Облыстық әкімдікте

Бағдарламаның «бағы» неге ашылмай тұр?

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы талқыланған жиын өтті. Онда аталмыш бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, кездесіп отырған түйткілдер сараланды.

2018 жылдан бастап облыс бойынша бағдарлама аясында сатылымға 390 пәтер қойылған болатын. Оның 288-гі Тараз қаласындағы № 15 ықшамауданына, 102-сі «Арай» ықшамауданына тиесілі.
Бүгінгі таңға дейін «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейлі банктерге түскен 210 өтініштің 103-і қолдау тапса, 86 азамат баспаналы болып үлгерген. Олармен барлығы 681 миллион теңге несие рәсімделген. Ал 87 өтініш қанағаттандырылмаған. Оған басты себептердің бірі – өтініш берушілерінің табыс көзінің төмендігі болып отыр екен.
Осы ретте айта кету керек, несие алған 86 азаматтың 34-і ғана бюджет есебінен салынған тұрғын үйлерден пәтер алған. Демек, бағдарлама аясында сатылымға қойылған коммуналдық меншіктегі 356 пәтер әлі күнге бос тұр. Бұл орайда бағдарламаның өз деңгейінде жүзеге асуына Тараз қаласындағы ақпараттық орталық жұмысының сылбырлығы мен қала әкімдігінің үйлестіру жұмыстарының әлсіздігі қолбайлау болып отыр.
Асқар Исабекұлы бағдарламаның орындалуы бойынша облыстағы жұмыстардың республика көлеміндегі көрсеткіштермен салыстырғанда ойдағыдай еместігін тілге тиек етіп, оған жол беріп отырған жауапты тұлғаларды сынға алды. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы да көңіл көншітпейді. Атап айтсақ, банктер бағдарлама шарттарына сәйкес деп таныған 649 бюджеттік қызметкер арасынан пәтер алушыларды анықтау, тұрғын үй кезегіндегі бағдарламаға қатысуға ниетті 2 782 адамның тізімін нақтылау жұмыстары өз деңгейінде ұйымдастырылмаған.
Өңір басшысы ақпараттық орталықтың жұмысын жүйелеуді қатаң ескертіп, бұл бағытта банктер де тиісінше атсалысу керектігін баса айтты. Алдағы уақытта бұл орайда банк өкілдері мен жауапты мамандардың қатысуымен арнайы жұмысшы топ құрылып, барлық аудандар мен Тараз қаласында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Жиын қорытындысы бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеліп, тапсырманы орындауға 10 күн уақыт берілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР