"Алтын бесік"

Бақылау қатаң болса, қауіп жоқ

Written by Aray2005

Көктем келіп, жер беті жанданар шақта қыс бойы тіршілігі байқалмаған жәндіктерге де жан бітетіні бар. Әсіресе зиянкестердің егінге тигізер залалы көп. Көктемгі егіс ертеңгі ырыс екенін ескергендіктен де диқандар сақтық шараларына баса назар аударады.

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы биыл өңірімізде 203 808 мың гекктар алқапқа фитосанитариялық жұмыстар жүргізуде. Аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу шаралары 20-25 сәуір күндері басталған.
– Негізінде шегіртке секілді егін үшін қауіпті зиянкес­тер күн жылынған сәтте көбейеді. Биыл ауа райы салқын, жаңбырлы болғандықтан, әзірге ешқандай қауіп жоқ. Дегенмен алдын алу, фитосанитариялық жұмыстар жоспарға сай уақытылы жүргізіле береді. Биыл үйірлі шегірткелерге 184,518 мың, ақ егіс алқаптарының зиянды бақашық қандаласына 9 мың, тышқан тектес кеміргіштерге 0,34, картоп алқаптарының зиянкесі колорадо қоңызына 0,45, дәнді дақылдардың ауруларына қарсы 9,5 мың гектарға химиялық өңдеу шаралары жасалмақ. Облыста үйірлі шегірткемен күресуге республикалық бюджеттен 230,15 миллион теңге қаражат бөлінді, – дейді аумақтық инспекция басшысы Нұрби Жігітеков.
Бұл жұмыстарды жүргізуге 39 өңдеу техникалары жұмылдырылған. Әуе ұшақ тәсілімен химиялық өңдеу шараларын жүзеге асыруға жеңімпаз деп анықталған қызмет көрсетушінің мамандандырылған тобы көмек­теседі.
– Барлық жұмыстар жоспарға сай атқарылып жатыр. Облысымыздағы барлық алқап бақылауда. Инспекция тек зиянкестермен күрес жұмысын ғана жүргізумен шектелмей, тұқымның тазалығын да бақылайды. Күзде қамбаға түскен және көктемде жерге себілетін тұқымдарды арнайы зертханада тексеруден өткізіп, қандайда бір ақаулық анықталса, зияндылығын жою ескертіледі. Карантиндік нысандарды алдын ала анықтау жұмыстарын жүргіздік. Әзірге жатаған укекіре нысаны анықталды. Тазалауға ескерту берілді. Және алма жемісінде болатын калифорниялық қалқаншалы сымыр да кездесті. Оған қарсы химиялық өңдеу шарасын жасадық. Ал енді жылда айтылатын шегірткенің біздің өңірде марокколық, италияндық және азиаттық түрлері тіркелген. Бұл жәндіктер сәуір-мамыр айында пайда болады. 5-7 күнде 1 жас қосылып, 5 жасқа дейін ғана өмір сүреді. Оларды ары қарай өсіп, көбеймеуі үшін 1-2 жасында жою шараларын химиялық өңдеу тәсілімен жүргіземіз. 4-5 жасында қанаттанып, ұшады. Міне, осы кезеңге жеткізбеу керек. Болжамдау орталығы анықтап берген мәлімет бойынша залалсыздандыру жұмыстарын жасаймыз. Биылғы орындалған және енді жасалатын іске қарағанда, бұл жылы егін шаруашылығында ешқандай қауіп жоқ деп отырмыз, – дейді астық инспекциясы және өсімдіктерді қорғау бойынша мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Азамат Құрбанов.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, биылғы егін зиянкестерден барынша қорғалған. Тек шаруалар мамандардың ескертпесіне құлақ түріп, анықталған карантиндік нысандарға жүргізуі тиіс шараларды жүзеге асырса, егін бітік болмақ.
«Ас – адамның арқауы» дейміз. Мұндайда адам өмірі үшін азық-түлік қауіпсіздігінің рөлі ерекше екені белгілі. Аталмыш инспекцияның сырттан келетін жеміс-жидек пен көкөністерді тексергенде нені анықтағанын да білдік. Айта кетейік, облысымыз бойынша Қырғыз Республикасымен шекаралас аудандарда 4 жылжымалы фитосанитариялық бақылау бекеттері бар. Олар айырқалпақты ағайынмен шекаралас аймақтарда, яғни Жамбыл, Меркі, Қордай аудандарында орналасқан. Осы бақылау бекеттерімен өткен жылы барлығы
195 649,066 тонна және 387 854 дана көшет,
12 623 автокөлік тексерілген. Қырғыз Республикасынан келген карантинге жатқызылған өнімдер тиелген
311 автокөліктен 402 заңбұзушылық анықталыпты. Оның ішінде шығыстың жеміс жемірі, картоптың алтын түсті нематодасы, комсток сымыры, арам сояу тұқымы бар. Сонымен қоса, жалпы 54 карантиндік нысандар анықталған жүк көліктері де ел ішіне кіргізілмеген. Және 145 автокөлік фитосанитарлық сертификаты болмағандықтан, 186 көлік фитосанитарлық талаптар сақталмағандықтан, 17 темір тұлпарға тиелген өнімдер фитосанитарлық сертификат толық рәсімделмегендіктен кері қайтарылған.
Бұл туралы өсімдіктер карантині және фитосани­тариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің бас маманы Әсел Қадырбаева айтып берді.
– Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бері жылжымалы бақылау бекеттерінде 1 179 автокөлік, 23 546,51 тонна карантиндік өнім тексерілді. Қырғыз Республикасынан келіп тексерілген автокөліктерден 28 заңбұзушылық анықталып, 27 автокөлік экспорттаушы елге кері қайтарылды. Өсімдіктер карантині Ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі болып табылатынына байланысты және өткен жылы көрші қырғыз елінен келген карантиндік өнімнен карантиндік нысандардың анықталуы жиілегендіктен, картоп, құрма, алманың кіруіне уақытша шектеу қойылды. Осыған орай биылғы
9 сәуірде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің вице-министрі Гүлмира Исаеваның төрағалығымен жиналыс өткізілді. Оған біздің елдің жауапты мамандарымен қатар, Қырғызстанның өкілдері қатысты. Жиналыста Қырғыз Республикасының тарапынан орын алған заңбұзушылықтар жайлы айтылды. Бізде тек импорт ғана емес, экспорттық өнімдердің қауіпсіздігі де жіті қадағаланады, – дейді Ә.Қадырбаева.
Бас маманның пікірінен мемлекеттер арасында тасымалданатын тауарлар арнайы бақылаудан өткізілетінін ұқтық. Дейтұрғанмен халық кейде сапасыз тағамдарға кезігіп те жүр. Бәлкім, бұл өнімнің тұтынушыға жеткенге дейін бұзылуынан болуы да мүмкін. Құзырлы органдардан бөлек, әрбіріміз өз азығымызға сақтықпен қарасақ, аурудан алыс боларымыз анық. Яғни бақылау қатаң болса, қауіп жоқ.

ПІКІР