Бақылау бекетіндегі «батырлар»

0 0

Өзгені ойлап, өз өмірлерін қауіпке тігуде 

Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті Жамбыл жеріне де жетіп, сақтық шаралары күшейе түсті. Ауру өңірімізге шекара асып Қырғыз мемлекетінен келгенімен қазір аймақ төрт тұсынан бірдей қымталып, блок-посттарда бақылау жұмыстары басты назарға алынған. Сөз жоқ өткізу бекеттеріндегі мамандардың еңбегі ерен. Өз өмірін қауіпке тігіп, алдыңғы шептен табылу көзсіз ерлік. Осы орайда, Жуалы ауданындағы «Шақпақ ата» постына арнайы барып, мұндағы жұмысты көзбен көріп қайтқан едік.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің 583-шақырымында орналасқан «Шақпақ ата» өткізу бекетінде талап та, тәртіп те қатаң. Олай дейтініміз, облыстық полиция департаменті бізді бекетке кіргізбес бұрын арнайы киіммен қамтып, қажетті сақтық шараларының бәрін жасады. Тіпті біздің қозғалып тұруымыз да қырағы сақшылардың қатаң бақылауында болды. Сондай-ақ жолаушылар мен мамандармен тілдесуіміз де бекітілген талап шеңберінде жүргізілді.
Ең алдымен Жуалы аудандық полиция бөлімінің басшысы Дәурен Сапиев блок-посттың құрылған кезеңі мен қазіргі таңға дейін атқарылған жұмыспен таныстырды.
– «Шақпақ ата» өткізу бекеті 19 наурыз күні құрылып, бүгінгі таңға дейін өз жұмысын жүйелі атқаруда. Блок-поста 10 медицина маманы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің 2 қызметкері және құзырлы орган мамандары кезекшілікпен жұмыс жүргізуде. Мамандар 2 тепловизор және қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген. Блок-пост құрылғаннан бері Түркістан облысынан 5524 автокөлік өтсе, оның 1149-ы жүк және 3886-ы жеңіл көлік. Осы таңға дейін өзге өңірден келген 8258 жолаушы тексерістен өтті. Мамандар әр көліктің мемлекеттік нөмірін тіркеп, жүргізуші және жолаушылармен сауалнама жүргізуде. Дене температуралары тепловизордың көмегімен бақылануда. Осы таңға дейін коронавирус қауіпі бойынша факті тіркелген жоқ, – деген Дәурен Нұржанұлы есепті кезеңдегі жұмыстар бойынша ақпараттандырды.
Бұдан кейін мамандармен бірлесіп жолаушылардың дене қызуын тексеру және сауалнама алу барысына біз де атсалыстық. Аңғарғанымыз халықтың дені блок-постың жұмысына бой үйреткен. Тәртіп бойынша кезекке тұрып, мамандардың сауалдарына толыққанды жауап беруде. Мәселен Шымкенттен шығып, Тараз қаласына бетке алған Жандос есімді жүргізуші мұндай блок-постың болғанын құп көреді.
– Негізі мұндай өткізу бекеті қажет. Себебі өзіңнің денсаулығың үшін тексерістен өтіп, бақылауда болғаның артықтық етпейді. Еліміздегі төтенше жағдайды түсіне отырып, қолдан келгенше сақтанудамыз. Бетперде киіп, залалсыздандыру сұйықтығы көлігімізде жүр. Ортақ мүдделі іс болғаннан кейін барша жүргізушілер мен отандастарымды тәртіпті сақтап, өткізу бекетінде тұрған мамандардың жұмысына септесуге шақырамын, – дейді жүргізуші.
Ал Қанат есімді азамат Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны болғанымен күнделікті тірлігі бойынша блок-посттан ары-бері өтетіндігін айтады. Және әркез өткенде өзінің денсаулығы үшін қайталап тексерілетіндігін айтып, ол да бекетте тұрған мамандардың жұмысына кедергі келтірмей, түсіністікпен қарауға үндеді.
Десе де, біз блок-постта болған сәтімізде бетперде кимей немесе мамандардың сауалына жауап беруден жалтарған жүргізушілер де болды. Олармен тәртіп сақшылары жіті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, медицина мамандары бұл жолаушылардың өздері үшін маңызды екенін ұғындырды.
– Өздеріңіз байқап тұрғандай мамандарымыздың жұмысы ауыр. Таңғы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін бір топ тұрса, түнде екінші топ кезекшілікке шығады. Жуалы ауданы таулы өлке саналатындықтан мұндағы түнгі суықты айтып жеткізу мүмкін емес. Соған қарамай мамандарымыз көз ілмей, тәулік бойы жұмыстарын қырағы атқаруда. Тәртіп сақшылары көліктерді тоқтатып берсе, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тепловизормен тексереді, ал медицина мамандары анкета толтыруда. Онда бекеттен өткен жолаушылардың мекенжайы мен байланыс нөміріне дейін жазылады.
Негізі адамның дене қызуы 38-39 градус болса, бұл қауіпті саналады. Ол кезде бірден 103-ке хабарласып, науқасты да, онымен байланыста болған адамдарды да оқшаулаймыз. Жуалы ауданында шұғыл шақыртуға дайын тұрған жедел жәрдем көлігі бар. Олар инфекция жұқтыруы мүмкін адамды бірден облыс орталығындағы ауруханаға жеткізеді. Құдайға шүкір, әзірге бірде-бір ондай факті тіркелген жоқ, – дейді Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байтөлеев.
Жалпы қазіргі таңда облыс шеңберінде дәл осындай 5 блок-пост жұмыс жасауда. Олар Сарысу ауданында «Саудакент – Шолаққорған» тасжолының 30 шақырымындағы «Жайылма», Қордай ауданында «Алматы – Ташкент» тасжолының 158 шақырымындағы «Отар» және Мойынқұм ауданында «Шу – Бірлік – Бурылбайтал» тасжолының 160 шақырымындағы «Бірлік», Жуалы ауданында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 583 шақырымындағы «Шақпақ ата» бекеті және «Қошқар ата – Түркістан облысы» тас жолының 75 шақырымындағы «Шаян» бекеттері.
– Бақылау нәтижесіне сәйкес, 20-26 наурыз аралығында жол-санитарлық бекеттерден өткен 16066 автокөлік, оның ішінде 3778 жүк көлігі, 1141 жолаушылар және 11147 жеңіл автокөлік тексерілді. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында медициналық қызметкерлер 43 668 адамды тексеруден өткізді. Аталған жол-санитарлық бекеттерінде жұмыс істейтін қызметкерлер ыстық тамақпен, қызметтік көліктермен және жанар-жағармай материалдарымен, инфекцияға қарсы жабдықтармен (обаға қарсы киімдер, медициналық бетперделер, респираторлар) қамтамасыз етілген.
Аса қажеттілік болмаса, азаматтарға көлікпен қозғалысты шектеуге шақырамыз, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Ратаев.
Бұдан бөлек, өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған үш жағдайдың анықталуына байланысты жұқпалы аурудың таралуына жол бермеу мақсатында облыс бойынша жүргізушілерді, жолаушыларды және автокөліктерді тексеруді жүзеге асыратын 16 блок-бекет құрылып отыр. Осылайша полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейтілген тәртіпке көшкен. Бұл сөз жоқ, бұқараның қауіпсіздігі мен саулығы үшін жасалып отырған қадам.

Саятхан Сатылғанов,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.