"Тылсым"

Бала бойын билеген қандай күш?

Written by Aray2005

Бұл ғаламның жұмбағын түсініп болу мүмкін емес. Кейде адам баласы жайшылықта көзге көріне бермейтін тылсым құбылыстарға куә болып жатады. Сондай-ақ дүниеден өткен әруақтарды көріп, тіпті соңынан қалмай бірге ілесіп жүретінін айтатындар да бар. Бұны біреулер мистика деп жатса, екіншілер қиял-ғажайыпқа балайды. Алайда, Тараз қаласының тұрғыны Әсел Қайратқызының бізге баян еткен оқиғасы төбе шашымызды тік тұрғызды.

Әсел негізі Талас ауданы Қаратау қаласының тумасы. Міне, осы шаһарда кейіпкеріміз алғаш рет тылсым жайтпен бетпе-бет кезігеді. Небәрі бес жасар Әсел үй маңына үйілген құмда күнделікті қуыршақтарымен ойнайтын болған. Әке-шешесі алғашқыда мән бермегенімен, күндер өте қыздары құм үстінде біреумен сөйлесіп отырғандай өзінен-өзі күліп, одан қалса бір бөлмеге тығылып тұйықтала бастайды. Бұл жайтқа алаңдаған ата-ана дәрігерге жүгінеді. Алайда, ондағылар бала мұндай жаста өзіне көзге көрінбейтін дос тауып алатыны психологияда бар нәрсе екенін айтады. Және уақыт өте қыздары бұл әдеттен арылады деп өз-өздерін жұбатады. Осылайша жүрегі орнына түскендей болған ата-ана Әселге көп уақыттарын бөлуге тырысады. Дегенмен, бір күні Әсел үйіне ұсқыны адам шошырлық қуыршақты бірге алып кіреді. «Оны қайдан алдың?» деп тұра ұмтылған әкесіне «Бұл менің досым» деп қызы қуыршақтан айырылмайды. Жылап қоймағаннан кейін ата-ана қыздарының ұйықтағанын күтіп, түн жарымында қуыршақты үйден аулақ орналасқан қоқыс орнына апарып тастайды. Осылайша жүректері жай тапқандай үйге оралған ата-ана таңертең ұйқыдан оянғанда шошып кетеді. Түнде қоқысқа тастадық деген қуыршақ ерлі-зайыптылардың екеуінің ортасында жатыр. Бұл жайтты саналарына сыйғыза алмаған олар қыздарының бөлмесіне жүгіріп барса, Әсел орнында жоқ. Аулаға шықса қыздары әлгі қуыршаққа аумайтын басқа ойыншықпен құмда ойнап отыр. Әселдің әкесі бұл жағдайды әлдекімнің отбасына қолдан жасап отырған қастандығы деп бірден полицияға шағымданады. Алайда, тергеушілер ешқандай қылмыстық істің ізі анықталмағанын айтып, қуыршақтан қорыққан ата-ананың әрекетіне күле қарайды. Бірақ Әселдің әкесі іс насырға шауып бара жатқанын іштей сезіп, жанұясын алып Тараз қаласына көшіп кетеді. Облыс орталығына келгеннен кейін бәрі дұрыстала бастағандай көрінген. Бірақ көп ұзамай қыздарының бөлмесінде белгісіз біреумен сөйлесіп, күліп отыратыны әке-шешенің бойына қайтадан үрей ұялатады. Осылайша күн артынан күн өтіп, Әсел мектеп табалдырығын аттағанда көзге көрінбейтін «досынан» ажырағандай болады. Алайда, кейіпкеріміз бой жетіп, тұрмысқа шығып, өзі ана атанғанда әлгі белгісіз тылсым күш қайта оралады.
– Менің бала кезде бастан кешкендерімді ата-анам айтып отырғанда сенбейтінмін. Және әрдайым күлкіге айналдырып, жүре тыңдайтынмын. Алайда, қазір өзімнің бес жасар баламның қылықтарын көріп, қорқыныштан кірпік іле алмайтын күйге түстім.
Негізі бұл осыдан жарты жыл бұрын басталды. Әсетімнің бес жасқа толған туған күнін мерекелеп жатқан болатынбыз. Бір кезде үйде ойнап жүрген баламды таппай қалдым. Бөлме-бөлмелерді іздеп жүрсем, балам есіктің жанында өз-өзімен сыбырласып сөйлесіп отыр. «Балам-ау, не болып қалды?» деп қолымды созған едім, жалт бұрылған Әсетімнің жанарын көріп шалқамнан құладым. Көзінің қарашығы үлкейіп, бойын бейне бір күш билеп алғандай. Өзім қорқып тұрсам да баламды құшағыма қатты қысып алдым. Денесі суып кеткен. Және бірдеңені сыбырлап айтып жатыр. Бір анық естігенім «Мені неге тастап кеттің?» деген сөз. «Жаным-ау, мен сені тастаған жоқпын ғой» деп баламның жүзіне қарасам, көз алдымда Әсетім емес басқа біреу тұрғандай. Алайда, бірер сәттен кейін балам өз-өзіне келіп, «мама» деген сөзін естіп, жылап жібердім.
Бұл жайтты анама айтып беріп едім, шешемнің де көзі жасаурап кетті. Және ол кісі менің бала кезде дәл осындай күй кешкен оқиғаларымның бәрі рас екенін, сол үшін әкем марқұм бәрімізді Таразға көшіріп әкеткенін айтты. Ал ол кезде мен де дәл бес жаста болғанымды естігенімде, денемнен суық тер бұрқ ете түсті.
Сіздерге өтірік, маған шын, сол күннен бастап әлгі көзге көрінбейтін елеспен жарты жыл алыстым. Баламды апармаған жерім жоқ. Ал молдаларға дұға салдырсам, балама түрлі тапсырмалар беруді шығарды. Бір күні оянып қалсам, Әсетім төсегімнің бас жағында қолына қайшы ұстап маған қарап тұр. Шошып кетіп, қолынан қайшыны жұлып алдым. Енді бірде жоғарыда тұрған пышақты қалай алғаны белгісіз, балам өз шашын өзі кескілеп жатыр. Бес жасар бала не біледі дейсіздер ғой. Бірақ Әсетім кейде «мені қумашы», «қасыңда болайыншы», «маған мама керек» деген сөздерді анық айтқанда, қорыққанымнан жылай беремін. Алайда, Аллаға деген сенімімді жоғалтқан емеспін. Көршілерімнің айтуы бойынша осыдан екі ай бұрын Әсетімді Түркістан жеріне апарып келдім. Сондағы молдалар үш күн, үш түн дұға оқып, әлгі елестен арылдық. Балам бірақ өте қатты қиналды. Қазір Әсетімнің қасынан бір елі кетпей, түн ұйқысын күзетіп шығамын. Бәлкім қоныс аударуым да керек шығар деген ой келеді. Себебі, кезінде мені де басқа жерге алып кеткенде көзге көрінбейтін «достан» құтылған едік, – деп әңгімесін аяқтаған Әселдің жанарынан тамшы жас ыршып түсті.
Иә, адам айтса нанғысыз оқиға. Алайда, әлемдік психологияда бұл дертті «аутизм» деп атап жатады. Яғни, психологиялық ауытқуға ұшыраған адамдарға түрлі бейнелер көрініп, тіпті олармен сөйлеседі. Бірақ Әсел мен Әсетке көзге көрінбейтін «дос» дәл бес жастарында келгені таңғалдырады. Тағы бір айта кетерлігі, аутистер өз-өзімен тұйықталып сөйлесетіні болмаса, өзіне де, өзгеге де келтірер зияны жоқ. Ал Әсел мен оның баласының бойын байлаған белгісіз күш тапсырма беріп, жамандыққа итермелейтіні және дұғадан қорқатындығы ойға қалдырады.
Әрине, бұл жайттың ақ-қарасын ажырату біздің қолымыздан келмес. Әсел мен Әсеттің дертіне дауаны бір Алланың өзі берсін дейміз. Және кейіпкерлеріміздің келешектегі өмірлері тек оңынан болуына тілектеспіз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР