"Кәсіпкерлік"

Бал да, қаймақ та, ет те арзан бағада саудаланды

Written by Aray2005

Жылда Тараз қаласында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылық тауарларының биылғы жәрмеңкесі өткен сенбіден басталды. Сенбі, жексенбі күндері өткізілген жәрмеңкеге бұл жолы Байзақ, Қордай, Талас аудандарының шаруалары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері базар нарқынан 10 пайыз төмен бағада сатылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке Тараз қаласындағы әлеуметтік базарда өтті. Жәрмеңкеде жалпы құны 8,7 миллион теңгені құрайтын 35,7 тонна тауар ұсынылыпты. Оның ішінде
4 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті, 1,4 тонна сүт өнімдері, 1 тонна шұжық, 2 мың дана жұмыртқа, 1,3 тонна балық, 0,3 тонна бал, 0,5 тонна кондитерлік және 1 тонна макарон өнімдері 0,1 тонна тұз, 23,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс бар.
Біз көрген жәрмеңкеде байзақтық шаруалар жылқы етін
1 600, сүттің литрін 120, қаймақты 1 100 теңгеден ұсынды. Байзақ ауданынан келген Рәткүл Бүркітбаева:
– Бүгінгі жәрмеңкеге «Сабыр» шаруа қожалығының сүт өнімдерін әкеліп отырмыз. Қожалығымызда түйе, жылқы, сиыр өсіріледі. Міне, осы малдардың сүтінен әзірленген азықтарды қала тұрғындарына ұсынып отырмыз. Ауылдың дәмі табиғи ғой. Осындай құнарлы азық-түліктердің қолжетімді бағада сатылуы қалалықтар үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Алғашқы күннен-ақ тұтынушылардың қарасы қалың болды, – дейді.
Ал қалада тұратын тұтынушылардың бірі Күнімжан Асқар:
– Осындай тауарлары табиғи таза әрі қолжетімді бағадағы жәрмеңкені ұйымдастырғандарға алғысымыз шексіз. Іздегенімізді тауып, қуанып қалдық. Дегенмен, бір байқағаным, қаймақтың 1 литрін ауданнан келгендер – 1 100, ал тараздық өндірушілер 1 200 теңгеден сатып тұр. Тауарларды ауданнан қалаға жеткізгенше аз да болса шығын кетпей ме? Қаланың өзінде тұрып одан қымбатырақ сатқандарын түсінбедім. Мен тек өзім іздеген азыққа байланысты көргенімді айтып отырмын. Ұйымдастырушылар осы жағын назарға алса екен, – дейді.
Жалпы, жәрмеңкенің тауар өндірушілер үшін де, тұтынушыларға да тиімді болғанын осындағы жұрттың мәре-сәре күйінен көріп байқадық.
Енді жәрмеңке мамыр айының соңына дейін әр аптаның сенбі-жексенбісінде бекітілген кестеге сәйкес өткізіліп тұрады. Келесі аптада Жамбыл, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу аудандарының өнімдері әкелінеді.

Қамар Қарасаева

ПІКІР