"Шамшырақ"

Бақ бағалағанның ғана басында тұрады

Written by Aray2005

Құдайға шүкір, біз– бабаларымыз ғасырлап армандаған, жақсылыққа жеткен, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Сол туған жерді сақтап қалу үшін бабаларымыз қанын төкті, жанын қиды. Қазақтың басынан өткен қилы күндерін еске алсаң, шынында жаның түршігеді. Бірақ олар сонда да діттеген арманына жете алмады. Біз жеттік. Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен жеттік. Сондықтан біз қазір қандай заманда өмір сүріп отырғанымызды бағалай білуіміз керек.

Мен бір күнделіктерімде «басқа елді қайдам, қазақты басқару қиын» деп жазғаным бар еді. Иә, қазақ шынында бауырмал, ақкөңіл халық. Бірақ кейде қыңыры бір жаққа, қырқы бір жаққа тартып, басы бірікпей, тоз-тоз болып кететін кездері де болған. Соның кесірінен біз талай талауға да түстік, талай қырғынға да ұшырадық. Біздің тарихымыз табанға тапталды. Ресейге бодан болған үш ғасыр, Кеңес өкіметінің құрамында өткен жетпіс жылда біз ұлттық болмысымыздан, тарихымыздан, жадымыздан, қасиетімізден айырыла жаздадық.
Құдайға шүкір, арып-ашып, жадап-жүдеп жүріп осы күнге де жеттік. Мұны біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Біз тәуелсіздік алдындағы алмағайып уақытта, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президенттің жанында болған, егемендіктің елең-алаңының бар азабына бірге төзген, Президенттің қиналған, күйзелген күндерінің куәсі болған адамдармыз. Оңай болған жоқ. Сонда да «біз тәуелсіздікті қансыз, соғыссыз алдық» деп шулаған ағайындар болды. Шындығын айтқанда, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Оның жолында мыңдаған жылдар қырғын соғыстар болды, талай қазақтың басы кетті. Мұны біз ескеруіміз керек. Осыншама ұлан-ғайыр даланы сақтап, бізге жеткізген біздің бабаларымыздың ерлігі шынында да ересен еді. Осы Ұлы далада тарихтан біз білетін үйсіндер, қаңлылар, ғұндар, сақтар, түріктер, қараханидтер, қарлұқтар, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы секілді өзге де көптеген мемлекеттер дәурен сүрген екен.
Иә, қазақ жерінде, осы ұлан-ғайыр далада небір хандар да болған, алтын сарайларда тұрған, алтын таққа отырған, алтыннан киінген, өздері түгілі, мінген аттарының әбзелдерін де алтындаған, әлемге әмірін жүргізген. Бізде неше түрлі даналар да болған, от ауызды, орақ тілді шешендер де болған, көсемдер де өткен дүниеден. Аты аңызға айналған батырлар да болған. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтай адам болған жоқ. Өйткені, олардың ешқайсысы өзінің туған халқын діттеген арманына жеткізе алмады. Хандардың ханы Абылай да жете алмады сол бақытқа.
Өмірінің соңында нашарлап жатқан Абылайдан Бұқар жырау: «Әй, Абылай! Атқа да міндің, таққа да міндің. Жақсыны да көрдің, жаманды да көрдің, енді қандай арманың бар?» деп сұраған екен. Сонда Абылай: «Көшіп-қонып жүрген елімді орнықтырып, тұтас бір ел етсем, қала салсам деп едім, арманым осы» деген екен. Міне, сол Абылайдың арманын да, аманатын да орындап отырған адам− Нұрсұлтан Назарбаев. Ол аты бар да, заты жоқ, әбден тозығы жеткен қазақ еліне қирандыдан тәуелсіз мемлекет орнатты. Оның экономикасын қалыптастырды, әлемге танытты. Қазақтың есіктегі басын төрге шығарды. Ең қиын кезде тәуекелге бел байлап, осы елді ел етемін, осы халықты халық етемін, арманына жеткіземін деп ел тізгінін қолына алған адам осы Нұрекең еді. Өзгенің бұған жүрегі дауаламады, батылдығы жетпеді. Осындай алмағайып, қиын-қыстау, қысылтаяң кезеңде соншалықты міндетті мойнына алған, соны абыроймен атқарып келе жатқан адам да − Нұрсұлтан Әбішұлы.
Құдайға шүкір, бүгінде ел орнықты, қазынаның қалтасы толды, алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылдық. Елбасы енді Ұлы дала халқының тарихын түгендей бастады. Соның айқын айғағы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақалалары. Тәубе деп айтайық, көптен бүкіл ел, қазақ армандаған, бүкіл түркі дүниесінің астанасы болып есептелетін Түркістан бүгінде облыс орталығына айналды. Енді оның бүкіл түркі дүниесінің рухани астанасы болатындығына ешқандай күмән жоқ.
Мақалада осы қасиетті Түркістанның түркі дүниесінде алатын орны, рөлі жайында өте жақсы айтылған. Шүкір, іздегеніміз табылды, айтқанымыз болып жатыр деген сөз осы. Түркістаннан таяқ тастам жерде түгел түркі ұрпақтарының бабасы Қорқыт ата жатыр. Енді түркі дүниесінің басшылары жыл сайын Наурызда бір рет келіп, Қорқыт атаның басына түнеп, Түркістанда бас қосып, тарасып тұрса, берекеміз артып, туыстығымыз бүгіннен де беки түсер еді.
Кешегі «Рухани жаңғыру», бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақалалар − ұлт келешегі алдына қойылып отырған үлкен меже. Ол бүгінде бізді осындай ойларға жетелейді. Түптеп келгенде, осы айтып отырған екі мақала берісі қазақтың, арысы күллі түріктің қайта өрлеуінің, қайта дәуірлеуінің, қайта жаңғыруының айқын мысалы десе де болады. Осы құдіреттің бәрі Елбасының Ұлытау етегінде, Әулиебұлақтың басында отырып, туған халқымен сырласқан терең тебіренісінен басталған еді. Содан бері ұлттық рухтың, тарихи сананың қозғалуына ерекше ден қойып, қоғамды қалғытпай қайта-қайта қозғау салып келеді. Енді біз Құдайға шүкір, біреуге жалтақтайтын, біреуге табынатын ел емеспіз. Президент айтқандай, «қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ».
Ендігі жерде осы ойды, осы шындықты жастардың санасына әбден сіңіру бізге үлкен міндет. Мақалада ел болып жұмылып, жүзеге асыратын терең ойлар, келелі кеңестер, жауапты тапсырмалар көп. Соның бірі деректану ілімі жөнінде де терең ойлар айтылған екен. Өкініштісі, бізде деректану ілімі дамымады. Бертінге дейін біз ата тарихымызды шежіре арқылы, аңыздар арқылы, анау айтты, мынау айттымен түгендеп келген елміз. Адамның тарихы туған күннен, мемлекеттің тарихы орнаған күннен басталады.
Мен Президент мәдениет орталығының директоры болып жүргенде Елбасының өзімен келісіп, тәуелсіз Қазақстанның шежіресін жазуға кіріскен едім. Сөйтіп, «Тәуелсіздік шежіресі», «Елбасы жолдады, елі қолдады», «Әлем Қазақстан туралы», «Әлем Президент туралы» деген сериялармен 50 том шығардым. Әттең, не керек, Президент мәдениет орталығының директорлығы қызметінен кеткеннен кейін бұл мәселе аяқсыз қалды. Халықты ояту үшін, тарихты ояту керек.
Елбасы тарихи сананы жаңғырту үшін әлемнің архивтерін ақтарып, халқымыздың тарихына қатысты деректерді іздеп, оны ғылымға айналдыру үшін «Архив – 2025» деген жетіжылдық жоспар ұсынып отыр. Тарихын түгендеймін деген елдің ғалымдары енді осы жобаны ақылмен, ыждағатпен пайымдап, біліктілікпен жүзеге асырулары керек деп ойлаймын. Тарихты тұлғалар жасайды. Қазақ елін құраған, тарихты қалыптастырған ұлы тұлғаларды бүгінгі және келешек ұрпақ білулері керек. Елбасы осыған орай «Ұлы даланың ұлы есімдері» дейтін саябақ ашуды, «Ұлы дала тұлғалары» дейтін серия шығаруды міндеттеп отыр. Біз мақтан тұтатын, әлемге әйгілі ондай ұлы тұлғалар Құдайға шүкір, тарихымызда жетерлік. Солардың ішінен Тоныкөк, Қорқыт атаны, Бумын, Естемі, Елтеріс қағанды, Күлтегін, Алпамыс, Қобыланды батырларды, Майқы биді, әл-Фарабиді, Қожа Ахмет Ясауиді, бертінгі замандағы хандарымыз бен билерімізді, батырларымыз бен жырауларымызды атасақ та жеткілікті. Осы күнге дейін аты аңызға айналған Күлтегін секілді ұлы батырымыз туралы фильмнің жасалмағаны өкінішті-ақ.
Елбасы аталған мақаласында дала фольклоры мен музыкасының мыңжылдық антологиясын дайындауға пәрмен беріп отыр. Бұл туралы мақалада «Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері– ертегілері, аңыз-әпсаналары, қисса мен эпостары жинақталады» делінген. Біз Қазақ ұлттық өнер университетінің Қорқыт ата ғылыми-зерттеру институтында 25 томдық «Қазақ өнерінің антологиясын» дайындап жатырмыз. Оның алғашқы 9 томын жарыққа шығардық. «Қобыз қонады, домбыра дариды, ән жүректен туады, перзент тілектен туады, күй көңілден туады, бәрі де өмірден туады» деген бір қанатты сөзім бар еді.
Кейінгі кезде өкініштісі, қобыздың да, домбыраның да басынан бақ тайып, жер бауырлап қалып еді. Құдайға шүкір, Елбасының бұйрығымен домбыра күні белгіленіп, домбыра ұлттық мерекеге айналды. Мен «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында «Мен қазақпын» дейтін мегажобаны жүзеге асырып келе жатырмын. Оның негізгі мақсаты – дәстүрлі өнерді дәріптеу, халыққа жеткізу, ел ішіндегі шын өнерпаз, жас таланттарды тауып, оларды дәріптеу. Жер-жерде, ел-елде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қызу талқыланып, қолдау табуда. Бұл − шын мәнінде заман, дәуір туғызған тамаша шығарма әрі терең еңбек.
Ендігі міндет – мақалада белгіленген шараларды ойдағыдай жүзеге асыру. Аллаға шүкір, бас-аяғы ширек ғасырдың ішінде Қазақстан дәуірлеген елдердің қатарына қосылды. Қазақтың іздегені табылды, еңсесі көтерілді, арманына жетті, басына бақ қонды. Бақ бағалағанның ғана басында тұрады. Жақсы мен жаманды саралай білсек, басымызға қонған бақты бағалай білсек болғаны.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
профессор, мемлекет
және қоғам қайраткері

ПІКІР