Қоғам

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 2018-2019 жылдың жазғы демалысын ұйымдастыру тақырыбы бойынша облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Мақсат Акимбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Жәмила Елеуқызының айтуынша, жазғы демалыс маусымында өңірде 425 мектеп жанындағы лагерь және 10 қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Онда 100 пайыз оқушы сауықтырумен және ұйымдастыру шараларымен қамтылмақ.
Ал Қуанышбек Қалжанов облыстық полиция департаменті басшысының бұйрығына сай жазғы лагерьлердегі қауіпсіздікті бақылау басты назарда болатындығын, бұл бағытта жүйелі жоспар түзілгендігін тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз алған Мақсат Акимбаев жыл сайын оқушылардың жаз маусымына байланысты төтенше жағдайлар департаменті тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін, әсіресе шомылу маусымы аясында жұмыс жандана түсетіндігін айтты.
– Шомылу маусымы басталысымен балалардың жаппай суға кету жағдайлары орын алады. Мәселен, 2018 жылы 20 адам суға кетіп, мерт болды. Оның ішінде 13-і – 7 жас пен 14 жас аралығындағы балалар. Осыған орай шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қатаң сақтау мақсатында өңір басшысының қаулысымен облыс бойынша жаппай адамдар шомылатын 15 орын анықталды. Ендігі кезекте сол орындарда құтқарушылардың бекеттерін орнату мәселесі қолға алынуда, – деді Мақсат Әшірбайұлы. Брифинг соңында спикерлер журналистердің сауалына жауап берді.

Айжан Өзбекова

ПІКІР