Айна

Балам жақсы болсын десек, өзімізді түзейік!

Өмірдің сан қырын көріп, көкейіне өнеге түйген кешегі ғұламалар «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп, артындағы ұрпаққа өсиет қалдырды. Ал, мен бүгінгі жастарға «Балам жақсы болсын десек, өзімізді, сөзімізді түзейік» деп аталық ақылымды айтқым келеді. Жасөспірім бала біздің айнамыз, көшірмеміз. Үлкендер не істесе, соны қайталайды.

«Отан отбасынан басталады». Алдымен отбасындағы тәрбиені жолға қоймай, болашақ ел иелерін ойлағанымыздай азамат болып өседі деу қиын. Несін жасырамыз, мына нарық заманында табыс табу үшін таңның атысынан күннің батысына дейін көбіміз жұмыстамыз. Балалар әке мен ананың қадағасынан қалып барады. Күнұзаққа олардың кіммен бірге болғаны, немен шұғылданғаны, қандай ас ішкені үлкендердің назарынан алыстады. Міне, осы салғырттығымыздың салдары бүтін бір елдің ертеңіне үлкен салқынын тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан, дүниенің ақ-қарасынан бейхабар, әрнеге қызығушылығы басым балаларды қауіп-қатерден қорғайық. Өзімізді үлгі тұтатын бүлдіршіндерге көркем сөзбен сөйлеп, үлгілі іс көрсетейік.

Қазіргі нарықтың қыспағы ма әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір көп кісілер қызу мінезді. Сәл нәрсеге ызаланып, ашулана сөйлеуге бейім. Тіпті, кейбір ер жігіттер аузын ашса, жаман сөздермен балағаттап шыға келеді. Енді бір әйелдер болмашы нәрсеге шапылдасып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Тіпті, ондайда қасында бала тұрғанын да аңғармайды. Ондайды көрген бала ертең дәл соны қайталамасына кім кепіл? Сөз жоқ, қайталайды. Тіпті, бірқатар жас шаңырақтарда балалардың көзінше сөзге келіп, арты ыдыс-аяқ сыңғырлаумен аяқталып жатады. Барлық бала үшін өзінің әкесі мен анасынан асқан жақсы адам жоқ. Өзіне үлгі ететін жақын адамдарының бір-бірімен өрескел сөйлесіп, жағаласып жатқаны кіп-кішкентай балаға қалай әсер ететінін ойланып көрдіңіз бе? Әрине, алдымен шошынады. Жанжалдың себепкері болмайыншы деп-ақ іштей тынып, өзінің ойын еркін жеткізе алмайтын, ынжық болып өседі. Қала берсе, әкесі мен анасының әрекетін айна қатесіз қайталап, ертең ол да сондай ұр да жық мінезді болып қалыптасады.
Міне, сондықтан да бала, жасөспірім бар жерде, айналайын, үлкендер барынша сөзіміз бен ісімізге мұқият болайықшы!

Канал Берденов,
облыстық ардагерлер қоғамының мүшесі,
ардагер ұстаз

ПІКІР