БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУЫ ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУЫ КЕРЕК

0 4

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен сенбіде Тараз қаласындағы бірқатар білім беру нысандарын аралады. Атап айтқанда, өңір басшысы №22 орта мектептің жаңа ғимараты, саңырау және нашар еститін балаларға арналған мамандандырылған «Мейірім» мектеп-интернатының оқу корпусының құрылыс барысымен танысты.

«Сахпоселок» массивінің аумағында орналасқан №22 орта мектеп ғимаратын кеңейту қажеттілігі туындағанына аз болмаған. Тозығы жеткен қос қабатты екі ғимаратта 400-ден астам оқушы білім алуға мәжбүр болып келген еді. Ескі ғимараттың бірі 1972 жылы мектеп үшін арнайы салынса, екіншісі 1880 жылы бой көтерген. Бір қызығы, екінші ғимарат бір кездері бай саудагерге тиесілі болған. Кейінірек саудагер ғимаратты бастауыш сыныптардың игілігі үшін пайдалануға берген. Осы жылдар ішінде мектептің екі ғимараты да бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен.
Білім беру мекемесінің директоры Шолпан Дихонбаеваның айтуынша, жыл сайын оқушылар саны артып, қазіргі таңда 480-ге жеткен. Бұл мектеп тарихындағы ең жоғары жүктеме болып табылады.
– Мектепті кеңейту туралы мәселені бұрыннан көтеріп келеміз. Бастапқыда жергілікті билік білім ошағына күрделі жөндеу жүргізіп, тағы бір оқу корпусын салу туралы шешім қабылдады. Бірақ облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өткен жылдың көктемінде мектепке келіп, балалардың қандай жағдайда оқитынын көріп, көрші аумақта жаңа мектеп ғимаратын салу туралы шешім қабылдаған болатын. Енді міне, балалар мен ата-аналар, мұғалімдер құрылыс жұмыстарының аяқталуын асыға күтуде. Келесі оқу жылында жаңа мектепте оқимыз деп үміттенеміз, – деді Ш.Дихонбаева.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы– 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан №22 орта мектептің жаңа ғимараты 600 балаға арналған үш қабатты екі корпустан тұрады. Нысанды осы жылдың соңында тапсыру жоспарлануда.
Бердібек Сапарбаев құрылыс материалдарына және ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударды.
– Жаңа мектеп заманауи, әдемі көрініске ие болу керек. Біз балалардың жан-жақты дамуы мен білім алуы үшін жақсы жағдай жасауға тиіспіз. Мектептің бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін қосымша білім беру үшін түрлі секциялар ашу қажет. Ол осы аймақ тұрғындары үшін аса маңызды,– деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ бүгінге дейін мектеп тек орыс тілінде білім беріп келсе, пайдалануға берілгеннен кейін мұнда қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашу қарастырылуда.
Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жаңа мектептің барлық құрылыс жұмыстарының сапасын мұқият бақылауды, аулаларын барынша жарықтандыруды және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мекеме аумағын сенімді қоршаумен қамтуды тапсырды.
Бұдан соң облыс әкімі саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Мейірім» мектеп-интернатына арнайы ат басын бұрды. Онда бүгінде облыстың түкпір-түкпірінен келген 130 бала білім алуда. Мекеме бұрынғы балабақшаның ыңғайластырылған ғимаратында орналасқандықтан жергілікті билік қосымша 80 орындық оқу ғимаратын салу туралы ұйғарымға келген.
– Бастауыш сыныптар мен мектепалды даярлық топтар бұрынғы ғимаратта қалады. Онда ұйықтайтын бөлмелер, спортзал, кәсіптік бағдар беру кабинеттері бар десек, оларда қыздар тігіншілікпен, тамақ әзірлеумен айналыса алады. Ал ұлдар металл және ағаш өңдеу техникасын игереді. Жаңа ғимаратта тек жоғары сыныптар оқитын болады. Сонымен қатар он үлгілік оқу кабинеті, он бейінді – сурдопедагогтардың сабақтарына арналған арнайы жабдықтармен жарақтандырылған кабинет, педагог-дефектологтың жеке сабақтарына арналған және информатика кабинеттерімен қамтылған,–деді мекеме директоры Азат Назаралиева.
Қазіргі таңда мектеп-интернаттың жаңа оқу ғимаратының құрылысы 70 пайызға аяқталған. Ғимаратта балалар эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде ғана оқи бастамақ. Бүгінде мектептің барлық оқушылары үйде қашықтықтан білім алуда.
Бердібек Сапарбаев мекеменің жұмысымен танысып, тәрбиеленушілерінің жетістіктеріне қанықты. Мұғалімдер балалардың өнердегі және спорттағы жетістіктері туралы мақтанышпен жеткізді. Айтуларынша, мектеп түлектерінің арасында көптеген спорт шеберлері бар екен.
Өңір басшысы жаңа оқу ғимаратын салудың маңыздылығын атап өтіп, онда есту қабілеті бұзылған балаларды оқыту үшін барлық жағдай жасалатынына айрықша көңіл бөлді. Сонымен қатар облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі балалар арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту керектігін баса айтты. Айталық, бұл іске шаштараздар, тігін шеберханаларын немесе массаж салондары сияқты жеке компанияларды тарту аса маңызды. Олардың негізінде орта мектеп оқушылары оқи отырып, пайдалы дағдыларды игеріп шыға алады. Дәл осы бағытта есту патологиясы бар адамдар жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев жақында ғана күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған №20 орта мектепке де арнайы барды. 525 орынға есептелген мектеп ғимараты 1962 жылы Тараз қаласындағы Крылов көшесінде бой көтерген. Қазіргі уақытта мұнда 379 бала орыс және қазақ тілдеріндегі сыныптарда оқуда. Мекеме директоры Гүлнар Төлендиеваның сөзіне сүйенсек, мектепте ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмеген. Өткен жылдың тамыз айында ғана мектеп нысанына күрделі жөндеу басталған.
Балалар жаңа тоқсаннан бастап, яғни 11 қаңтардан бастап толықтай жаңартылған өз мектептерінде білім алуда. Қазір мектеп жаңа келбетке ие болған. Нақтырақ айтсақ, ғимараттың қасбеті боялып, терезелері мен есіктері, едендері ауыстырылған, әр қабат ерекше дизайнмен әрленіп, жиһаздары да толығымен жаңаланған.
– Мектептің заманауи көрініске енгенін көріп отырмыз. Дизайны да жақсы таңдалып, түстер өз үйлесімін тауыпты. Меніңше, балалар енді мұнда жоғары көңіл-күймен әрі жағымды әсермен білім алатын болады,– деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.