Қоғам

Бағдарламалардың шапағаты мол

Written by Aray2005

Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмдерін бекіту туралы облыс әкімінің өкіміне сәйкес аудан әкімі Қанатбек Мәдібек осы аптаның дүйсенбісі күні Игілік ауылдық округі ауылдық клуб үйінде ауыл шаруашылығы саласының мәселелері бойынша шаруа қожалық басшыларымен және жеке кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл тұрғындары және шаруа қожалық төрағалары қатысты. Басқосуды аудан әкімі ашып, жүргізіп отырды.

Аудан басшысы бүгінгі кездесуде ауыл экономикасын көтеру және кәсіпкерлікті дамыту барысында ауыл тұрғындары мал басынан, бақшадан алынатын өнімдерін облыс орталығына алып бармай-ақ, осы ауылдың өзіне өткізудің ауыл тұрғындары үшін тиімді жолдарын айтып өтті. Ол үшін әр түрлі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында беріліп жатқан мемлекеттік көмектерді пайдалана отырып, сүт сақтайтын мұздатқышты алып, оны тиімді пайдаланса, оның пайдалы жақтары орасан екендігін жеткізді. Қазіргі таңда Жаңатас қаласында тұратын жеке кәсіпкер сүт қабылдайтын цех ашу үшін құрылыс жұмыстарын бастағанын, Игілік, Арыс-танды ауылдарынан жиналған сүтті өзіміздің қаламызда орналасқан сүт қабылдайтын орталыққа өткізу дұрыс шешім екендігін түсіндірді. Елімізде қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал басын көбейту, ет экспортын арттыру бойынша аналық және асыл тұқымды бұқаларды сатып ала отырып, сүтті сиырлардың сапасын арттыру үшін несиелер алу керектігін де ескертті.

Сондай-ақ, осындай кәсіптің бір түрі ет қабылдау цехын Досбол, Тоғызкент ауылдық округтерінен ашсақ және Ақтоғай ауылының табиғатына байланысты жеміс-жидек сақтау, ал, Түркістан ауылдық округінен шөп қабылдайтын цех ашылса, ел игілігі үшін өте пайдалы екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық төрағаларына аукционға қойылып жатқан жерлерден жер алып, кәсіптерін ашамын деген азаматтарға көмек қолын созатындығын да айта кетті.

Басқосу барысында Игілік ауылдық округінің әкімі Айбол Бердібаев округ бойынша мәлімет беріп өтті. Ауыл әкімінің баяндамасында Игілік ауылдық округі бойынша 130 шаруа қожалық, 1 өндірістік, 1 ауыл шаруашылығы кооперативтері бар екендігі, көктемгі егістікке дайындық дала жұмыстары жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауылдық округ бойынша егістік жерлер толығымен игеріліп, бүгінгі күнде шаруа-лар егістіктеріне қызыл су алып, округ бойынша 800 гектар мақсары, 200 гектар күздік бидай, 200 гектар арпа, 167 гектар жаңа жоңышқа егілгендігін, жалпы ауылдық округке қарасты егінмен айналысатын шаруа қожалықтар жерлерін дайындап, 500 гектар жүгері егу жоспарланып отырғандығын айтып өтті.

Мұнан соң, сөз кезегін алған «Саудакент Кредиттік серіктестігі» ЖШС-нің Басқарма Төрағасы Шерхан Қыдырбаев өз сөзінде «Саудакент Кредиттік серіктестігі» ЖШС-нің негізгі қызметі өз қатысушыларын, яғни ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді несиелендіру болып табылатындығын айта келіп, бағдарламалармен қысқаша таныстырып өтті.

Басқарма Төрағасының мәлімдеуі бойынша «Кең дала» бағдарламасы көктемгі дала және астық жинау жұмыстары үшін несиелендіру. Несие қысқа мерзімді 1 жылға дейін 7 пайызбен айналым қаражатын (жанар-жағар май, тұқым, минералды тыңайтқыштар сатып алу) толықтыруға беріледі.

Ал, «Агротехника» бағдарламасы жаңадан ауыл шаруашылық техникаларын және тіркемелерін алуға несиелендіреді. Несие 14 пайызбен 7 жылға беріледі. Сондай-ақ, импортты мүйізді ірі қара (МІҚ) сатып алуға «Сыбаға» бағдарламасы. Несие 14 пайызбен (10 пайызы бюджеттен субсидияланады) 15 жылға шетелден 8 айдан 26 айға дейінгі МІҚ сатып алуға беріледі. Несие алуға қойылатын негізгі талаптар: несие шаруа қожалықтарына беріледі. Қарыз алушының несие тарихының оң болуы, МІҚ өсіруге инфрақұрылымның (шаруа қожалығының жайылымдық жері, қорасы) болуы қажет екендігін айтты.

Жиында сөз кезегін алған аудан әкімдігі жер қатынастар бөлімінің басшысы Ерболат Ұзақбеков ауданда жыл бойы 3 рет аукцион өткізілгендігін, Игілік ауылдық округінен бірде-бір жер кәсіпкерлік мақсатта ұсынылмағандығын, алдағы уақытта жерге ұсыныс берсе деген ойын жеткізді. Ал, Жамбыл облысы Кәсіпкерлік палатасы Сарысу аудандық филиалының директоры Шыңғыс Абдрахманов белгілі бір кәсіпті игерсем деген азаматтарға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы да септігін тигізіп жатқандығын, осы бағдарлама аясында халыққа көрсетілетін қызмет түрлері уақыт өткен сайын көбейіп, әр азаматтың өз жеке кәсіпкерлігін дамытуға жағдай жасалғандығын түсіндірді. Сонымен қатар, ел еңсесін көтеруге септігін тигізіп отырған бағдарлама арқылы өз ісін бастауға ниеттеніп отырған адамдар көмек ала алатындығын айтты.

Басқосу барысында ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оған аудан әкімдігінің бөлім басшылары нақты жауаптар қайтарды.

Камели СҮЛЕЙМЕНОВА,

Сарысу ауданы

ПІКІР