Бала тәрбиесі басты назарда болуы қажет

0 0

Бала — отбасының күні мен жылуы. Дегенмен  бұл сөздерді әр адам, әр түрлі қабылдап жатады. Баланың жақсы-жаманды болып өсуі ата-ананың берген тәрбиесінен. Қазіргі таңда ата-аналардың көпшілігі баласы үшін шешім қабылдаса, бірқатары соңғы нүктені балаларының өздерінің қойғанын дұрыс санайды. Ал кейбір ата-аналар  тіптен балаларының қандай дүниеге қызығушылықтарының бар екенін білмейді. Енді қай қатарда болғыңыз келетінін өзіңіз шешесіз. Қазіргі кезде көбінесе психологтардың айтуы бойынша баланы өз еркімен өсіргенді жөн санайды. Және бала тәрбиесінде «ұят» деген терминді азырақ қолданыңыздар деп жатады. Дегенмен  мен бұл пікірмен келіспес едім. Себебі, адамды қандайда бір әрекет істер алдында ойландыратын осы бір құдіретті сөз. Тағы да, бір айта кететін дүние, бұл сөздің қолданыс аясымен, мағынасын ашып, түсіндіріп беру қажет. Мысалға алсақ, «қызым,қатты ашық киіну ұят», сонымен қатар «өз ойыңды айтудан ұялма». Егер бала өскен шағында ұрлық қылмасын десеңіз, кішкентайынан «түйені ұрлағанда, түймені ұрлағанда ұрлықшы»  деген сөзді айта отырып,мағынасын түсіндіруіңіз қажет. Мен бала тәрбиесінде ата-бабамыздан қалған қағидаларды ұстанған дұрыс деп ойлаймын. «Жеті жасқа дейін балаңды патшадай сыйла, он төрт жасқа дейін құлыңдай жұмса, он төрттен кейін досыңдай сырлас» деген сөздердің өзі психологтардың қағидасынан артық болмаса, кем түспейді. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесі жөнінде әрбір кішкене заттарғада мән берген. Мысалы, үйдегі заттардың өз орнында тұруына, баланың жеке заттарының үнемі жинақы болуына үйрету керек екенін назарға алған. Себебі, баланың  жақсы мінез қалыптастыруы осы заттарға байланысты болып келеді. Егер балаға ата-анасы жиылмаған заттар үшін ескерту жасамаса, онда баланың мінезі де алқан-жұлқан болып, сабырсыз болуы әбден мүмкін. Сіз айтылған әрбір сөздеріңізбен, істеген әрекеттеріңіз арқылы балаңыздың ғана емес, Қазақстанның да болашағын жасап жатқаныңызды ұмытпағайсыз.Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек.Бала біздің болашағымыз,ертеңгі үмітіміз.

Жанар Ерболқызы,

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі

Leave A Reply

Your email address will not be published.