Бала тауарларына неге тілдік бақылау жоқ?

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына

0 14

Қазіргі таңда әрбір үйді береке базарына айналдырған балалардың да, ата-аналардың да талғамы жоғары. Бұл күнде ағаның жейдесін іні, әпкенің көйлегін сіңлісі киіп жүрген жайттар бірен-саран. Ауылдық жерлерде немесе көпбалалы отбасының қазыналы қарадомалақтары болмаса жалпы қоғамда жасөспірімдердің киім киісі үлкендерден асып түспесе, кем емес. Ата-ана үшін теңіздей тер төгіп, тапқан-таянғанын баласына жұмсау жаратылыстан заңды құбылыс. Алайда сол есіл еңбекпен алған киімнің сағымдай селдіреген сапасы мен күннен-күнге көк тіреген бағасын былай қойғанда, рухани моральдық тұрпаты да көңіл көншітпейді. Бесіктен белі шықпаған баланың киімінде атан түйеге де артуға болмайтын ауыр сөздер жазылған. Шет тілін білмегендіктен, әрине, біз оған мән бермей, көзімізді де, етімізді де үйретіп алғалы қашан…

Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халық даналығы. Расында, адамның өз есімінен бастап, күнделікті өміріндегі әрбір сөз оның өміріне тікелей әсер ететінін психолог мамандар о бастан айтып-ақ жүр. Десек те күнделікті үй мен түзде киетін үстіңіздегі киімде нендей сөздің жазылғанын білмеуіңіз мүмкін. Басым көпшілігі сырттан келетін киім-кешектегі шетелдің жазулары біз үшін мода болғанымен, оның мағынасы адам шошырлық. Ал оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.
– Бала физикалық тұрғыда тез өсіп-жетілетіні әрбір ата-анаға таныс жайт. Алған киімің бірнеше айда симай қалады. Оған әр мезгілде киетін киімдерді қосыңыз. Осылайша таяуда күннің жылуына байланысты балама жаңа киімдер алдым. Үйдегі туған сіңлім ағылшын тілінен сабақ береді. Үйге келіп, нағашы әпкесіне жаңа киімдерін мақтанып көрсетіп жатқанда сіңлім қайран қалды. «Ойпырмай, кіп-кішкентай баланың киіміне де осылай жазуға болады ма?» дейді маған. Сөйтсек, онда ағылшынша айтуға ауыз бармайтын анайы сөздер жазылыпты. Енді бір футболкасында аудармасы «әлемді қылмыс билейді» деген сөйлем тұр. Бір қарағанда киімге әдемі етіп безендіріп қойған. Біз секілді

тіл білмейтін қарапайым адамдар оны қайдан аңғарсын. Қып-қызыл ақшаға сатып алған киімді не кигізерімді, не кигізбесімді білмей дал болдым. Киімнің тауарлық белгісі де түсініксіз. Сатушылардың оны Түркия тауары деп сатқаны ғана есімде. Қайтарып берейін десем, баламның өзі қатты ұнатып алғаннан кейін қолым бармады. Туған сіңлім де мұндай жайттарды жиі көретінін айтып берді. Сонда бізде ертеңгі өсіп келе жатқан ұрпағымыздың киіміндегі сөздерге ешқандай бақылау жоқ па? Қандай адам қаршадай баланың киіміне сондай сөздерді жазуға дәті жетті екен? – дейді қала тұрғыны Аяулым Мәтібаева.
Ал таңнан кешке дейін саудасын дөңгелетіп отырғандар шетелдің ондай сөздері тұрмақ, хакім Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген сөзін де түсінбейтін сыңайлы.
– Басында үлкендерге сырттан киім-кешек алып келіп сататынмын. Кейінірек балалар киімінің өтімді екенін зерделеп, осы бағытқа ауыстық. Жалпы киім саудасымен айналысып жүргеніме жиырма жылдай болып қалды. Шындығын айту керек, киімдер сырттан келетін болғандықтан ондағы жазулардың мағынасына мән бермейміз. Оның үстіне біз шетел тілін жетік білмейміз. Қырғыз елінен, Түркиядан, тағы да басқа елдерден келеді. Ал отандық өнімдердің арасында балалар киімі өте аз. Сондықтан көбіне ата-аналар алыпсатарлардың өнімдеріне жүгінеді. Ондағы сөздердің мағынасын білсек, оны өзіміз де кимес едік. Өз балаларымыз да сырттан келген тауарларды тұтынып жүр. Бірақ осы күнге дейін бұл туралы ешкім шағым айтып келген емес. Балалар көбіне мультфильм кейіпкерлері бар киімдерге қызығады. Сұранысқа орай біз де сондай тауарларды сатамыз, – дейді «Балалар әлемі» киім дүкенінің сатушысы Құндызай Жанұзақова.
Басқа да сатушылардың айтары осы тақылеттес. Сонымен қатар олар ондай сөздер сөмкелер мен ойыншықтарда да болуы мүмкін екенін алға тартуда. Шындығында, жандүниесі кіршіксіз бүлдіршіндердің киіміне арам пиғылды, нашар ниетті, өлімге, қылмысқа, жаман әрекеттерге итермелейтін ондай сөздерді жазудан кім ұтып, кім ұтылып отыр, ол жағын айтпасақ та түсінікті. Оған дәлел іздеп те қиналмайсыз. Кәдуілгі смартфон арқылы ғаламтордағы сөздіктен немесе арнайы бейнекамераға түскен суреттегі жазуды аударатын бағдарламалар арқылы байқап көрсеңіз, ақ-қарасына өзіңіз де қарық боласыз. Тек ондағы сөздердің мағынасы сізге де ұнай қоймас…

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.