Sport

Бағымызға біткен Бекзат

Written by Aray2005

Ұлттық құрама үздік үштікте

Ресей мемлекетінің Екатеринбург қаласында бокстан өткен әлем чемпионаты отандастары­мыз үшін сәтті де, сәтсіз аяқталды. Сәтті дейтініміз, әйтеуір, әлем біріншілігінен алтын медальсіз қайтқан жоқпыз, ал сәтсіз тұсы, бас-аяғы алты жүлдемен тек ІІІ орыннан көріне алдық.

Жиырмасыншы рет жалауы желбіреп тұрған байрақты бәсекеде Бекзат Нұрдәулетов дара шығып, абыройымызды асқақтатты. Ал Қамшыбек Қоңқабаев күміс медальді місе тұтса, Сәкен Бибосынов (52 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) және Василий Левит (91 келі) қоланы қоржынға салды.
Жалпы тарихқа шегініс жасасақ, отандастарымыз әлем чемпионатынан 2013 жылы ғана ең көп жүлде алған екен. Алматы төрінде өткен додада боксшыларымыз 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңді. Одан кейін екі жыл бұрын Германияда түндігін түрген бәсекеде алты жүлде иеленіп, мерейіміз үстем болды. Алайда бұл сында да бір ғана Қайрат Ералиев алтыннан алқа тақты.
Рас, биыл да алты жампозымыз жартылай финалға дейін жетіп, жүлделі орындар үшін жан салды. Бір қырынан қарасақ, 8 салмақ бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынған аламаннан алты боксшымыздың жүлделі болуы жаман көрсеткіш емес. Бірақ бұрындары тек кубалықтар ғана бәсеке бола алатын даңқты дәуреніміз қайда кетті деген ой келеді.
Алғашқы айналымдарда 63 келіде Зәкір Сафиуллин бірінші болып сүрінді. Оны кубалық Энди Крус жарыс жолынан шығарып тастады.
Ширек финалда 57 келіде Қайрат Ералиев жеңіліс тауып, бәрімізді таңғалдырды. Ол өзбекстандық Мирәзизбек Мырзахалиловқа жол беріп қойды. Жұдырықтасу барысында қабағы жарылған Қайрат әлем чемпионатын ерте аяқтауына тура келді.
Боксшыларымыздың жартылай финалдық жекпе-жектері де сәтсіз басталды. Күндізгі бөлімде шаршы алаңға көтерілген үш боксшымыз да жеңіліс тапты. Алайда бастапқы бәсекелердің бірінде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері колумбиялық Юберхен Мартинесті алып ұрған жас боксшымыз Сәкен Бибосыновқа артар еш өкпеміз жоқ. Күні кеше ғана ұлттық құрама сапына қосылған оның болашағы алда екеніне сенімдіміз.
Жартылай финалға дейін қарсыластарын қоғаша жапырып келген Тұрсынбай Құлахмет те оңбай сүрінді. Алғашқы раундта Филиппин боксшысы Эумир Марпсияльден ауыр соққы жебіріп алған отандасымыз есе қайтаруға тырысқанымен, қола жүлдені қанағат тұтуына тура келді.
91 келі салмақтағы айқаста театрланған қойылымның куәсі болдық. Отандасымыз Василий Левит қарсыласынан анағұрлым басым болса да, төрешілер финалда Левитті ресейлік Мүсілім Гаджимұратовпен жолықтырмау үшін эквадорлық Хулио Кастильоның қолын көтерді. Әділетсіздік. Мұндай жағдайда шағым түсіруге әбден болатын еді. Осы әлем чемпионатының алдында ресейлік бапкерлер аса ауыр салмақтағы боксшысы Максим Бабаниннің жеңілмегені туралы шағым түсіріп, соңында төрешілер өз қателігін мойындап, жеңіс ресейліктердің еншісінде кеткен болатын. Алайда біздің бапкерлер әділетсіздікті көре тұра, жұмған ауыздарын ашпады.
Кешкі бағдарламада 22 жасар отандасымыз Абылайхан Жүсіпов Ресей құрамасының капитаны әйгілі Андрей Замковоймен қолғап түйістірді. Абылайхан жақсы бокстасты. Нокаут та, нокдаун да көрген жоқ. Бірақ Ресей боксшыларына қарсы мұндай тең бокстасу жеңіс әкелмейтіні анық. Жүсіпов төрешілер шешімімен жеңіліс тапты.
81 келіде күш сынасқан Бекзат Нұрдәулетов жарады. Жартылай финалда оның жолы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хулио Сесар ла Круспен түйісті. Кезінде дәл осы боксшы еліміздің мақтанышы Әділбек Ниязымбетовті сан мәрте жарыс жолынан ығыстырған болатын. Бұл жолы жерлесі Әділбектің есесін Бекзат еселеп қайтарып, Кубаның қабыланын бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабады. Бір мәрте нокдаунға да түсірді. Хулио қазақтың батыр ұлынан мұндайды күтпесе керек, жекпе-жек аяқталғанға дейін есін жия алмай, есеңгіреп жүрді. Осылайша Кубаның даңқты боксшысы тұғырынан тайды.
Финалда қос боксшымыз да Өзбекстан өкілдерімен күш сынасты. Бекзат Нұрдәулетов 20 жастағы Дилшодбек Рузметовты еш қиналмай ұтты. Тактикалық шеберлігінің арқасында Бекзат қарсыласына еш мүмкіндік бермей, нәтижесінде әлем чемпионы атанды.
Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев Азияның екі дүркін чемпионы Баходир Жалоловпен жұдырықтасты. Қос алып осыған дейін төрт мәрте кездесіп, ұпайлары теңесіп тұрған болатын. Алайда Ресей шаршы алаңында өзбек боксшысының бағы жанып, Қамшыбек күміс жүлдені қанағат тұтты.
Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль алған Өзбекстан мемлекетінің боксшылары көш бастаса, 3 алтын, 1 қола медальмен Ресей мемлекеті ІІ орынға жайғасты. Үздік үштікті Қазақстан өрендері түйіндеді. Көңілге бір ғана жұбаныш болатыны, талай турнирлерде текетіресіп жүрген кубалықтар бізден кейін IV орыннан табылды.
Алда Токио Олимпиадасы келе жатқанын ескерсек, бұл әлем чемпионатынан қандайда бір байлам шығару қиын. Әрине, бір жерде бап, бір тұста бақ шапты. Десе де біздің жігіттерге әлі де болса дайындықты шыңдау керек сияқты. Себебі күні кеше көлеңкемізде жүрген өзбектердің бүгін көш бастап тұруы ойландырмай қоймайды. Бұл әлем чемпионатынан бапкерлер де сабақ шығарады деген үміттеміз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР