Бақытжанның донер дайындайтын дүңгіршегі

немесе кәсіпкерлікке алғашқы қадам

0 41

Елімізде кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, өз тірлігін жолға қойған азаматтар аз емес. Әсіресе кейінгі жылдары өз ісін ашып, кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың үлесі күн санап артып келеді. Солардың бірі – Бақытжан Бекболат. Жұлдызы биік Жуалыда фаст-фуд дайындайтын бірнеше орын ашылған болса, Бақытжанның да қолға алған кәсібі осы.

Бақытжан Мұхитұлы 2001 жылы Қайрат ауылында дүниеге келген. Аталған ауылдағы мектепті 9-сыныпқа дейін оқып, әрі қарай білімін Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде «Заңгер» мамандығы бойынша жалғастырады. Қазіргі таңда аудандық ішкі саясат бөлімінде келісімшартпен инспектор болып қызмет атқарып жүр.
– Мен колледжде оқып жүргенде туған ауылымнан өз кәсібімді ашуды армандайтынмын. Сол арманымды жүзеге асыру үшін өткен жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына құжаттарымды өткізіп, бір ай онлайн курсқа қатыстым. Осылайша тамыз айында
555 мың 600 теңге көлемінде мал бордақылау бағытында мемлекеттен қайтарымсыз қаржы негізінде қаражат алдым. Оған уақ мал сатып алып, бордақылап саттым. Тапқан пайдама «Чикен, донер, хот-дог» дайындайтын құрал-жабдық сатып алдым. Отбасымызбен ақылдаса келе, аудандық аурухана маңайындағы бос тұрған ғимаратты жалға алып, оған ағымды жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Сөйтіп, ол жерден фаст-фуд дайындайтын орын аштым. Қазіргі таңда бастаған ісім ойдағыдай жүріп жатыр. Алғашқыда өнімді өткеруде аздап қиыншылықтар туындаған еді. Кейіннен тұрақты тұтынушылар пайда болып, жұмысым жүйелене түсті. Жұртшылық тарапынан сұраныс та артты. Карантин уақытында тиісті мекемеден рұқсат алып, сақтық шараларын ұстана отырып, жұмысымызды жалғастырдық, – дейді жас кәсіпкер.
Фаст-фуд дайындайтын орынға барғанда Бақытжанның анасымен жолығып, ол кісімен де аз-кем әңгімелескен едік. Айтуынша, бұл кәсіппен айналысқандарына бір айдан енді асыпты. Осы уақыт ішінде кәсіпкерлік нысанның тұрақты тұтынушылары көбейген.
– Тұрғындар көбіне ұялы телефон арқылы тапсырыс береді. Тапсырыс берушілер мен келушілерге барынша үлгеруге тырысамыз. Себебі қай жерде жылдам әрі сапалы қызмет көрсетілсе, адамдар сол маңды төңіректейтіні анық. Тапсырыс көп түсіп жатса, тағамға екі-үш қорап, кейде бір қорап тауық еті жұмсалады. Оған қосатын қоспалар мен май және түрлі дәмдеуіштерді Тараз қаласынан алдырамыз.
Пиццаны өзім дайындаймын. Өзім кішкентайымнан аспаз болуды армандайтынмын. Бірақ мамандығым – мұғалім. Көпбалалы, «Күміс алқалы» анамын. Үлкенім Бақытжан, қалған балаларым мектеп жасында болса, тағы бірі Тараз қаласында жоғары оқу орнында оқиды. Талапты жастарға өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік беріп отырған мемлекетке айтар алғысым шексіз, – дейді Гүлнұр Болатбекқызы.
Бақытжан қазір кәсіп аясын кеңейтсем деген ниетте. Ол аудандағы ел аяғы үзілмейтін базардан тағы да бір фаст-фуд дайындайтын орын ашып, бос жүрген азаматтарды жұмыспен қамтысам деген жоспарымен бөлісті.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.