"Нұр Отан"

Бала құқығы – басты назарда

Written by Aray2005

Ағымдағы жылдың 7-9 қазан күндері «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды жинау мен зерделеу мәселелері бойынша көшпелі сараптамалық топ облысымызға жұмыс сапарымен келген болатын. Міне, осы топтың үш күндік зерделеу жұмысы партия облыстық филиалының мәжіліс залында қорытындыланды.

«Бақытты отбасы» партиялық жобасының өңірде орындалуымен танысу, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу және балалардың қорғалуын қамтамасыз ету құралдарын енгізу, өңірлік деңгейде баланың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің қызметін бағалау мақсатында келген арнайы топ үш күн ішінде Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Шу, Меркі, Қордай, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Міне, жиында осы үш топқа бөлінген комиссия мүшелері атқарған жұмыстарын жеке-жеке баян етті. Ең алдымен сөз алған «Nur Otan» партиясы жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі Мансия Исказина өздері болған аудандардағы бірқатар кемшіліктердің бетін ашты.
– Біздің жұмысшы топ Жуалы, Талас және Сарысу аудандарында болып, 24 мекемені тексеріп шықты. Нәтижесінде Жуалы ауданындағы спорт мектебінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу залының үшінші қабатта орналасқаны анықталды. Бұл жарымжан жандар үшін жасалып отырған қиянат. Сондай-ақ орта білім беретін мектептерде де бірқатар олқылықтар орын алды. Атап айтсақ, аудан орталығындағы мектептің асханасы сын көтермейді. Аспазшы біреу ғана болғаны былай тұрсын, ас сақтайтын қоймаларының қабырғалары көгеріп кеткен. Тоңазытқыштарында да азық-түлік ретсіз қойылған. Бір сөзбен айтқанда, үш жыл бұрын ғана ашылған мектептің жағдайын көріп, жаға ұстадық. Десе де орталық аурухананың жұмысы толықтай көңілімізден шықты.
Ал Талас ауданы, Қаратау қаласындағы гуманитарлық колледжде екі бірдей кәмелеттік жасқа толмаған қыздың жүкті екені анықталып, жүрегімізді ауыртты. Бір қыз күйеуімен заңды некеге тұрса, екіншісінің некесі заңдастырылмаған. Бұл мәселемен колледж басшылығымен қоса, аудан әкімдігі жіті айналысуы қажет. Себебі бұл жайт бүгінгі қоғам үшін өте қауіпті фактор. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш колледжді тәмамдаған түлектердің 40 пайызы ғана жұмысқа орналаса алған. Және бұл көрсеткіш жыл санап төмендеуде. Осы мәселені де жергілікті билік өкілдері назардан тыс қалдырмау қажет.
Сарысу ауданындағы Б.Қашқынбаев атындағы мектептің жанындағы интернат әскери казармаға ұқсайды. Аз қамтылған отбасылардың балалары тәрбиеленеді деген интернаттың жатын бөлмелерінің бірінде киім ілетін орындар талапқа сай болмаса, екіншісінде мүлде жоқ. Мұнда жатқан қыздар киім ауыстыру үшін көрші бөлменің шкафын пайдаланады екен. Міне, осындай келеңсіздіктер көңілімізді күпті етті. Бұған жауапты сала мамандары жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз, – деді Мансия Аяпбергенқызы.
Бұдан кейін сөз алған ҚР ІІМ ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Рүстем Құттыбаев та тексеріс тобы болған Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Шу аудандарындағы кемшіліктерді жайып салды.
– Ең алдымен Тараз қаласынан бастасам, облыс орталығындағы қиын балаларға арналған арнайы мектептің жайы жалпы көңілімізден шықты. Бірақ мұнда орналастырылған 32 баланың ішіндегі өзге өңірден келгендері мүлде жергілікті емханаға тіркелмеген екен. Осы мәселені реттеу қажет. Екіншіден, мектеп директоры бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның мүшелігіне енбепті. Үшіншіден, мектепке бар-жоғы 4 қана бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектепішілік қауіпсіздік үшін бұл аздық етеді. Сондай-ақ мектептің медицина кабинетіндегі құрал-жабдықтарды толықтыру керек.
Т.Рысқұлов ауданына тоқталсам, аудандық ауруханада кадр тапшылығы сезіледі. Сондай-ақ мектеп оқушыларына тұмау сынды ауруларға қарсы екпе егу жұмыстары кешіктіріліп жүргізілуде. Ал №1 спорт мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді.
Шу ауданында жастар ресурстық орталығы өз мүмкіндіктерін толықтай пайдалана алмай отыр. Орталыққа үлкен ауласы бар ғимарат берген екен. Алайда сол кең аумақты шөп басып, қараусыз жатыр. Неге сол жерге жастардың бос уақытын тиімді өткізетін қондырғылар орнатып, алаңға айналдырмасқа? Одан бөлек, жастар орталығына сенім телефонын орнату керек. Ал ең қызығы, аудандағы жекеменшік гуманитарлық колледжін тексеруге барғанымызда бүкіл ұжым бір күнде облыс орталығына жиналысқа кетіп қалған болып шығып, әбден қызыққа батырды. Оларға тексеріске келетініміз бір күн бұрын ескертілген. Міне, осындай келеңсіздіктер Шу ауданын араға уақыт салып, тағы бір мәрте тексеру қажет пе деген ойға қалдырып отыр, – деді Рүстем Сергейұлы.
Өз кезегінде мінберге көтерілген ҚР Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Азамат Белкаиров та Меркі мен Қордай аудандарындағы бірқатар кемшіліктерді жіпке тізді.
– Қордай мен Меркі аудандарындағы мектептердің материалдық базасы төмен. Бірқатары күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбір мектептердің спорт залында киім ілгіштен басқа ештеңе жоқ. Тіпті қарапайым орындықтар қойылмаған. Сондай-ақ кешкі мектептер стандартқа сай емес. Ал Қордай ауданындағы «Жұлдыз» балабақшасына бейнебақылау орнатылмаған. Ж.Жабаев атындағы мектепте медициналық кабинет қаралғанымен, қажетті құрал-жабдықтар жоқ. Сондай-ақ Қордай ауданында мектеп жасындағы жүктілік фактілері дендеп тұр. Осы мәселелерді жергілікті билік назарына алып, шешу жолдарын тапса деген ұсынысымыз бар, – деді Азамат Сайлауұлы.
Тексеріс тобының жұмысын қорытындылаған «Nur Otan» партиясы жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі, топ жетекшісі Рысты Жұмабекова Шу ауданының мәселесін облыс әкімдігі тікелей бақылауына алуы қажеттігін, бейнебақылау камералары білім мен тәрбие беру мекемелеріне толықтай орнатылуы керектігін және кешкі мектептерге кәмелеттік жасқа толмағандарды тіркеу мәселесін жіті зерделеу қажет екенін ескертіп, ерте жүктілік фактісі бойынша жылда көш бастап келе жатқан Жамбыл облысының жағдайына республика болып көңіл бөліп, өзге ұлт өкілдері арасындағы ерте некеге тұру оқиғаларының алдын алу жайын қарастыру қажеттігін баса айтты. Жиынға қатысып отырған облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Рысты Маговьянқызының сөзін толықтай қолдайтынын жеткізіп, айтылған сын-ескертпелер бойынша нақты шаралар қабылданатындығын айтты.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР