Жастар.kz

Балалар алаңшасы жаңғыртылды

Written by Aray2005

Балалар алаңшаларын ретке келтіретін «Біздің аула» жобасы аясында «Мыңбұлақ» мөлтек ауданындағы балалар алаңшасы ретке келтірілді.

Мектеп оқушылары үшін алда үш ай жазғы демалыс. Енді олардың алаңшаларда асыр салып ойнауларына ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен кейбір балалар алаңшаларындағы жағдай аса мәз емес. Әткеншектер сынып, ондағы орындық тақтайлары жұлынып, сұрқы қашқан. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында волонтерлердің көмегімен  «Мыңбұлақ» мөлтек ауданындағы балалар алаңшасына дәнекерлеу, сырлау және тазалық жұмыстары жүргізілді. Игілікті істі облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды.

Шараға Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің бітіруші түлектері, оның ішінде дәнекерлеушілер мен электр мамандары, оқытушылар ерікті ретінде қатысқанын да айта кеткен жөн.

– Оқу орнымыздағы еріктілер мен оқытушылар мөлтек аудандағы балалар алаңшасын жаңалап жатырмыз. Расында, биылғы еріктілер жылында өңірдегі әр саланың мамандары осындай игілікті істерге ұйытқы болып, бастамашыл болса қаламыз гүлденер еді. Сондықтан барлық сала мамандары мен қызметкерлерді, қала тұрғындарын волонтер ретінде шаһардың гүлденуі мен тазалығын сақтауға шақырамын, – дейді колледждің өндірістік оқыту шебері, ерікті Рүстем Төлеубек. Айта кетерлігі, волонтерлердің қатысуымен жыл соңына дейін қаладағы барлық тұрғын үйлердің алаңшаларына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

ПІКІР