Бала қауіпсіздігі – басты назарда

0 3

Қазан қаласындағы қайғылы оқиға барлық мектептердегі қауіпсіздікті қайта саралауға себеп болғаны жасырын емес. Жаратушының ел аузындағы «Сақтансаң, сақтаймын» деген ескертуі де бекер айтылмағаны белгілі. Осынау қорғасын ойды санамызда қорытып, өмірлік ұстанымға айналдыру қай заманда да маңызды. Осы ретте кеше облыс орталығындағы Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияда төтенше жағдайлар департаменті мамандарының қатысуымен оқу-жаттығу жұмыстары өтті.

Апат айтып келмейтіні айтпасақ та түсінікті. Сондықтан оқыс жайтқа үнемі дайын болу қажет. Әсіресе ел сенім, мемлекет үміт артып отырған өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі қашанда басты назарда болуы тиіс. Оқу-жаттығу шарасына төтенше жағдайлар департаментінің жедел жасақтарынан бөлек, мектеп ұжымы да әзірлікті бір пысықтап алды.
– Мектепте екі ауысыммен 2 339 оқушы білім алуда. 195 ұстаз, 55 кіші қызметкер жұмыс жасауда. Мектепте кіретін негізгі екі есік, қосымша төтенше жағдайларға орайластырылған сегіз есік бар. Өрт сөндіру құрылғылары толығымен қамтылған. Төтенше жағдайлар орын алған жағдайда балаларға қай есіктен шығу керектігі, қандай шара қолдану қажеттігі бойынша сейсмо-жаттығулар тұрақты түрде түсіндіріліп тұрады. Мектебіміз 2007 жылдан бастап қолданысқа берілген. Осы уақыт аралығында ешқандай төтенше жағдайлар орын алған емес,-дейді мектеп-гимназия директоры Эльмира Қойлыбаева.
Шара барысында төтенше жағдайлардың жауынгерлері тілсіз жаумен күресудің, әрі сол мезетте адам жанын ажалдан арашалап қалудың әрекеттерін көрсетіп, тәжірибелерімен тәнті етті.
– Облыс басшысының тікелей тапсырмасымен жеке құрылған арнайы кесте бойынша облыс аумағында 74 мектепке өрт-тактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аталмыш шара 17 мамырда бастау алды. Екі тәулікте аймақтағы 25 мектепте өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі оқу жаттығуға өрт сөндіруге қатысатын, құқық қорғау, өмірді қамтамасыз ету қызметтерінен барлығы 12 техника, 56 адамнан тұратын жеке құрам жұмылдырылды. Қазіргі кезде балалардың қауіпсіздігін бірінші кезекте қамтамасыз ету мәселесі бойынша арнайы жеке жоспар құрылды. Жаттығу жұмыстары жеке кесте бойынша мамырдың аяғына дейін жалғасады,– дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық жұмыстарын ұйымдастыру қызметі мемлекеттік мекемесінің өрт сөндіру және авариялық жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Жомарт Бекболат.

Жалпы мамандардың айтуынша, жыл басынан бері облыста 250-ден астам өрт оқиғасы орын алыпты. Абырой болғанда, бұл тізімде білім ошақтары жоқ. Десек те бұл көрсеткіш босаңсуға ешқандай себеп емес екені белгілі.

Н.ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.