«Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасы бойынша жиын өтті

0 10

Облыс әкімдігінде Мемлекет басшысының «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасы бойынша жиын өтті. Оған барлық басқарма басшысылары және селектрлік режимде аудан әкімдері қатысты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен басқосуда Астанадағы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде қабылданған жаңа құжат аясында өңірде атқарылатын іс-шаралар жоспары түзілді.


Асқар Исабекұлы жаңа бағдарламаның маңыздылығын атап өтіп, басты мақсат – халықтың тұрмыс деңгейін арттыру екендігін баса айтты. Өңір басшысы алдымен моно қалаларды дамыту, тұрғын үй құрылысы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ облыстағы көпбалалы отбасылардың дерекқорын қайта түгендеу керектігі айтылды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 44 мың көпбалалы және 14852 аз қамтамасыз етілген отбасы бар десек, өңір басшысы бұл цифрды қайта нақтылау керектігін ескертті. Бұған дейін Тараз қаласы бойынша 11 арнайы топ құрылып, қаладағы барлық 4620 отбасыны түгелдей аралап шыққан. Дәл осындай түгендеу жұмыстары аудандар мен ауылдар деңгейінде де мұқият атқарылу керек.
Аймақ басшысы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 70 пайызы ауылды жерлерде тұратының ескеріп, әлеуметтік жәрдемақыдан бөлек, оларды жұмыспен қамту шараларына барынша тарту қажеттілігін атап өтті. Елбасы тапсырмасына сәйкес ауылдарды дамыту, болашағы бар ауылдарды іріктеу бойынша да нақты жұмыстар қолға алынбақ. Ол үшін әр ауылдық округтен бір-бір ауыл шаруашылық кооперативтерін құрудың өзектілігі сөз болды. Бұл бағытта аз ақша бөлініп отқан жоқ. Тек аудан әкімдері тарапынан үйлестіру жұмыстарын ширату қажет.


Сондай-ақ, жиында Елбасы бағдарламасындағы тұрғындарды таза ауыз су, кең ауқымды газдандыру, сапалы денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жандандыру бағытындағы тапсырмаларды орындау шаралары да жан-жақты қаузалды. Айта кету керек, бұл бағыттардағы жұмыстарды жүйелеу облыста өткен жылдан-ақ қолға алынғаны белгілі. Нәтижесінде былтыр ауыз су бойынша 10 нысан пайдалануға берілді. Нақты талдаулардың арқасында ауыз су құбырына қосылмай отырған 149 мың тұрғын анықталып, оның 7 мыңы ауыз сумен қамтылды. Бұл орайда биыл 50 мың тұрғынды қамту жоспарлануда. Ал, газдандыруға келетін болсақ, былтыр құны 43 миллиард теңгені құрайтын 84 елді мекендерді газдандырудың жобалық сметалық құжаттары дайындалған. Ағымдағы жылы бұл елді мекендерге газ құбыры құрылысын жүргізу жұмыстары бастау алмақ. 3 жылға жоспарланған бұл жұмыстар іске асқан жағдайда облыстағы газдандыру көрсеткіші 48 пайыздан 70 пайызға артпақ. Сол секілді өткен жылы өңірде 39 медициналық нысан соғылып, пайдалануға берілді десек, алдағы бір жарым жылда қалған 60 елді мекен алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандармен толығымен қамтылмақ. Аудан және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс нәтижелігін артыру үшін арнайы жүйені бекіту ісі де қолға алынған.
Жиында Асқар Исабекұлы Елбасы бағдарламасындағы тапсырмаларды өңір деңгейінде жемісті жүзеге асыру үшін барлық бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігіне тоқталды. Ол үшін есеп-қисап шаралары атқарылып, іс-шаралар жобасы бекітілмек. Өңір басшысы биылғы барлық индикаторлық көрсеткіштерді орындау жолында осы бағытқа аса басымдық берілетінін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.