Uncategorized

Балалардың көңілі далаға ауып тұр…

Written by Aray2005

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасында құқық  бұзушылықтың алдын алу мақсатында тиісті мемлекеттік органдармен жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында  кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсіп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді.

– Жыл басынан бері комиссияның 11 отырысы өткізілді. Арнайы жұмысшы топтары Тараз қаласы, Қордай, Талас, Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 5 ауданда 125 үйді аралап, 200-ден астам кәмелетке толмағандармен кездесу өткізді. Үй-тұрмыстық жағдайлары зерделеніп, актілер толтырылды. 62 отбасының құжаттары бойынша кеңестер берілді. Байзақ, Сарысу аудандары әкімдерінің орынбасарларының, дін істері басқармасының басшысының есептері тыңдалды. Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Жуалы аудандарының әкімдері мен облыстық білім басқармасының басшысына орын алған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныс-хаттар жіберілді. Ұсынысқа сәйкес 36 жауапты қызметкерге тәртіптік шара қолданылып, 3 қызметкер өз еркімен жұмыстан босатылды.

Аудандық, Тараз қалалық әкімдері жанындағы комиссияларда 56 кәмелетке толмағанға және 50 ата-анаға қатысты істер қаралып, 111 комиссия отырысында 135 қаулы қабылданды.

Биылғы жылдың 6 айында полиция бөлімдеріне 6091 кәмелетке толмаған жеткізілді, 478 жайсыз отбасы (оның ішінде 823 бала) есепке алынды, 37 кәмелетке толмаған арнайы мектепке орналастырылды, 55 ата-ана ата-аналық құқығынан айырылды. 2065 бірлескен рейд өткізілді, – дейді Сұлушаш Сәтбекқызы.

Рейдтер барысында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін — 5420 жасөспірім, оның ішінде, спирттік ішімдіктерді ішкені үшін — 150, бұзақылық жасағаны үшін — 63, оқудан жалтарып, қаңғыбастыққа салынып, садақа сұраумен айналысқаны үшін — 215 жасөспірім, түнгі мезгілде қадағалаусыз жүргені үшін — 2941 жеткізілген. Ал 238   жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

ПІКІР