Бал арасын өсіріп те баюға болады

0 42

Бірақ жер мәселесі малшыларды ғана емес, омарташыларды да алаңдатып отыр

Бал арасын өсіріп те еңбектің көзін, байлықтың өзін табуға болады. Сондықтан да болса керек, бүгінде ара шаруашылығының айы оңынан туып, көкжиегі жыл санап кеңейіп келеді. Әрі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ара шаруашылығын дамыту туралы тапсырмасы саланың бойына қан жүгірте бастады.

Дегенмен бал арасын өсіру, мал бағу емес. Мал бағуды немесе егін салуды кез келген қазақ біледі. Үйретудің қажеті жоқ. Білмегенінің өзі тез арада меңгеріп алып кетеріне шүбәміз жоқ. Ал ара шаруашылығы атакәсібіміз болмағаннан кейін екінің бірінің омарташылықпен айналысуға жүрегі дауалай бермейтіні анық. Себебі тек омарташылықты ғана емес, кез келген кәсіпті табыс көзіне айналдыру үшін ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп, білімің мен біліктілігіңді арттыру керек. Сондықтан да бал арасын өсіру – бақуатты бизнеске айналып тұрған шақта ара шаруашылығымен 20 жылдан бері айналысып келе жатқан қордайлық омарташы Жанат Көрпебаевпен тілдесіп, кәсібінің қыр-сырымен танысып, тәжірибесін өзгелермен бөліскенді жөн көрдік.
Омарташы алғашында әуесқой ретінде бірнеше ұядан бастаған. Тәжірибесі болмаса да білек сыбана іске кірісіп, табандылығының, еңбекқорлығының арқасында қиындықтардың барлығын еңсере білген. Саққұлақ би айтпақшы, ақылды – басшысы, талапты – жетекшісі, ойды – шолушысы, кәсіпті – жолдасы, сабырды – қорғаны ете жүріп, шар болаттай шыңдалып, кәсібін құлдыратпай, дамыта білген.
– Кезінде атам да омарташы болған екен. Бірақ көзін көрген жоқпын. Сондықтан омарташылық ата қанымен дарыған кәсіп деп ойлаймын. Алғашында достарымнан көріп айналыса бастадым. Өте қиын болды. Себебі интернет қазіргідей дамымаған кез. Қазір кез келген кәсіп бойынша интернетке жазсаңыз, іздеген мәліметіңізді табасыз. Тіпті кітаптардан да ара шаруашылығына байланысты толыққанды мағлұмат ала алмадым. Бұрын омарташы болған ауыл ақсақалдарынан да сұрап көрдім. Өкінішке қарай, ақсақалдар да ашылып ешнәрсе айтпады.
Амал жоқ, өз бетімше әрекет етуге көштім. Сөйтіп кәсіпті үйренуге, меңгеруге төрт жыл уақытым кетті. Сол себепті ең алғашқы кеңесім – ара шаруашылығымен айналысқысы келетіндер мүмкіндігінше омарташылардың қасында жұмыс істеп, тәжірибе жинағаны дұрыс. Әйтпесе төрт жылға талайдың төзімі жетпейді. Бір жылдан кейін-ақ қолды бір сілтеп кетіп қалуы мүмкін. Мәселен қазір жастарға білгенімді үйретуге көп көңіл бөлемін. Төрт-бес оқушым қасымда жүреді. Қыр-сырын меңгергеннен кейін өздері бөлек айналыса бастайды. Одан бөлек, аудан орталығындағы оқыту орталығында болашақ омарташыларға дәріс оқимын,–деген Ж.Көрпебаев облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы биыл 580 мың теңге грант алғанын жеткізді.
Омарташының алдағы мақсаты – араларды асылдандырып, келесі жылы мемлекет тарапынан берілетін субсидияға қол жеткізу. Сондай-ақ кейіпкеріміз өз сөзінде биыл тек асылтұқымды ара отбасыларының санын көбейтуге күш салып жатқанын жеткізді.
– Ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл бал аз жиналып жатыр. Бір жарым айдан бері жаңбыр жаумады. Балды көп алу үшін жаңбыр жиі жауып, ауа райы да жылы болуы шарт. Сонда ғана жақсы өнім алуға болады. Жаңбыр жиі жауып, күн салқын болса, тағы болмайды. Аралар көп бал жинауы үшін қимылдап жүргені маңызды. Яғни бір орында тұрақтап қалмай, көшіп жүргені дұрыс. Қазір біздің омарталарымыз тауда орналасқан. Тамыз айында таудан етекке түсеміз. Күн суытқанда үйге келеміз. Қыс бойы аралар да демалады. «Аралар қыста қалай қоректенеді?» деген сауал туындауы мүмкін. Аралардың соңғы жинаған балына тиіспейміз. Қыс бойы өздері жеп жатады.
Қазіргі таңда асылтұқымды 150 ара отбасы бар. Жалпы бір отбасыда бір аналық болады. Аналықтар тек жұмыртқа салады. Бал жинамайды. Бір үйшікте қанша мың бал арасы болса, бәрі тек қана бір аналық араға бағынады. Егер аналық ара жазатайым өліп қалса, не жұмыртқа салуға жарамай қартайып қалған кезде ұядағы аралар шуылдап, мазасызданып кетеді. Сондай-ақ өздерінен өздері үйшіктің ішіндегі жəне сыртындағы істейтін жұмыстарын жасамай, жаңадан жас аналық араны шығаруға əрекет жасайды.
Аналықтан бөлек әр отбасындағы араның саны 20 мыңнан 100 мыңға дейін жетеді. Аналық бір күнде екі мың жұмыртқа салады. Сол сияқты бір күнде орта есеппен жұмысшы аралардың екі мыңы өледі. Яғни бірінің орнын бірі толықтырып отырады. Аралар қаншалықты көп жұмыс істесе, соншалықты тез өледі. Аралардың өмір сүру ұзақтығы 30 күн. Қыстаққа кірген аралар жарты жыл өмір сүреді. Қыстақ дегеніміз – ара жанұясын қысты күні сақтайтын арнайы салынған орын. Омартаны қыстаққа қоюға дайындау омарташының жазғы маусымның соңындағы жəне келесі жылғы бал жинау маусымына дайындық ретінде жауапты-басты жұмысы болып саналады. Қыстаққа қоюдың науқаны бал жинау кезеңі біткен кезде басталады, – дейді омарташы.
Омарташының айтуынша, субсидия алу да оңай емес. Біріншіден, ара отбасылары асылтұқымды болуы керек. Осы мақсатта Ж.Көрпебаев Анатолий Гайдар есімді украиналық азаматтан асылтұқымды аналық аралар (карпатка) алыпты. Карпат тұқымды аралар таза сұр реңді, қысқы мерзімге төзімділігі орташа, тəулігіне аналығы 1800-2000-дай жұмыртқа салатынымен ерекшеленетін көрінеді. Бір аналық араның бағасы – он екі мың теңге. Қазіргі таңда омарташы асылтұқымды аналықтардан жұмыртқа алып, ара санын көбейтуде. Бір аналықтан үш жылға дейін жұмыртқа алуға болады.
Субсидия алу үшін аралардың асылтұқымды екенін растайтын және омартаның да құжаты болуы қажет. Тіпті өлген араларды жинап, арнайы сараптамадан өткізеді екен. Құжаттарын әкімдікке барып тіркететіні тағы бар.
– Шынымды айтсам, субсидия аса маңызды емес. Әрине егер алып жатсам, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда қазіргі таңда кәсібімді дамытуға үлкен кедергісін тигізіп тұрған субсидиядан да өткір мәселе бар. Қазір аудан орталығында тұрамын. 10 сотық жерімде ара отбасыларының санын көбейту мүмкін емес. Себебі көрші-қолаңды немесе өткен-кеткен жолаушыны шағып алуы немесе басқа да залалын тигізуі мүмкін.
Егер мүмкіндігім болса ара отбасыларының санын 150 емес, 250-ге дейін жеткізер едім. Сонда 6 тоннадан аса бал да жинар едім. Кәсібімді қазіргіден де биік деңгейге көтеру үшін бірнеше мәрте Қордай ауданы әкімдігіне қайырылып, көрші жатқан Өтеген ауылынан 30 сотық жер беруін сұрадым. Өкінішке қарай, өтінішім орындалмады. Егер аталған елді мекеннен сұраған жерімді берсе, ара отбасыларының санын көбейтіп қана қоймай, апитерапиялық сауықтыру кешенін ашқым келеді. Ауыл үлкен жолдың бойында орналасқандықтан кешенге келушілердің де қатары көп болатын еді. Жалпы сауықтыру кешенінде адамдар тегін дем алып және емделуге мүмкіндік алады. Облыста мұндай апитерапиялық сауықтыру кешені жоқ. Неге Қордай ауданында ашпасқа?! Екі адамға арналған ара ұясында арнайы төсек қойылады. Келушілер ара ұясында отырып, ара шуынан керемет дыбыстық әсер алады. Араның уілі адамның жанын тыныштандырады. Үйшіктерге ауа кіріп, бал ара желімімен қаныққан ауа келіп тұрады. Мұның адам денсаулығына тигізетін пайдасы орасан, – дейді Жанат Көрпебаев.
Осылайша жер мәселесі тек төскейде төрт түлігін өргізген шаруаларды ғана емес, омарташыларды да алаңдатып отырған жайы бар. Дегенмен облыс әкімі Бердібек Машбекұлы ара шаруашылығын өркендетуді, саланы дамыту үшін омарташылардың барлық жағдайын жасауды жиі-жиі жауаптылардың есіне салып отыратынын ескерер болсақ, Жанат Көрпебаевтың жерге байланысты өтініші аудан әкімдігі тарапынан аяқсыз қалмайды деген ойдамыз.
Осыдан бір жарым ғасыр бұрын алғашқы аралар әкелінген Шығыс Қазақстан облысы бүгінге дейін еліміздегі омарта шаруашылығының отаны саналатынын білеміз. Әрі-беріден соң, жері құйқалы, шұрайлы, табиғаты көркем Қордай ауданын да омарта шаруашылығының облысымыздағы отаны жасасақ, бал өндірісін өркендетуге жол ашар ма еді?

Талғат Нұрханов
Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.