"Кәсіпкерлік"

Бақуатты болам десеңіз…

Шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту ел экономикасын нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайтындығын дамыған елдердің тәжірибелері кеңінен көрсетіп отырғандығы белгілі. Сондықтан да, жаһандағы озық отыз елдің қатарына енуге қадам басқан Қазақстан да кәсіпкерлікті алға бастырудың соны соқпақтарына із салуда десек, артық айтқандық бола қоймас. Мұны шағын және орта бизнес нысандарының саны артып, экономикалық әлеуетіміздің жыл өткен сайын нығайып келе жатқаны аңғартады. Бұл бағытта жастарға мол сенім артылатыны да жасырын емес. Алғыр ойлы, істің тетігін таба білетін жастар елдің ертеңі екені сөзсіз.

Бүгінде кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан ұшан-теңіз қолдаудың нәтижесінде, облысымызда да жыл санап салаға бет бұрған жастардың қатары артып келеді. Олар әр түрлі бағыт бойынша өз істерін бастап, қал-қадірінше өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосуда.

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша 3 466 жас кәсіпкер тіркеліп, белсенді жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, жастарды кәсіпкерлікке тарту, олардың бастамаларын қолдау бағытында да басқарма тарапынан ауқымды шаралар атқарылып жатыр екен.

– Баршаңызға мәлім, елімізде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, игілігін көріп жатқан жандар аз емес. Бүгінгі таңда облысымызда да жұмыстың жоқтығын алға тартып қол қусырып отырмай, кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың үлессалмағы артып келе жатқаны қуантады. Бұл орайда басқарма мамандары да қолда бар мүмкіндіктің барлығын қарастырып, құзырлы мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатуда. Мәселен, жастардың бизнес бастамаларын несиелендіру бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалымен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде, аудандардан (әр ауданнан 5 адамнан) 50 жастың 6 пайызбен жеңілдетілген несие алуы жоспарланып отыр.

Одан бөлек, жастардың бизнес жобаларын ресімдеу, оларға бағыт-бағдар беру мақсатында кәсіпкерлер үйімен екіжақты меморандум жасалуда.
Ағымдағы жылы облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Тараз қаласы мен аудандардағы 700 жасты оқыту жоспарлануда. Өткен жылы 18-29 жас аралығындағы 263 жас білім алды, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы Фархат Абдралиев.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасымен бірлесе облыс жастарын кәсіпкерлікке баулу, бейімдеу, дамытуға қолайлы жағдайлар жасау және олардың бизнес бастамаларын қолдау жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілген екен. Алдағы уақытта аталмыш жоспар аясында да нәтижелі жұмыстар жүргізіледі деп күтілуде.
«Кедейлік кетсін, молшылық жетсін десең, еңбек қыл» дейді халық даналығы. Расында да, алдына нақты мақсат қойып, оған қол жеткізуге бар күш-жігерін жұмсап, еңбегінің жемісін көріп жүргендер аз емес. Мәселен, қордайлық Дәурен Райымқұлов мемлекеттік бағдарламалардың көмегі арқасында іс бастап, шаруасын дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлердің бірі. Ол бүгінде жекеменшік балабақша ашып, бүлдіршіндер тәрбиесіне көңіл бөлуде.

– Қазіргі кезде өз ісін бастағысы келетін жастар жетерлік. Дегенмен, олардың барлығы бірдей мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған жеңілдіктер мен қолдаулар жөнінде жете біле бермейді. Бұрын аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыстық филиалының өкілдерімен өткен кездесуге қатысқаным бар. Сол шара барысында кәсіпті қалай ашу керектігінен бастап, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер, жеңілдіктер турасында жан-жақты ақпарат берілді. Кейін достарымның ой тастауымен «неге балабақша ашпасқа» деген ой келді. Себебі, жыл сайын ауданның өзінде бірнеше балабақша іске қосылып жатқанымен, кезекте тұрғандардың қатары азаяр емес. Сол себепті де, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы миллиондаған несие алып, жұмысты бастап кеттік. Алғашында балабақшада бір топта барлығы 25 бүлдіршін болса, қазір жетпістен астам бала тәрбие алып жатыр. Сонымен қатар, 15-16 адамды тұрақты жұмыспен қамтудамыз, – дейді жас кәсіпкер.

Ал, Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Нұрдәулет Нұралиев егін, мал шаруашылығымен айналысып, бірнеше отбасын тұрақты жұмыспен қамтыған. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, жазғы маусымда егіншілікпен айналысса, қыста мал бордақылау арқылы нәсібін молайтып отыр.

– Соңғы жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге барынша жағдай жасап, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қабылдады. Бір ғана Т.Рысқұлов ауданының өзінде кәсіпкерлікпен айналысушы жастардың саны күрт арқан. Өзім де бірнеше жылдан бері тұрақты түрде егін және мал шаруашылығымен айналысып келемін. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, отбасылық бизнесті кеңейте түсудемін. Алдағы уақытта кәсіптің өзге де түрлерімен айналысуды жоспарлаудамын, – дейді Н.Қазақбайұлы.
Еңбексүйгіш әрі қарапайым қалпымен ортасына сыйлы кәсіпкер алдағы уақытта ел экономикасын еселеуге елеулі үлес қосады деген сенімдеміз.

Сол секілді, Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылындағы Дінмұхаммед Есеналиев есімді жас кәсіпкер бірнеше жыл бұрын өз ауылынан аяқ киім тігу шеберханасын ашқан екен. Қазірдің өзінде жас кәсіпкер екі ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтуда. Сондай-ақ, өндірістік тәжірибеден өтушілерді де іс барысында аяқ киім тігу шеберлігіне үйретуде. Ауыл тұрғындарының айтуынша, кәсіпкер өнімдерінің бағасы қолжетімді әрі сапалы. Жалпы, аяқ киімдердің бағасы мұнда 5 мың теңгеден басталып, 50 мың теңгеге дейін барады. Келешекте ол мем­лекеттік бағ­дар­ла­малар ар­қы­лы несие алып, шеберханасын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Осылайша, экономиканың дамуы үшін өзіндік үлесін қосуды мақсат еткен, қолында қыруар қаржысы болмаса да ең бастысы талабы таудай, арманы асқақ іскер жастармен пікірлесіп, сүйсінбеске амалымыз қалмады. «Талаптыға нұр жауар» демекші, экономиканың күретамырына айналған кәсіпкерліктің кілтін тауып, өз мақсат-мүдделерін жүзеге асыруға ұмтылған жалынды жастардан жұмыссыздықтың «қамытын» киіп жүрген замандастарымыз үлгі алса ғой, шіркін! Сонда болашағымыз бүгінгіден де баянды, келешегіміз кемел болары анық. Себебі, еліміздің ертеңі бүгінгі жастардың қолында.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР