"Кәсіпкерлік"

БАЛАЛАРДЫ БИЗНЕСКЕ БАУЛУДЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің дамуына үлкен қолдау көрсетілген сайын оған ден қоюға құштарлық танытатындардың еселеп артып жатқандығын көзбен көріп жүрміз. Көңілге қуаныш сыйлайтыны, өз кәсібін ашуды мақсат еткен жандардың қатарында жас жеткіншектердің де қарасы қалың. Әлбетте, бизнесте табысты болу үшін оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетудің маңызы зор. Осы орайда ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздегі барлық білім мекемелерінде «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытыла бастайды. Пәнді білім бағдарламасына енгізуде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен дайындалған «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» оқулығы республиканың 16 мектебінде апробацияға ұсынылып, алғашқы дәрістер жүргізілді. Сол арқылы бірер ай ішінде жаңадан енгізілген пәнге арналған оқу құралының тиімділігі зерделенді.

Әзірге біздің облыста бизнеске баулудың дәрістері тек Тараз қаласындағы №9 орта мектептің оқушыларына ғана оқытылды. Бір тоқсан бойы «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» оқулығымен өз шәкірттеріне жаңа пәннің мән-мазмұнын түсіндірген №9 орта мектептің мұғалімі Ержан Рәпілбаев бұл курстың берері мол екендігіне сенімді.

– Пилоттық жоба ретінде бағдарламаға енгізілген пәнді облыста алғаш рет біздің мектептегі 10-сыныптың 21 оқушысы оқыды. Жаңа пән арқылы өз шәкірттеріме кәсіпкерлік, сауда ұғымдары жайында көрнекі құралдардың көмегімен мейлінше мол ақпарат беруге тырыстым. Оларға «Бизнес және кәсіпкерлік негіздерін» оқытуда тек теориямен шектелу аздық етеді. Сол себептен де оқушыларға арнап іскерлік ойын ұйымдастырып, өз бизнесін ашудың жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мәселен, рөлдік ойындарда жеткіншектерге өздерін компания директоры, бас есепші, қаржыгер сезінуге мүмкіндік беріледі. Сол арқылы олардың іскерлігі, қарым-қабілеті бағаланады. 16 сағатқа созылған курстың нәтижесі жаман емес. Оқушылардың белсенділігі өте жоғары. Тіпті, мектепті аяқтай салып өз кәсібінің негізін қалауға ниеттілері де баршылық. Әсіресе, әлеуметтік сұранысқа ие кәсіп түрін бастауға бел буғандардың көптігі бұл пәнді оқыту бағдарламасына енгізудің тиімділігін аңғартады, – дейді Ержан Рәпілбаев.

Осы пән оқытылған аз ғана уақыт ішінде бизнес ұғымын санасына сіңіріп үлгерген 10-сынып оқушысы Саид Тафиев мектепті аяқтай сала жеке кәсіпкерлікпен айналысуға әзір.
– Жаңа оқулықты қолымызға алғанда «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» атауы барлығымызға таңсық көрінді. Әдетте, бұл пән арнаулы немесе жоғары оқу орындарында қаржы-экономика мамандығы бойынша білім алатын студенттерге оқытылады ғой. Бірақ, аз уақыттың ішінде біздің үйренгеніміз көп болды. Соның арқасында жеке бизнес бастауға құштарлығым артты. Мектепті тәмамдаған соң міндетті түрде кәсіпкерлікпен айналысқым келеді. Пән мұғалімінің тапсырмасына сай өз ойымда жүрген сүт өнімдерін шығаратын цех ашудың бизнес-жоспарын әзірледім. Болашақта өз кәсібімді ашу арқылы өңір экономикасына өзімнің өлшеусіз үлесімді қосқым келеді, – дейді Саид Тафиев.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Мырза-Ғали да кәсіпкерлік негіздерін оқытудың оқушылар үшін оңтайлы тұсы көп екендігін алға тартады.

– Әрине, мектеп жасындағы жасөспірімдерге экономикалық терминология, бизнес-жоспарды дайындау, заңды тұлғаны тіркеу, қаржылық есеп және бизнесті құқықтық реттеу тақырыптарын игеру оңайға соқпасы анық. Бірақ, бұл жастарды нарық заманына бейімдеп, бәсекеге қабілетті ету үшін қажет. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жастар бизнесін қолдауға көп күш салып жатыр. Соның нақты мысалы ретінде білім беру бағдарламасына «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» пәнінің енгізілуін атап өтуге болады. Бұл бағыттағы жұмыстар Білім және ғылым министрлігімен 2014 жылдан бастап қолға алынды. Арнайы оқулық та әзірленді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап бұл пәнді еліміздегі барлық мектептердегі 10-11 сынып оқушылары оқиды,–дейді.

Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы жер-жерде қызу қолдау табуда. Сонымен қатар, жаңа пәнді оқытуға дайындық шаралары кеңінен пысықталуда. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігі биылғы жылдың көктемінде бұл пәнді оқытатын 3 500 мұғалімнің қайта даярлаудан өтетінін мәлімдеді.

Қалай десек те, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің озық тәжірибесін ескере отырып, «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» пәнін білім беру бағдарламасына енгізудің берері мол болмақ. Әрине, жастарды мектеп қабырғасынан бизнеске баулу оңай шаруа емес. Оған үлкен дайындық жұмыстарының қажет екендігі айтпаса да түсінікті жайт. Бұл орайда басымдықты білім жүйесінің бас ауруына айналған оқулықтарды талапқа сай етіп басу мен пән мұғалімдерінің біліктілігін жетілдіруге берген жөн. Ал, жаңа пәннің жастарды жұмыспен қамту, оларды нарық талабына бейімдеудің тиімділігіне баға беру уақыттың еншісінде қала бермек.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР