Облыстық әкімдікте

Бағдарлама нәтижесін халық көруі қажет

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес және облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың 2020 жылдың 18 наурызындағы №60-ө бұйрығының негізінде өңірде облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдерінен тұратын сарапшылар кеңесі құрылып, жоспары бекітілген болатын. Кеше облыс әкімдігінде аталған кеңестің алғашқы отырысы өтіп, онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақтағы жүзеге асырылу барысы қаралды. Карантинге байланысты кейінге шегеріліп келген отырысты облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев ашып, жүргізіп отырды.

Жиында әуелі облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова өткен жылы және осы жылдың алғашқы тоқсанында бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар жайында баяндады. Оның айтуынша, 2019 жылы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша облыста барлығы 1 миллион 27 мыңнан астам адамды қамтыған 3026 шара өткен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық үздік жобалар қатарына жамбылдық 2 жоба еніпті.
– Бағдарламаның 13 арнайы жобасы бар. Ал, соларды жүзеге асыруға келсек Жамбыл облысы тек 2 жоба бойынша жоғары деңгейді көрсетті. Сондай-ақ, 2 жоба бойынша ең төменгі орыннан көрінді. Жоғарыда аталған екі бағытта көш басында болуымызға – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының үлесі зор. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғылыми жинақтар мен еңбектер шығару үрдісі де жақсы жолға қойылған. 3 жыл ішінде ТарМУ-да 20 ғылыми еңбек, 5 ғылыми жинақ, ТИГУ-да – 20, ТарМПУ-да – 17, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында 10-ға жуық кітап, ғылыми жинақтар мен еңбектер шығарылған,
2019 жылдың осындай көрсеткішінен соң бағдарламаның жүзеге асуына сараптама жасалды. Нәтижесінде, «Рухани жаңғырудың» эмблемасын қойып кез келген, тіпті, спорттық немесе басқа бағыттағы іс-шараларды көрсеткен жағдайлар көптеп анықталды. Осылайша, халық арасында Елбасы бағдарламасының қадірі қашқаны жасырын емес. Сондықтан, облыстық офис тарапынан олқылықтардың орнын толтырып, саннан сапаға көшу мәселесі қолға алынды. Облыстың республикадағы көрсеткіші аудандар, басқармалар мен ЖОО-ның жұмыс нәтижесіне тікелей байланысты екені анық. Сондықтан, барлық әріптестеріміздің жұмысына облыстық офис тарапынан жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп, нақты қай жобада, қандай кемшіліктер бар екендігі сарапталып, тоқсан сайын рейтинг жасалуда, – деген Зарина Пердыбекқызы бірқатар мәселелерге де тоқталып өтті. Мәселен, жыл басында жобалық офистерге жасалған зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Қордай, Мойынқұм, Жуалы аудандарының жобалық офистері төмен деңгейде жабдықталғаны белгілі болған. Ал, Меркі, Байзақ аудандарында жобалық кеңсе мектепте орналасқан. Сондай-ақ, бағдарламаға қаржы қарастыру бойынша ең көлемді қаражат Жуалы ауданында 9 миллион 770 мың теңге бөлінсе, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында қаржы мүлдем қарастырылмаған. Бұдан бөлек, аудандық офис мамандарының сапалық құрамына қатысты да түйткілдер табылған. Баяндама барысында З. Қуатова «Туған жер» арнайы жобасының аяқ алысы әлі де болса көңілге қоныңқырамайтынын жеткізді.
Келесі кезекте 2020 жылдың алғашқы 3 айындағы жұмыстар жайын баяндаған Зарина Қуатова елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері 650-ден астам онлайн іс-шара өткенін айтты. Сонымен қатар, Тараз қаласында бірқатар нысандар ашылып, ТарМПУ түлектері білім беру мекемелерінің оқыту процесіне арнайы «7 QYR» атты мобильді қосымша ойлап тапқан. Жалпы І тоқсанның нәтижесіне сәйкес республикалық көрсеткіште Жамбыл облысы 9 арнайы жоба бойынша жоғары, 4 арнайы жоба бойынша орта көрсеткішке ие болып, республикада алдыңғы қатардан көрінген.
Бұдан бөлек, облыстық жобалық офис мектеп оқушыларын ересек өмірге дайындаумен айналысатын «PROGRESS» интеллектуалды клубы, «Рухани керуен» жобасында облыс аудандары өнерпаздары, қолөнершілері мен ұлттық спорт өкілдерінің «Аудан күндері» және «Абсент» атқа міну өнерін дамыту жобаларын ұсынған екен.
Баяндамасы барысында мекеме басшысы облыстық офисте штат санының жеткіліксіз болуына байланысты қызметкерлердің функционалдық міндетінен тыс жұмыстарды қатар атқаруға мәжбүр болып отырғанын айтты. Бұл өз кезегінде жұмыс тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соғып отыр екен. Сондай-ақ, жалақының төмендігі де білікті, тәжірибелі кадрлардың тұрақтамауына себеп болып отырған көрінеді.
Баяндамашыны мұқият тыңдап шыққан Е.Жылқыбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының атын оған қатысы жоқ шараларға желеу қылуды тоқтату қажеттігін еске салды. Сонымен қатар, жұмыстар есеп үшін емес, пайдасын ел көретіндей етіп жасалуы керектігін ескертті. Бұл мақсатта жұмысты дұрыс ұйымдастыра білудің маңызы зорын айтты. Жаңашыл жобалар жасап, ауылдарды көркейтуге меценаттарды көптеп тарту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Облысымыздан шыққан танымал азаматтар, кәсіпкерлер жетерлік. «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында сол азаматтармен байланыс орнатып, туған ауылына қол ұшын созуына ықпал ету керек. Сонан кейін, демеушілер тек мешіт салмай, елге қажетті әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуін де қадағалау керек. Сондай-ақ, ауылға инфрақұрылым тартып берсе, жерлестерінің алғысын алары сөзсіз. Жалпы айтқанда, бағдарламаның нәтижесін халық көруі керек. Бұл ретте аталған жұмыстарды ұйымдастыра білу облыстық жобалық офистің міндетінде. Барлық істерге сіздер бастамашы болып, алғашқы ынтаны танытуларыңыз маңызды. Атқарылған жұмыс жиналыс кезінде емес, күнделікті өмірде көрінуі қажет. Бұл ретте, әлеуметтік салаларға жауапты басқармалардың басшылары да сылбырлық танытып отырғанын айта кету керек. Әсіресе, жоғары оқу орындарымен байланысты бекіту назарда болсын. Істелген жұмыс көлемді, алайда кемшіліктер де жоқ емес, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Келесі кезекте облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов аталмыш бағдарлама аясында салада атқарылған істер жайында баяндама жасады. Сондай-ақ, бірқатар аудандардағы жұмыстар жайлы аудан әкімдерінің орынбасарларынан жауап алынып, жұмысты жүйелеу тапсырылды.
Өз сөзінде Ержан Жұматұлы ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған шаралардың көптеп өткізілуі керектігін айтты.
– Қала балаларына қарағанда ауыл балаларының бірқатар игіліктерге қолы жетпей жататыны жасырын емес. Сондықтан, бағдарлама аясындағы жобаларға соларды көптеп тарту қажет. Сондай-ақ, Тараз қаласының аумағына қосылған ауылдардағы балалардың да қалалық замандастарынан кейін қалмауын қадағалау керек, – деген облыс әкімінің орынбасары халық санасын жаңғыртуға бағытталған бағдарлама аясында күнделікті жиындар мен бір реттік шаралардан бөлек, ауқымды істерді қолға алуды тапсырды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында нысандар салу ісіне жіті көңіл бөлуді ескертіп, кеңес жұмысын жаңа жүйеге көшіру мәселесінің назарға алынатынын жеткізді.
Жиын соңында сарапшы кеңес мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, ой бөлісті. Өз кезегінде Е.Жылқыбаев ұсынылған жобалардың аяқсыз қалмайтынын айтып, белсенділік көрсеткендерге алғысын білдірді.

Мұратхан ӘЛІМХАН

ПІКІР