Әттең, сол тойыма анам қатыса алмады. Өйткені қатты сырқаттанып, төсек тартып жатыр еді. Бірақ тойға қатысушыларға арнаған бірауыз тілегін бейнекамераға түсіріп алып көрсеттік. Той өткеннен кейін көп ұзамай дүниеден озды. Өмірінің соңғы сәттерінде қайсар анам жалғыз ұлы менің қолымды ұстап, қайта-қайта сүйді, бірнәрсе айтқысы келгендей болды ма, білмедім. Ақ сүтін берген анаңмен қоштасу қандай ауыр, іштей егіліп, қайғыны ер жігіт болып көтеруге тура келген еді. Өзі туған топыраққа, ата-бабаларының мәңгілік мекені болған қорымға арулап жерледік. Содан беріде бес жыл өте шығыпты. Анам көзден кетсе де, көңілімнен кеткен жоқ. Жиі еске алып отырамын. Анаға деген сағыныш салқындамасы өзіме аян. Әттең, Жаратқан Иеміз тағы бір бес жыл ғұмыр бергенде ортамызда ғасырға толған жасын тойлап отырар едік-ау деп ойлаймын.

Аманкелді Карентаев,
экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

ПІКІР