Баланың тілі неге орысша шығады?!

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына

0 3

Халқымызда «Ана тілі ана сүтімен дариды» деген сөз бар. Десе де, сол ана сүтімен дарыған тіл әрі қарай анасының әлдилеуімен, бесік жырымен, ертегі-аңыз тыңдап, жаңылтпаш-санамақ жаттау, анасының «айналайынымен», әкесінің ұлағатты сөзімен дер кезінде нәрленбесе, оның орнын бөгде тіл алмастырып, баланың санасын, дүниетанымын басқа арнаға бұрып жібереуі мүмкін.

Бірде саябақта келе жатып, бұрынғы танысыммен кездесіп қалдым. 2-3 жасар шамасындағы жеткіншегін ертіп жүр екен. Өткен-кеткенді айтып тұрып, баласының орыс тілінде шүлдірлеп жүргенін байқап қалып, себебін сұрадым. «Үйде бәріміз қазақша сөйлейміз. Үлкен балаларым да қазақ мектебіне барады. Араласатын ортасы да қазақша. Бірақ мына қызым Гаухардың тілі орысша шықты. Себебі не екенін білмедім. Бізге де орысша сөйлейді, қазақша айтсақ түсінбейді. Сондықтан Гаухарға орыс тілінде сұрақ қойып, орысша сөйлейміз» дейді ол. Сонымен бірге, кішкентай Гаухардың таңнан тұра салып, жатқанша орыс тіліндегі арналардағы мультиктер көретінін де айтып қалды. Жалпы, бұған дейін де баламыздың тілі түсініксіз тілде шығып, логопедке апарып жүрміз деген ата-аналарды естігенім бар еді.

«Анасы қай тілде сөйлесе, бала сол тілде сөйлейді», дейді №18 «Еркежан» бөбекжай-бақшасының әдіскері Айгерім Даирова.

– Бала өзінің ана тілін құрсақта жатып та үйрене бастайды. Сондықтан да қазақ тілін – Ана тілі дейтін болармыз. Баланың қазақша сөйлеуі отбасына байланысты. Егер ата-ана тек қазақша сөйлесе бала қайда кетеді? Мүлдем орысша сөйлемей, таза қазақша сөйлейтін ата-аналардың балалары да таза қазақша сөйлейді, бірақ ондай отбасылар өте аз. Қазіргі таңда тілі кеш шығатын немесе дыбыстарды анық айта алмайтын балалар өте көп. Осындай мәселемен келетін ата-аналар да жетерлік. Басында ата-анасы баласының дұрыс сөйлемеуін еркелік деп ойлап, көп уақытын өткізіп алады. Кейбірі әкесі бала кезінде кеш сөйлегендіктен тұқымнан деп тұжырым жасайды. Бұл қате түсінік. Мектепке барғанға дейін бала дұрыс сөйлемесе ата-ана дабыл қаққаны жөн. Балалар көбінесе «ң», «ғ», «ү», «ұ», «қ», «ө» дыбыстарын айтуда қиындықтарға кезігуде. Мұның шешімін іздеп, баласының болашағына, дұрыс сөйлеуіне алаңдайтын ата-ана маманның көмегіне жүгінуді жөн санайды.

Қазіргі таңда логопед маманы барлық балабақшаларда жетерлік және ең керекті маманның бірі деп есептеймін. Логопед әр баламен жеке жұмыс істеп, әріптерді дұрыс айтуына көмектеседі.

Біздің балабақша ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықты қолдап жүрген, этнопедагогика бағытындағы балабақшалардың бірі. Біз балаларды үнемі өзара қазақша сөйлеуге шақырамыз, ұлтымыздан шыққан ұлы адамдар туралы айтамыз, адамгершілік қасиеттерді, сонымен қатар ұлттық ойындар арқылы балалардың дүниетанымын қалыптастырып, ойын арқылы баланың тілін дамытамыз. Осындай тәрбие үйде де болуы керек деп есептеймін. Қазіргі таңда балалардың орысша сөйлеуінің себебі – ақпараттық кеңістіктің орысша болуынан. Миымыздағы сөйлеуге қатысты ойды сөзге алмастыратын психикалық процестер орысша жүргендіктен сөз де орысша болады. Сондықтан кейбір балаға қазақша сұрақ қойсаң, тілі күрмеліп, жауап беруі қиын. Өйткені баланың санасы орысша ойлап тұр, яғни бала қазақша сөйлеп, сөз шығаруға қиналады.

Логопед мамандардың айтуы бойынша баланың тілін шығаруға көмектесетін түрлі әдіс-тәсілдер бар. Олардың бірі – артикуляциялық жаттығулар. Яғни бұл жаттығу баланың тіліне арналған. Сонымен қатар логопед маманның оқу қызметінде дидактикалық ойын барысында балалар асықпай сөйлеуді үйренеді, дыбысты айтуға шыңдалады, сөздік қоры молаяды. Есту зейіні мен фонематикалық естуін дамыту үшін музыкалық дидактикалық, қимылдық ойындардың да маңызы зор. Дидактикалық ойындардың міндеті – балалардың бағытталған және ортақ іс-әрекетін ұйымдастыру. Бұл ойын барысында бала еш мәжбүрсіз, байқамастан өзіне қажетті білім алады. Балалар ойын тапсырмаларына қызығып көңіл бөледі. Табу, айту, атау, ойын тапсырмасын дұрыс шешуге көңіл бөледі. Сондықтан балаға ойынның көмегі өте зор. Ең бастысы, бүгінгі таңда ұлт болашағы жолында бірігіп іс атқаруымыз қажет, – дейді Айгерім Асқарқызы.

Осы ретте «Баланың тілі неге орысша шығады?» деген сұрақты логопед маманына да қойып көрген едік. Маман баланың тілі бал болмауына ата-ананың балаға немқұрайды қарауынан дейді. Сонымен бірге бүлдіршіндер күндігіне сағаттап теледидардың алдынан шықпай, ата-анасы өз жұмысымен әуре боп жүргенде, баланың санасы қажетсіз ақпаратқа толып, ойын қарапайым сөзбен жеткізе алмайтыны содан екенін айтады.

– Бала тілінің орыс тілінде шығуының бірнеше себебі бар. Біріншісі – смартфондарды көп қолдануы. Смартфондардағы, теледидардағы мультфильмдер, ойындар баланы өзіне баурап алады. Ол ата-анаға ыңғайлы болғанымен, баланың тілінің бұзылуына әкеп соғады.

Отбасындағы сөйлеу тілі де балаға әсер етеді. Орыс тілінде сөйлейтін ата-аналардың өзі қазақ тіліне тән кейбір дыбыстарды таза, анық айта алмайды. Оны көрген бала да үлкендер осылай сөйлеп жатыр екен, біздікі де дұрыс деп тілдерін бұрап, түсініксіз сөйлейді. Сондықтан балаға ата-ана көп көңіл бөліп, сөйлесе беруі керек. Мультфильмдер мен әнді, қазақ тілінде көруі керек. «Бесік жырын» тыңдап ұйықтаған бала, жаңылтпаш, қазақ ертегілері, санамақтарды естіп, айтып өскен баланың тілі таза, шұрайлы болып келеді. Тілі шықпаған балаларға сұрақ қойып, сөзге тартудың маңызы зор, – дейді логопед маман Ақмарал Нәметқұлова.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – Тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген Ахмет Байтұрсыновты ғасыр бұрын алаңдатқан тіл мәселесі бүгінгі қазақ қоғамының да жан жарасына айналғаны жасырын емес. Бала тілінің өзге тілде шығуы, тек бір отбасының ғана емес, бұл қоғамның мәселесі. Сондықтан бүлдіршіндерді мемлекеттік тілде былдырлатуға облыстық тіл басқармасы да өз үлесін қосып келеді.

– Біз этностарды тәрбиелейтін балабақшаларда ана тілін насихаттауды жүргіземіз. «Қазақшаң қандай, балақай?» атты акцияны жыл сайын ұйымдастыруды қолға алдық. Бұл шараны жуырда ғана «Халықаралық балалар күні» мерекесіне орай балабақшаларға барып ұйымдастырдық. Онда балалардың мемлекеттік тілде ән айтып, өнерлерін көрсету, қазақ тіліне қызығушылығын арттыру бағытында өткіздік. Балаларды мемлекеттік тілде сөйлеңдер, үйреніңдер деп мәжбүрлемейміз, тек ынталандыру мақсатында грамоталармен марапаттадық. Тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленушілер мен бүлдіршіндер арасында бұдан басқа да шаралар, байқаулар өткізіп отырамыз, – дейді облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова.

Ертеде баласының тәрбиесіне ерекше назар аударған бір адам тілі енді шыға бастаған бір жастағы баласын аты елге мәшһүр бір данышпанға апарып тәрбиелеп беруін сұрапты. Сонда әлгі ғұлама кісі «Сіз екі жылға кешігіп қалыпсыз» деген екен. Айтпағы, бала тәрбиесі құрсақта жатқаннан басталады. Данышпанның бұл сөзін бүгінгі ғылым да растайды. Яғни, бала құрсаққа біткеннен кейін 15-18 айында миы қалыптаса бастайды. 30-40 апталығында баланың есту қабілеті дами бастайды екен.

Өткен ғасырда қазақ жеріне жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», деп таңдана жазған болатын.

Өсіп келе жатқан жас өскінді қалай қарай майыстырсаң солай қарай өседі. Балаға да қай тілде сөйлесең, сол тілде сөйлеп, сол тілде ойлайтын болады. Сондықтан бұл мәселеге ертеден мән берген дұрыс секілді.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.