«Балаңа байлық қалдыруды емес, байлық табуды үйрет»

0 2

Ел экономикасын көтерудің, тұрақтандырудың негізгі бағыты болғандықтан ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап кәсіпкерлік саласына айрықша назар аударды. Салаға серпін беру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, бірегей жарқын жобалар қолға алынды. Әрине аз ғана уақытта дей алмаспыз, дегенмен жылдар өте мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде тұралаған кәсіпкерлік саласының бойына қан жүгірді.

Әсіресе кейінгі жылдары кәсіпкерліктің арқасында тұрмысы түзелгендердің қатары көбейіп, тиісінше әлеуметтік орта да өзгеріп келеді. Әрине бәрі де жақсы-ақ. Алайда ең маңызды мәселеге әлі де болсын көңіл аударуға ниет танытпай отырғанымыз өкінішті. «Егер бір жылдығыңды ойласаң, астық ек, алдағы он жылдықты ойласаң, ағаш отырғыз, ал жүз жылдықты ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Жыл сайын мыңдаған, тіпті миллиондаған қазақстандыққа жеңілдетілген несие беріп, сол арқылы кәсіпкерлікке кең өріс аша алармыз. Бірақ бұл қадамымыз мемлекеттің болашағын анықтайтын бағыт бола ма? Күмән көп. Ендеше қандай қаракет жасамақ керек?! Егер әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл сұрақтың да жауабын оңай табуға болады. Мәселен еврейлер баласы есейгенде кісі есігінде жүрмей, өз ісімен айналысып, бай-бақуатты ғұмыр кешсін деген ниетпен бес жасынан бастап бизнес әліппесін үйретуді қолға алады екен. Ал әлемнің ең дамыған елдерінің бірі Жапонияда да балаларға жеті жастан нарық заңын терең меңгерту мақсатында бизнес әліппесін үйрете бастайды. Тіпті жапонтанушылардың айтуынша «Бала капиталы» бағдарламасы әр отбасының төрінде ілініп тұратын көреді. Қытайлар да мектеп қабырғасынан бастап баланы үнемшіл, қанағатшыл болуға, барды ұқсата білуге баулиды екен.
Әлбетте елімізде жастарымыздың жарқын болашағы үшін аз жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Өскелең ұрпақ қандай да бір кедергіге тап болмас үшін, сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін мемлекет бар мүмкіндікті жасауда. Өкінішке қарай көп жағдайда жастарымыздың қолына қармақ берудің орнына, дайын балықты ұстата қоямыз. «Бос қапты ешқашан тұрғызып қоя алмайсың». Кейбір жастар да сол секілді. Өз бетінше әрекет етіп, шешім қабылдап үйренбегеннен кейін қанша сүйесең де болмайды. Ал егер ұрпағымызға жастайынан тағылымды тәлім-тәрбие беріп, дұрыс бағыт сілтей алсақ, қазіргі қоғамда туындап жатқан көптеген өзекті мәселелер өздігінен шешімін тапқан болар еді. Сол секілді әлемнің дамыған елдеріндегідей шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының драйверіне айналғанын қаласақ, тек несие беріп, жеңілдіктер жасаумен шектелмей, баланы жастайынан бизнеске баулуға басымдық бергеніміз жөн.
Егер кейінгі кезде қазақ баспасөзінде ауық-ауық көтеріліп жүрген мәселеге мән беріліп, қолға алынатын болса қандай да бір қиындықтарға тап болуымыз екіталай. Себебі қазір елімізде кәсіпкерлік саласында үлкен жетістіктерге жеткен табысты, өмір жолы өнегеге толы кәсіпкерлер аз емес. Неге үлгі етуге тұрарлық кәсіпкерлердің саладағы тәжірибесін мектеп бағдарламасына енгізбеске?! Одан бөлек бизнеске баулитын, жетістікке жетудің жолын нұсқайтын отандық авторлардың кітаптарының да қатары жыл санап артып келеді. Озығы да, тозығы да бар. Рас, бұрын елдегі кітап дүкендерінен бизнес саласына қатысты кітаптарды табу құмнан ине іздегенмен бірдей болатын. Авторлар да, оқырман да бизнес тақырыбына аса назар аудара қоймайтын. Алайда соңғы екі-үш жыл көлемінде олқылықтың орны толғандай. Әсіресе қазір «Rumi Group» мейрамханалар желісінің негізін салушы, әрі басқарушысы Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма», саясаттанушы, публицист Бақытжан Бұқарбайдың «Күн көрістен кет, байлыққа жет», жас жазушы Арман Әлменбеттің «Берекелі бизнестің сыры», Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» кітаптары бизнеске баулуда таптырмас құралға айналып, әсіресе жастар арасында үлкен сұранысқа ие болып тұр. Осы секілді жастардың бойында кәсіпкерлікке қызығушылығын оятып, арман-мақсаттарына жетулеріне септесетін кітаптардың сөреде шаң басып тұруына жол бермей, кәдемізге жарата білсек, қанекей!
«Балаларыңа үлкен байлық қалдырсам қадірлі болам деме. Ол онша атаулы сый емес. Одан да сол байлықтың қалай жасалатынын үйрет» дейді белгілі жазушы Мырзакелді Кемел. Қандай тауып айтылған сөз!

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.