Балалардың жазғы демалысы қалай өтіп жатыр?

0 9

Келешектің кемелдігі бүгінгі балалардың тәлімі мен біліміне байланысты болғандықтан да болашақ иелерінің әрбір күніне жауаптылықпен қарау маңызды. Әсіресе жазғы демалыста мектептегі сабақтан да босайтын балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, үш ай бойғы демалыста үйренген білімін ұмытпауға күш салу да қажет. Өткен оқу жылы бұрын-соңды болмаған ерекше жағдайда өтті. Жазда да індеттің қаупі сейіле қойған жоқ. Осындай шақта оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр? Сабақтан босаған балалар қайда жүр?

Облыс әкімдігінің білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірімізде оқушылардың жазғы демалысы 5 бағытта ұйымдастырылыпты.
– 2020-2021 оқу жылының соңында 1 мен 10-сынып арасында 217 402 оқушы оқуды тәмамдады. Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылдың
3 маусымдағы №26 қаулысына сәйкес жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқушыларды демалыспен қамту шаралары жүргізілуде.
2021 жылдың 1 маусымынан бастап 124 мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылған лагерьлерде 6 971 бала толығымен қамтылды. Сонымен бірге 414 мектеп жанындағы демалыс алаңдарында 23 893 оқушы түрлі бағыттағы іс-шаралармен қамтылды.
Сонымен қатар қалалық жерде тұратын, Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларының және Қордай ауданы бойынша 27 мыңнан астам оқушы ауылдық жерде тұратын ата-әжелерінің үйінде демалуда. Көпбалалы, аз қамсыздандырылған отбасы балаларының жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 555,9 миллион теңге қарастырылған. Олар қала сыртындағы 7 лагерьде демалды. Барлығы да талапқа сай медициналық бақылаудан өткен 4 172 бала сауықтыру шараларымен қамтылған. Бұл қала сыртындағы демалыспен қамту жоспарланған балалардың 54 пайызын құрайды.
Сондай-ақ конкурстың қорытындысы бойынша облыстағы төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық департаменттерінің рұқсатын алған қала сыртындағы лагерьлер кезең-кезеңмен жоспарланған көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларын демалыспен қамту шаралары жалғасады.
Одан бөлек облыстың көпбалалы, аз қамтылған отбасының 9 баласы Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында демалса, түрлі бағыттағы жарыстардың, байқаулардың халықаралық, республикалық және облыстық 179 жеңімпазы Ақмола, Алматы, Түркістан облыстарында орналасқан «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында демалыспен қамтылды.
Балалардың жазғы каникул кезінде аудандар мен Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсиялар ұйымдастырылды. Бір топта 15 баладан құралған 575 топ, құрамында 8 мыңнан астам оқушы облыстағы тарихи орындармен танысты, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов.
Жазғы демалысын қаншалықты пайдалы өткізіп жатқанын балалардың өздерінен сұрағанымызда бірі лагерьдегі қызықты күндерін айтса, енді бірі ауылдағы шаруаға араласып, еңбектің қайнауында жүргенін жеткізді.
– Мен жазғы демалысымды Бурабай демалыс аумағында орналасқан «Лесная сказка» атты лагерьде өткіздім. Сол жақта өткізген 3 күн биылғы жаздың жайдарлы сәттерін мәңгі есте қаларлықтай етуге мүмкіндік берді. Таңның атысымен күннің батысына дейін тәлімгерлермен бірге түрлі ойындар ойнап, күнімізді қызықты өткіздік. Экскурсия, би кеші, концерттер мен ойын-сауықтар, қызықты шерулер және ең бастысы, сол жақтың табиғаты ерекше бөлек әлем ретінде жадымызда сақталды. Әрине, ең дәмді асханасын айтпай кетуге болмас. Әр мезгілде бір-бірін қайталамайтын, дәмі тіл үйірер ас-ауқаттар денімізге қуат берді. «Еду, еду асхана, қарным ашты масқара!» деп ұрандатып, кезекке тұрғанда ән айтып, ойын ойнап үлгеретінбіз. Өте қызықты болған тағы бір сәт – әрине, бұл барлық отряд бойынша жарысып, ұрандатып ойнағанымыз. Жеңісі тәтті, ал жеңілісі көңіл күйімізді бұзбайтын да еді. Жалпы айтқанда, мен бұл лагерьге барғанымды үлкен олжа санаймын. Бұл жаз мен үшін қызығы мен шыжығы мол сәттерге толы болды, – дейді Тараз қаласындағы №54 орта мектептің 7-сынып оқушысы Аяжан Айтбаева.
Аяжанның әңгімесінен нағыз алаңсыз балалықты байқасақ, біз әңгімеге тартқан 11-сыныпқа баруға дайындалып жүрген бозбаланың айтпағы – шаруаның жайы.
– Биылғы жазда 10-сыныпты аяқтап, мектеп бітіретін 11-сыныпқа барғалы отырмын. Бұған дейінгі жазғы каникулдарымды лагерьде де, ата-анаммен бірге өзге қалаларға саяхаттаумен де өткіздім. Енді үлкен өмірге қадам басып келеміз. Ер бала болған соң бізге ертерек еңбекке араласып, шаруаның қыр-сырын меңгеру керек. Әсіресе биылғы жыл ауыл шаруалары үшін малдың жемшөбі жағынан біраз ойландырып тұр. Сондықтан бұл жазды әкеме көмектесуге арнадым. Өткенде біраз күн студент ағаммен бірге тау жақта шөп шаптық. Қазір ауылымыздағы үй-жайларын жаңартып жатқан кісілердің құрылыс жұмыстарына көмектесіп жүрмін. Болашақта елімнің абыройын асқақтатар спортшы болсам деген үлкен мақсатым бар. Бүгінге дейін спорттық жарыстарда бақ сынап, өзімді шыңдап жүрмін. Спорт бір сәтке де жаттығудан қол үзбеуді талап етеді. Сондықтан күнде кешкі қоңыр салқын сәтте жаттығуыма да көңіл бөлемін. Келешекте ой өрісімен де, дене бітімімен де кемелденген, шымыр тұлға, шебер спортшы, жан-жақты адам болу үшін бүгінгі әр күнімді бос өткізбеуге барымды салып жүрмін, – дейді Луговой ауылындағы М.Горький атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Нүркен Рахметуллаұлы.
Әрине, болашақ бүгіннен басталады. Бүгінгі әрбір әрекетіміздің нәтижесі ертең алдымыздан шығары ақиқат.
Лагерьге барған оқушылардың қасында болып, бала болып ойнап, өз ата-анасындай қамқорлық көрсеткен мұғалімдер бұл демалыс жайында не дейді?
– Балалармен өткен әр күніміз таңғы жаттығумен басталады. Ал кешіміз би алаңында немесе алау жанындағы әңгімелесу, ән шырқаумен аяқталды. Лагерьдегі әр күнге жоспарланған арнайы бағдарлама бар. Бір күнді ән-би концертіне арнасақ, келесі күні спорттық жарыс, тағы бірінде табиғат аясындағы экскурсияға шықтық. Қатты ыстық болған күндері өзара су шашып, бассейнге шомылып, ми жаттықтыратын ойындар да ойнадық. Негізі лагерьдегі мақсат – балаларды әке-шешесінен жырақта өз бетінше өмір сүруге баулу. Оқу барысында алған білімдерін ұмытып қалмай, бойдағы бар өнерлерін шыңдау, табиғатпен танысып, қоршаған ортаға деген қамқорлық қасиеттерін қалыптастыру. Өзім куә болған лагерьдегі шаралар осы үдеден шыға алды деп ойлаймын, – дейді ұстаз Гүлзада Қырықбаева.

Қауіпсіздік қалай қадағаланады?

Балалардың демалысын ұйымдастырған орындарда қауіпсіздік шаралары қалай қамтылып жатқанын осы істің басы-қасында жүрген маманның өзінен сұрадық.
– Әрине, балалардың қауіпсіздігі қай кезде де біздің жіті назарымызда. Оқушылардың жазғы демалыс барысында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету шаралары қатар жүргізілуде. Жоғарыда аталған лагерьлер жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық және төтенше жағдайлар департаменттерінен жұмыс жүргізуге байланысты рұқсаттары алынған. Қала сыртындағы лагерьлердің басшылары келісімшартпен жұмыс істейтін педагог кадрлар мен асхана жұмыскерлерін, кіші қызметкерлерді, дәрігерлерді және күзетшілерді жаз уақытында жұмыспен уақытша қамтиды. Сонымен қатар медициналық байқаудан өткен кітапшалары мен қазіргі талапқа сай ПТР-тесттің қорытындысымен жұмысқа қабылданған.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.