Жастар.kz

Бала құқығы – басты назарда

Written by Aray2005

Жайдары жаз мезгілінің бастауында алғашқы болып жететін 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін жас жеткіншектердің асыға күтетіні әмбеге аян. Балғындардың төл мерекесін сән-салтанатымен атап өту де игі дәстүрге айналған. Бұл күні барлық аудан орталықтары мен қала аумағында бүлдіршіндердің қуанышын еселеу, мереке мерейін асыру мақсатында алуан түрлі шаралар өткізіліп, ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Осы орайда апта басында Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мамандар мереке аясында өтетін «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқанының басталғанын мәлімдеді.

«Еңбектен бос балалық шақ» тақырыбындағы науқан ағымдағы жылдың 1-12 маусымы аралығында өтпек. Облыстық білім басқармасы баланың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Маржан Арынның мәлімдеуінше, шара шеңберінде бала еңбегінің алдын алу бойынша бұқаралық ақпарат құралдарынан мақалалар жариялау арқылы ақпараттандыру, дөңгелек үстелдер мен конференциялар, тақырыптық көрмелер, балалардың сурет және шығармалар байқаулары ұйымдастырылады. Сонымен қатар бала еңбегінің ең нашар түрлеріне балаларды тартуды болдырмау туралы меморандумдарға қол қойылып, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесулер, пікірталастар өткізілмек. Сондай-ақ құқық қорғау органдарын, жастар ұйымдарын, ата-аналар қауымын қатыстыра отырып «Отбасыда зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» кең ауқымды рейдтік шаралар жүргізіледі.
– Негізінде, жұмыс берушінің кәмелетке толмағандарды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберуі лауазымды адамдарға– 50, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға– 80, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ науқан барысында балалардың белгіленген уақыттан кейін ата-анасыз көшеде жүру жағдайлары тексерілетін болады, – дейді облыс әкімдігі Еңбек инспекциясының инспекторы Айгерім Мұстафаева.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Нүркен Абдуллин кәмелетке толмағандардың жеке бас қауіпсіздігі мен олардың еңбегін ересектер пайдаланбас үшін түнгі уақытта межеленген мерзімнен кейін балалардың көшеге жалғыз шығуына, көңіл көтеру орындарында болуына тыйым салынғанын, қас қарая қала көшелерінде кәмелетке толмағандар тек ересек туысы немесе қамқоршысымен бірге жүре алатынын атап өтіп, кәмелетке толмағандар мен жұмыс берушілердің арасында келісімшарттың орындалмауын сынға алды.
Баспасөз конференциясынан соң спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР