Sport

Бахыттың бағындырған биігі

Бүгінде жамбылдық өрендер ел біріншіліктерінде ғана емес, әлемдік додаларда да атой салуда. Әсіресе, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алып жүрген спортшыларымыз байрақты бәсекелерде жасындай жарқылдап, ел, облыс мерейін үстем етуде. Міне, сондай сақа саңлағымыздың бірі Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Бахыт Акжигитов күні кеше қол күресінен әлем чемпионы атанды.

Жалпы толағайымыз бұған дейін ел біріншіліктерінде жеңімпаз атанып, Азия Кубогында да қоржынымызға жүлде салған болатын. Енді міне, төрткүл әлемде теңдессіз спортшы атанып отыр.
Түркия мемлекетінің Анталия қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатында Бахыт 60 келіде бақ сынап, 64 елден келген спортшыларға қазақтың «Күш атасын танымайтын» қайсарлығын көрсетті. Ақтық айналымға дейін қарсыластарын қоғаша жапырып келген жерлесіміз шешуші кезеңде де шашасына шаң жуытқан жоқ. Нәтижесінде кеудесінде алтын медальді жарқыратты.
Осы аптада жеңімпазды Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылары мен білімгерлері ыстық ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсетті. «Зерде» даму орталығында өткен шарада білім ордасының директоры Жанар Орынбаева Елбасы биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударғанын тілге тиек етіп, 2КИП-17-1 тобы­ның студенті Бахытты толайым табысымен құттықтады. Және колледж қабырғасынан осы таңға дейін талай талантты спортшылар түлеп ұшқанын мақтанышпен жеткізіп, жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырды.
Студенттер де толағайға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алды. Мұндай құрметке көңілі толқыған чемпион көпшілікке алғысын білдірді.
– Мемлекет тарапынан қазір спортшыларға жасалып жатқан қолдау аз емес. Өңірде де шынығамын, жаттығамын деген жастарға барлық жағдай бар. Тек спортқа деген махаббат керек.
Маған сеніп, қолдау білдірген барлық жанкүйерлеріме,оқу орнымдағы оқытушылар мен замандастарыма алғысымды білдіремін. Алла амандығын берсе, алдағы уақытта да көк байрағымызды тек жеңіс тұғырында желбіретуге күш саламын, – деді чемпион.
Иә, Бахыттай спортшылардың жеңіске деген жігері көпке үлгі екені даусыз. Колледж қабырғасынан осындай талантты жастардың шығып жатқаны қуантады. Сондықтан, біз Бахыттың болашағы әлі алда екеніне бек сенімдіміз.

Меруерт Ақбердиева,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінің оқытушысы

ПІКІР