Sport

Бақытын боз кілемнен тапқан бапкер

Written by Aray2005

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтей балуанды тәрбиелеп, бала кезден бәсекелерде шыңдаған Ахмет Жұмағұловтың аты көпшілікке жақсы таныс. Күні кеше «Тараз-Арена» спорт кешенінде аталған даңқты бапкердің жүлдесіне арналған дзюдо спортынан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті.

Жарыстың ашылуына облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиев қатысып, балғын балуандарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Елдос алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұловтың ерен еңбегі жайлы естеліктерді еске түсірді.
– Ағам Жандос кішкентайынан татамиге жақын болды. Оның жаттығуға бара жатқанын көріп, сырттан қызығатынмын. Бір күні ағам мені өзімен бірге ілестіре кетті. Үлкен зал. Кимоно киіп, жаттығу жасап жүрген жас жеткіншектер. Ешкім рұқсат бермесе де жаттығып жатқан балалардың арасына кіріп, күресе кеттім. Осыны байқаған Ахмет ағай жаныма келіп, қолыма кимоно ұстатып, арқамнан қақты. Оны киген мен мәзбін. Жігітті арқадан қағудың өзі үлкен серпін ғой. Міне, дзюдоға деген қызығушылық мені түрлі деңгейлі жарыстарға жетелеп, шынықтыра түсті. Жалпы, спортқа келу үшін де махаббат керек. Жүрекпен жасаған дүние өзінің жемісін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі жарыста жас спортшыларға осыны жеткізгім келеді. Тек талмай еңбек ету ғана абырой әкелетінін естен шығармаңыздар, – деді Елдос Бақтыбайұлы.
Жарыс барысында жаттықтырушы Ахмет Жұмағұлға Қазақстан дзюдо федерациясының Алғыс хаты табыс етілді. Онда «Егеменді еліміздің бірлігі мен беріктігі жолындағы спорт саласының қарқынды дамып, кең қанат жаюына қосқан зор үлесіңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз» делінген.
Сонымен, балғын балуандар арасындағы белдесу
7 салмақ дәрежесінде өтіп, онда тараздық тарландар топ жарды. Атап айтсақ, Н.Исабай (46 келі), Е.Жұманәлі (55 келі), Ш.Қанатбек (60 келі), Д.Қайратұлы (66 келі), Д.Токонов (-73 келі), Ж.Жұмабай (-90 келі) және 90 келіден жоғары салмақта Д.Сапарбек алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ 50 келі салмақта өнер көрсеткен ақтөбелік Ж.Рахметқалы үздіктер қатарынан көрінсе, -81 келі салмақта Шымкент қаласының жас спортшысы К.Досымов жеңімпаз атанды.
Жарыс соңында барлық жеңімпаздар диплом және медальдармен марапатталды.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР