Жеңіс-75

Балалық шақты ұрлады 41-дің жалыны

Written by Aray2005

Әрбір адамның балалық шағы өзінің шуағымен, қуанышымен есте қалатын ең бақытты кезеңі. Алайда балалығы сұрапыл соғыспен қатар келген бүгінгі ата-әжелерімізді тағдыр тауқыметінің тым ерте есейткені жасырын емес. Қорқыныш пен күмәнға толы сол заманды басынан өткізген олардың әрқайсысының өз айтары бар.

Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбек Қарғабаев 1942 жылы соғыстың зұлмат жылдары дүниеге келіпті.
– Мойынқұм ауданындағы қазіргі Талдыөзек ауылында тұрдық. Әкем Сейіт Қарғабаев еңбекқор, әрі ержүрек азамат болған. Бірақ Отан қорғауға соғыс алаңына аттанғысы келгенімен әскери комиссариаттан өте алмады. Әкемнің мінезі де, дене бітімі де, денсаулығы да толық жараған. Тек шашының ерте ағарғандығы кедергі болыпты. Әйтпесе әкем ол кезде жасы қырықты жаңа алқымдаған еңселі ер еді. Содан комиссариаттың шешімімен 1943 жылы әкем еңбек армиясына Ақтөбе қаласына жіберілді. Сол жылдары Ақтөбеде үлкен шахта жұмыс істеген екен. Шахтадан қорғасын шығарылып, одан оқ дәрілері өндірілетін деп еститінбіз. Әкем жоқта анам бізге бір өзі қарап, жағдайымызды жасауға тырысты. Бала болдық, бірақ балалықтың дәмін тата алмадық.
Соғыс жылдары ойда тек жауды жеңіп, тезірек отбасымен қуанышта қауышу болатын. Әкем шахтада жүргенінде түсінде көкпар тартып, қолындағы серкемен аттылардың алдында келгенін көріп, «Ауылға шахтадағылардан бірінші болып қайтамын» деп жорыған екен. Қасындағылар осы түстен кейін әкемнен «Қашан қайтатын болдың?» деп күнде сұрайтынды шығарыпты. Кейін шахта бастығы әкемді жеке шақырып алып «Жолға жинала бер» деген екен. Сөйтіп әкемнің түсіндегі аяны анық келіп, расында ең бірінші болып ауылға аттаныпты. Сол секілді түсінде қызыл әскер жауды тізе бүктіріп жатқанын да бірнеше мәрте көріп, Жеңістің біздің жақта екеніне нық сеніммен жүріпті. 1945 жылы ауылға оралған әкем бірден шаруашылықпен айналысып, отбасы қамын жасауға кірісіп кетті.
Әлі көз алдымда… Сол кездегі аналар, жасөспірім балалар мен қарт кісілер екі қолға бір күрек алып жаппай еңбек ететін. Тапқан нәпақаларын шырылдап күтіп отырған балаларына азық қылатын. Пошташы көше аралағанда барлығы алдынан шығып қолдарын созатын. Соғысқа аттанған балаларынан, әкелерінен, жарларынан «аманбыз» деген хабар алуға асығатын. Қолға «қара қағаз» түскенде қан жұтып, қабырғалары қайысып жататын көріністер де анық есімде. Сол балалық шақ біздің Отанға деген құрметімізді арттырып, салмақтылық пен сабырлыққа, қиындыққа қасқайып қарсы тұруға, еңбектенуге, ас қадірін, әке мен ананың қадірін бағалауға үйреткен еді,– дейді қазыналы қарт.
Ал соғыстың қиындығын бала жүрегімен сезінген Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны Нұрлыбек Оспановтың да естеліктері сонау қиын кезеңді көз алдымызға келтіргендей болды.
– Мен 1939 жылдың қыс айында дүниеге келдім. Сондықтан соғыстың соңғы жылдары және кейбір жағдайлар ғана еміс-еміс есімде. 1-2 шағын бөлмелі қоржын тамда тұрамыз. Ол үйде еден деген атымен жоқ. Қамыстың үстінде отырамыз. Ауылда отын қылатын көмір түгілі тал-дарақ таппайсың. Бірер үйде ғана 1-2 сиырдан бар. Таңертең әркім өріске бара жатқан өз сиырының соңынан еріп жапасын теріп, оны кептіріп отын қылады. Жоқшылықтан зардап шеккен халық бір-біріне сиырының жапасын да бермейді. Ауылымызда еркек кіндік жоқ. Әйелдер мен балалар, қарттар ғана. Аналарымыз кеңшарда еңбек етті, канал қазатын. Ауыр еңбегіне лайықты ақы да алмайды. Жеген нанымыз жүгеріден жасалатын. Бидайдан қалған масақты тереміз. Оның өзінде ұстап алса қамбаға апарып қайта төктіреді. Осылайша өлместің күнін кешіп жатқанымызда майдандағы әкемнің қайтыс болғаны жайлы «қара қағаз» келуі жығылғанға жұдырық болғандай әсер етті.
Әулеттегі әйелдер қолдарына түскендерін қосып қазанға салып кейде бас қосатын. Майданда сұрапыл соғыс болып жатса да, аналарымыз көңілдерін көтеріп, кейде ауылдың алты ауызын айтатын. Қара танып қалған балалар сынған шамның жарығымен майданнан келген хаттарды күнде оқып беретін. Күнде сол хаттарды тыңдай берген соң жаттап та алатынбыз, – дейді Нұрлыбек қария.
Әрине, соғыстың аты – соғыс. Талай жауқазын ғұмырды жетім еткен қатыгез қақтығыс. Балалығын соғыс ұрлаған жандар бүгінде аз емес. Бұл теңіздей тебіреністің тамшысы ғана. Қалай дегенмен бұл кісілердің естелігі бейбіт күннің қадірін арттыра түсетіндігі анық.

Айжан Өзбекова

ПІКІР