Жамбыл жаңалықтары

Балақай, батутта байқап ойна!

Осыдан біраз уақыт бұрын Астана қаласындағы «Жаннұр» сауда орталығы маңында орналасқан батут аударылып, бес бірдей бүлдіршіннің зардап шеккенін әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Қалтаның қамын күйттеген кәсіпкердің құбылған ауа райына мән бермеуінің салдарынан орын алған төтенше жағдайдан кейін ауруханаға жеткізілген балалардың денсаулығына айтарлықтай зақым келгені анықталған. Мамандардың айтуынша, жабық бас сүйегі жарақатын алып, миы шайқалған және самайында гематома пайда болған жеткіншектердің денсаулығы әлі де қатаң бақылауда. Осылайша, баласын батутқа ойнатпақ болған астаналық ата-аналар дәл қазіргі уақытта ұл-қызының амандығын мойнына бұршақ салып тілеп отырған жайы бар.

Осы оқиғадан кейін еліміздің барлық аймағында батуттардың қауіпсіздігіне айрықша назар аударылып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәл қазіргі уақытта күн тәртібінде тұрған мәселе бойынша құзырлы мекеме мамандарымен тілдесіп, облысымызда атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан едік. Ең алдымен, Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне бас сұғып, аталған мекеменің басшысы Нұрзат Тұрысбековтың сөзіне құлақ түрдік. Нұрзат Қанатұлының айтуынша, шаһардағы бей-берекет орналасқан батуттарға байланысты құзырлы мекемелермен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

– Көктем ортасынан ауа қала көшелерінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай батуттардың көбейіп кетуі жыл сайын қайталанатын жағдай. Дегенмен, байқамаса батуттан да үлкен қауіп бар екенін қала тұрғындары көп жағдайда ескере бермейді. Күні кеше Астана қаласындағы бір оқиғаның өзін алсақ жеткілікті. Одан басқа да жыл сайын қаншама жантүршігерлік жағдайлар тіркеліп жатыр. Сондықтан, бізге де арқаны кеңге салуға болмайды. Бүгінгі таңда қала көшелеріндегі қауіпсіздік талаптары сақталмаған батуттар алынып тасталды. Мамандарымыз ұдайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, барлығын бақылауда ұстап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаса беретін болады, – дейді Нұрзат Қанатұлы.

Ал, Тараз қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Мұрат Алтаев қауіптің алдын алу үшін арнайы комиссия құрылып, қала бойынша рейд жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған батуттар жойылып, иелеріне тиісті жазалар қолданылатынын жеткізді.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, жағдай тұрақты бақылауда. Алаңдауға еш негіз жоқ. Дейтұрғанмен, жағдаймен жіті таныспақ ниетте көне шаһарды аралап, батуттардың жай-күйін өз көзімізбен көрдік.
Тараз қаласындағы адам аяғы үзілмейтін демалыс орындарының бірі – Т.Рысқұлов атындағы саябақ. Демалушылар үшін барлық жағдай қарастырылған саябақта орналасқан екі батутта асыр салып ойнап жүрген балалардың қарасы қалың. Мұнда тек батуттар ғана емес, түрлі балалар ойнайтын аттракциондардың қауіпсіздігіне айрықша назар аударылатыны көзге көрініп тұр. Әр аттракционның қасында тұрған арнайы мамандар балалар мен ата-аналарға батутта ойнаған жағдайда ескеруге тиісті талаптарды түсіндіріп, өздеріне жүктелген қызметті мүлтіксіз атқаруда. Ал, облыс орталығында орналасқан саябақ қожайыны, «Қошмамбетов және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асан Қошмамбетов демалыс орнында әрбір демалушының көңілінен шығу үшін барлық жағдай жасалғанын айтады.

– Саябақта батуттан басқа да бала­лар­ға арналған түрлі аттракциондар орналас­қан. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері қыдырушылардың қатары артады. Ал, ата-анасымен немесе ата-әжесімен ілесіп келетін балалардың тамақ ішпей, ашқұрсақ жүруі мүмкін. Бірақ, тым болмаса бір әткеншекте ойнамай қайтпайтыны түсінікті. Сол себепті де тек батут қана емес, басқа да түрлі аттракциондардың қауіпсіздігіне бізде арнайы мамандар жауап береді. Себебі, бақылап, ескертіп отырмаса кез келген жағдайда қауіп тууы мүмкін. Біз үшін балалардың денсаулығы басты назарда. Шүкір, осы күнге дейін саябақта ешқандай төтенше жағдай тіркелген емес. Алдағы уақытта да қонақтарымызға көтеріңкі көңіл-күй, жақсы демалыс сыйлау үшін қауіпсіздік бағытындағы жұмысымызды жандандыра түсетін боламыз, – дейді А. Әнуарұлы.

Осы ретте саябақтағы батут маңында топтасып, ұл-қызын сырттай бақылап тұрған ата-аналарды да сөзге тартып, пікірін тыңдап көрген едік.
– Баспасөз беттерінен, телеарналардан Астана қаласындағы жағдай туралы естіп, өзіміздің де үрейіміз ұшты. Шынымен-ақ, көбіміз мән бере бермейміз. Әйтеуір, балаларымыз мәз-мейрам болса болғаны. Қауіпті екен деп, мүлдем ойнатпай қоюға тағы болмайды. Немерең қиылып, көзі жәутеңдеп тұрса қалай шыдап тұрасың. Мейлі, ойнатсын. Ешкім шектеу қоя алмайды ғой. Бірақ, ата-аналар да балаларының денсаулығына бей-жай қарамаса екен. Тіпті, кейбірі балаларын батутқа кіргізіп жіберіп, өздері телефонмен сөйлесіп немесе басқа шаруаларымен айналысып қараусыз қалдырып кетіп жатады. Ал, қазір өзім ең алдымен батутты айнала қарап шығып, қауіпсіздігіне көз жеткізгеннен кейін ғана балаларға рұқсатымды беретін болдым, – дейді немерелерін ойнатып жүрген Ғалия Жолтаева есімді әжеміз.
Мұнымен шектеліп қалмай, біз келесі кезекте «Мыңбұлақ» ықшамауданында орна­лас­қан «Арман» саябағына да арнайы ат басын бұрдық. Шағын ғана демалыс орнының шеткерірек тұсындағы шаң басып жатқан батутқа қарап, біршама уақыттан бері пайда­ла­нылмағанын білуге болады. Десе де, батуттың айналасындағы арнайы плакаттарға ойын қауіпсіздігі туралы ескертпелер тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.

Сол секілді облыс орталығындағы «Фресно» қалалық скверінде батутта бала­лар 300 теңге төлеп, өздері қалағанша ойнай алады. Бір қызығы, шаһардағы өзге батуттарда қауіпсіздік талаптары қазақ және орыс тілдерінде ескертілген болса, мұнда толықтай қытай тілінде жазылған. Түсініксіз «сызбаларды» көргенде не ойларымызды білмедік. Мұның мәнісін білмек болып, саябақ иесін іздегенімізбен, сол маңнан жолықтыра алмадық. Кейін қызметкерлерінен алған байланыс нөмері бойынша хабарлассақ та, тілдесу мүлдем мүмкін болмады.

Сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті атын­дағы саябақтағы және «ДосНар» сауда кешені алдында орналасқан батуттарда қауіпсіздік талаптары сақталғанымен, тазалығы көңіл көншітпейді. Ал, бар есіл-дерті ойынға ауған бала тазалыққа бас қатырып жатпайтыны айтпаса да түсінікті. Тазалық болмаған жерден түрлі дерттің тарайтынын айтып жатудың өзі артық. Осы орайда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің облыс бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне қайырылған едік. Департамент басшысының орынбасары Байділдә Сейділдәұлы мекеменің батуттардың тазалығына араласа алмайтынын, бірнеше жылдар бұрын мұндай құзіреттің алынып тасталғанын айтады.

Сонымен, әлдекімді сынап-мінеу үшін емес, ақ-қарасына көз жеткізіп, жағдаймен таныспақ ниетте қаланы аралап, батуттардың жұмысымен танысып шықтық. Бір анығы, бұрнағы жылдарға қарағанда батуттардың әлдеқайда азайғанын және қауіпсіздік талаптарына басымдық беріп жатқанын аңғаруға болады. Өйткені, былтырғы жылдары тіпті орталықтағы саябақтарды былай қойғанда, кейбір ықшамаудандардың өзінде батуттардың қаптап тұрғанын көзіміз көрген-ді. Ал, қазір ондай жүгенсіздік тыйылған. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз. Сол себепті, батуттардың күн суытпайынша жинала қоймайтынын ескерсек, жауапты сала мамандары қара күзге дейін жағдайды бақылауда ұстап отырғаны абзал.

Талғат НҰРХАНОВ
Тараз қаласы

ПІКІР