Sport

Бақ сынайтын «барыстар» белгілі

Written by Aray2005

Биыл Дәулетхан Жақыповқа артылар сенім мол

«Олимпик» спорт кешенінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің облыстық іріктеуі өтіп, өңір намысын қорғайтын оғландардың есімі белгілі болды. Биыл Жамбыл спортының жалауын білікті балуан Айбол Айтбек пен қазақ күресінің «қаршығасы» Дәулетхан Жақыпов желбіретіп шығады.

Жалпы, іріктеу жарысы үш кезең бойынша өткізілген болатын. Бірінші кезең ауылдық жерлерде ұйымдастырылса, екінші айналым аудандар мен қалаларды қамтыды. Міне, осы сыннан сүрінбей өткен 20 балуан облыстық іріктеуде күш сынасуға мүмкіндік алды.
Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсіп, ең алдымен бозкілемге «Қазақстан Барысы – 2016» турнирінің қола жүлдегері Айбол Айтбек пен мойынқұмдық Сұлтан Зарықбай көтерілді. Айбол белдесудің басты фавориті саналғандықтан қарсыласын екі жамбас, үш бүк ұпайымен тізе бүктірді. Десе де жастар арасындағы ел чемпионы, 19 жасар Сұлтан келешегінен мол үміт күттіретін балуан ретінде өзін көрсете білді.
Келесі кезекте қос сарысулық Асылхан Оспанов пен Ертуған Төренов соқыр жеребенің таңдауымен бір-біріне қарсылас атанып, нәтижесінде Ертуғанның бағы жанды. Ал «Қазақ күресінің қаршығасына» баланып кеткен Дәулетхан Жақыпов шаршы алаңға шыққанда жанкүйерлердің қиқуынан құлақ тұнды. Міне, осы қолдаудан жігер алған Дәулетхан меркілік Жамбыл Тұрғыналиевті ә дегеннен бозкілемге алып ұрды.
Бұдан кейін Айбол Айтбек Шыңғысхан Жақыпты, Ғалымжан Қырықбай және Жасұлан Көрпебайды бірінен кейін бірін еденге етпетінен жатқызса, ширек финалда меркілік Жамбыл Тұрғыналиевті жеңу үшін 11 секунд жеткілікті болды. Дәулетхан Жақыпов болса, 20 секундта тағы бір меркілік балуан Ерасыл Әзімханның жауырынын жер иіскетті.
Жартылай финалда тартыс қыза түсті. Және әрбір белдесуден ысылған балуандар нағыз «жан алысып, жан беріскен» айқас көрсетті. Ең алдымен, Айбол Айтбек пен Ғалымжан Қырықбаевтың арасында төрт минут бойы текетірес болды. Ғалымжан – кейінгі жылдары ел біріншіліктерінде жасындай жарқылдап жүрген жас талант. Сондықтан Айболдан айласын асыру үшін барын салды. Десе де біліктілік пен шеберлік төрелік құрған белдесуде Айболдың асығы алшысынан түсіп, ақтық айналымның жолдамасын жеңіп алды. Келесі финалист ретінде үш қарсыласын да айқын басымдықпен жеңген Дәулетхан Жақыпов атанғандықтан, шешуші кезеңді көрермендер орнынан тұрып, қиқулап тамашалады. Жанкүйерлердің күткеніндей-ақ қос мықты негізгі уақытта бірін-бірі ала алмады. Алайда қоян-қолтық белдесуде Дәулетхан әдемі әдіс жасап, өңір «Барысы» атанды. Осылайша ол 2016 жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде Айболға кеткен есесін қайтарды. Қола жүлдеге таласта Жамбыл Тұрғыналиев Ғалымжан Қырықбайды ұтып, үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша таластық Дәулетхан Жақыпов пен тараздық Айбол Айтбек «Қазақстан Барысы – 2019» турнирінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Ал салмағы 140 келі тартатын 23 жастағы Жамбылдың болашағы әлі алда.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жақыт марапаттап, республикалық додада дара шабуларына тілектестік білдірді.
Жалпы, Айбол Айтбек «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтан кейін облыстың атынан қола жүлдеге қол жеткізген жалғыз балуан. Ал Дәулетхан Жақыпов республикалық турнирдің жартылай финалына екі мәрте шығып, көрермен көзайымы номинациясына ие болған. Және сол сәттен бастап көпшілік оны «Қазақ күресінің қаршығасы» атап кеткен. Негізі Дәулетхан отбасындағы ортаншы бала. Әкесі Қуаныш қазақ күресінің шебері. Інісі самбо күресінен Азия чемпионы, әлемдік доданың күміс жүлдегері. Сондықтан күрес өнері Дәулетханға қанмен берілген қасиет. Балуанның өзі өмірдегі ең бірінші ұстазы әкесі болғанын айтады.
– 2006 жылы Фархат ағайым дзюдо күресіне келуге шақырғанда, шын мәнінде, спорттан бейхабар болатынмын. Алайда бала кезімде әкемнің үйретуімен күрес тәсілдерін аз-маз меңгергенім бар. Бірақ дзюдо, әлде қазақ күресінің тәсілін нақты білмедік. Әйтеуір, ауыл балаларымен алысқанға құмар болатынбыз. Кейін келе шеберлікті шыңдай бастадық. Бапкерімнің үйретуі бойынша, әр күрестің өз тәсілін жетік меңгере бастадым. Тіпті екі жылда қазақ күресінен де жүлдегер атандым.
Ендігі бар ойым «Қазақстан Барысында» біл­ге­нім­нен жаңылмай, жақсы өнер көрсету, – дейді Дәулетхан.
Иә, қазақ және дзюдо күрестерін қатар меңгерген Дәулетханның алдында үлкен сын күтіп тұр. Себебі жылдың ең айтулы турниріне кіл мықтылардың қатысатыны айтпаса да белгілі. Олармен тең дәрежеде өнер көрсету оңай шаруа емес. Дегенмен қанша салмағы кіші болса да, жерлесіміздің небір мықтыларды кеудеден асыра лақтыру әдісімен тізерлеткенін ел жақсы біледі. Дәулетханның ең сүйікті әдісі де осы. Сондықтан қос балуанымыздың республикалық турнирде айы оңынан тусын деп тілейміз.
Алға, жамбылдық жампоздар!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР