Балалар бақылаусыз қалмасын!

0 18

Бүгінде қоғамды алаңдататын өзекті мәселелердің бірі – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстық оқиғалардың көбеюі. Елімізде аталған қылмыс түрімен күрес жүйелі түрде жүргізілгенімен, өңірде балаларға жәбір көрсету фактісі артпаса, азаяр емес.

Облыстық полиция департаменті берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың екі айының өзінде облыс аумағында жасөспірімдерге қатысты сексуалдық сипаттағы 61 қылмыс жасалған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға артық. Сорақысы, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңес беріп, қорғап-қолдаудың орнына жақын туыстары да жас балаларға «қол жұмсаған» көрінеді. Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция подполковнигі Нұркен Абдулиннің айтуынша, педофилдердің алдын алу мақсатында жасөспірімдермен тиісті жұмыс жүргізілуде екен.
– Мұндай қылмыстар полиция қызметкерлерінің кіру мүмкіндігі шектеулі пәтерлерде, жекеменшік үйлер мен жатақханаларда орын алатын болғандықтан, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қиындық тудырады. Көбіне азғындыққа жәбір көрушілердің жақындары, өгей әкелері немесе көршілері секілді айналасындағы жақындары барып жатады. Мұндай құқықбұзушылықтардың себебі – көбінесе жасөспірімдердің адамгер­шілік тәрбиесінің төмендігі, бақылау­дың жетпеуі және ата-аналар тарапынан тәрбиелік жұмыстардың әлсіздігі. Бізде жыныстық сипаттағы қылмыстар саны өсіп жатқан жоқ. Кәмелет жасына толмағандарға қатысты қылмыстар өсуде. Ал жыныстық қылмыстар азаюда, – дейді Н.Абдулин.
Психолог мамандардың да пікірі осыған саяды. Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік үшін ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмағаны жөн. Мектеп жасындағы оқушы ата-анасына қайда, кіммен жүргенін үнемі хабарлап отыру керек екенін ескертеді.
– Педофилдер көбіне баланың жанында жүрген немесе бала жақсы танитын жандар болып келеді. Қазір өгей әке, өгей аға, нағашы, мұғалім секілді балаға жақын жандардың жыныстық сипаттағы қылмысқа барып жататыны ащы да болса шындық. Әрине, айналаның бәріне күдіктене қарау дұрыс емес. Дегенмен ата-ана өте мұқият, қырағы болғаны жөн. Әрдайым баланың айналасындағы достарына көңіл бөліп, кіммен араласып жүргенін білгені дұрыс.
Сондай-ақ баланың сөздеріне мән беріп, сеніммен қарау керек. Көп жағдайда балалар ешнәрсені тікелей айта алмайды. Егер бала «пәленше ағамен қызықты ойын ойнадық немесе мені енді пәленшемен бірге қалдырмаңыз, ол үйге барғым келмейді» деген сияқты сөздер айтатын болса, мұның себебін ақырын сұрап көру керек. Себебі педофилдер көп ретте «саған ешкім сенбейді» деп баланың сенімін жоғалтып, қорқытып қояды. Сондықтан әр ата-ана балаларына сенетінін көрсете білуі тиіс. Бейтаныс жандармен сөйлеспеуге үйрету қажет. Әсіресе үлкендердің сөзін екі етпейтін, тәртіпті балалардың ата-аналары осы дүниелерді күнделікті айтып отырғаны жөн. Себебі ондай балалар «жоқ» деген сөзді айтпайды, олар үшін ересектердің айтқаны дұрыс. Одан жақын маңдағы дүкенге жол көрсетуді, жоғалтқан затын табуға көмектесуін өтінуі немесе жай өз танысымен шатастырғанын айтып, түрлі жолдармен алдауы мүмкін. Көп жағдайда педофилдер өз құрбандарының атын біледі. Өйткені балалар ойын ойнағанда бір-бірінің атын атап шақырады. Ал қаскөй үшін осылай ойнаған балаларды 5-6 минут сыртынан бақылап, атын жаттап алу қиын емес. Өте тәртіпті, ұқыпты балалар сенгіш келеді. Сондықтан оларды алдау тіптен қиын емес. Маған көмегің керек еді деген сөздің өзі жеткілікті, – дейді №5 мектеп-гимназияның педагог-психологы Қарашаш Жарасова.
Сондай-ақ бала ата-анасының өзін жақсы көретінін біліп өсуі қажет екенін және ата-аналар қауымы балаларға жастайынан жыныстық тәрбие беру керектігін ескертеді.
Сөз басында айтып өткеніміздей, сексуалдық сипаттағы қылмыс саны жыл санап өсіп жатқандықтан биылғы жылдың қаңтар айынан бастап заң қатайды. Яғни заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес енді қылмыскер ең кем дегенде 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал баланың ата-анасының, педагог немесе өгей әкесінің қылмысқа барғаны дәлелденсе, оларға қолданылатын жаза 17 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтылды. Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Қанат Дүмшебаев егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Кәмелетке толмағандарға сексуалды сипатта зорлық көрсететіндерге қарсы қылмыстардың шеңбері кеңейтілді. Бұл Қылмыстық кодекстің 3-бабының 42-тармағына сәйкес жүргізіледі. Яғни оларға Қылмыстық кодекстің 134-бабы (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 144-бабы (кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді жасауға тарту), 312-бабының 2,3-бөліктері (кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды дайындау және олардың айналымы немесе оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық шараларына қатыстырғандар) бойынша қатаң жазаланады.
Бұл бастама 2020 жылдың 31 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген» жаңа заңнан кейін қабылданған. Заңның ережелері екі тапсырманы іске асыруға бағытталған. Біріншісі – өкілеттіктерді нақты ажырата отырып, қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу. Екінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру.
Биыл біз қылмыстық процестің жаңа үш буынды моделін бастадық. Үш буынды модельдің ерекшелігі – дәлелдемелерді қылмысты қудалау органдары жинайды. Шешімді прокурордың өзі қабылдайды. Ал сот оған баға береді. Үш буынды модельдің қадамы біріншіден – уақытты үнемдейді. Екіншіден – ашықтықты қамтамасыз етеді. Үшіншіден – азаматтардың қылмыстық процесс шеңберіне негізсіз тартылуын болдырмайды. Ендігі жерде азаматтардың тағдыры бір ғана тергеушінің қолында емес, барлық құқық қорғау органының назарында болады, – деді Қанат Дүмшебаев.

Иә, жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу қатаң бақылауға алынып, қылмыскерге тағайындалатын жаза да күшейді. Дегенмен ең бастысы бала жауапкершілігі – ата-ана мойнында екенін ұмытпаған абзал.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.