Қоғам

Бала тәрбиесі отбасынан басталады

Written by Aray2005

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыс 18,1 пайызға төмендеген. Бірақ, өзге бағыттар бойынша алаңдайтын жайттар бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

«Жасөспірімдер арасындағы құқық-бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында өткен брифингте облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжанов, облыс әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының хатшысы Бахыт Жақсылықова тақырыпқа қатысты мән-жайды баяндады.
– Облыс бойынша 40 мектепте құқықбұзушылық орын алса, оның 20-сы Тараз қаласына, қалғаны өзге аудандарға тиесілі. Сондықтан бүгінде нақты жұмыс жоспарын бекітіп, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында тиісті шараларды атқарып жатырмыз. Мәселен, балалардың уақытылы сабаққа келуін қадағалау, құрылысы бітпей тұрған ғимараттарды қоршау, есігі ашық-шашық жатқан үйлердің шатыры мен жертөлелерін бекіту секілді шаралар арқылы балалардың қауіпті аймақтарға баруына жол бермеуге тырысудамыз. Себебі бұзақылық көбіне көзден таса жерде болады, – дейді білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Салқанұлы.
Ал ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Жақсылықұлы үйінен рұқсатсыз қашып кеткен, қайыр-садақа сұрап жүрген балалармен жұмыс жасалып жатқанын, нәтижесінде 12 бала арнайы мектепке жөнелтіліп, 16 адам сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол бұрын бұзақылыққа ата-анасы маскүнем немесе жағдайы төмен отбасы балалары баратын болса, қазір жағдайы жақсы немесе орташа отбасы балалары да қылмысқа бейім тұратындығын қынжылыспен жеткізді. Брифинг барысында өзге де спикерлер жасөспірімдер қылмысына қатысты ойларын ортаға салып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР