"Кәсіпкерлік" Жастар.kz

Балапан бастырудың «білгірі»

Written by Aray2005

Орталық директорлары Расулдай болса!

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – кез келген ел экономикасының негізі. Бұл бағытта Елбасының тапсырмасымен біраз жылдан бері ауқымды бастамалар көтеріліп келеді. Өңірімізде де «өз ісімді бастасам» дегендерге көрсетіліп жатқан қолдау мен демеу аз емес. Өз кезегінде жастар да жасқанбай, бизнес-жоспарларын ұсынып, білгендерімен бөлісуде. Міне, сондай меркілік жас – Расул Малабаев Жастар жылына орай көпке қолжетімді әрі тиімді идея ұсынып отыр.

Жалпы, Расул инкубатор арқылы балапан өсіру кәсібін 2015 жылы қолға алыпты. Бастапқыда еш тәжірибесі жоқ жас бұл іске жүрексінгенімен, кейін келе кәсіптің қыр-сырына қаныға бастайды.
– Алғаш жұмыртқадан балапан жарып шыққанда қуанышымда шек болмады. Алайда салада тәжірибем аз болғандықтан, көп ұзамай балапандарымды өлтіріп алдым. Бірақ сағымды сындырмай, өзге өңірлердегі құс шаруашылығымен айналысып жүрген адамдармен байланыс орнатып, тәжірибе жинақтай бастадым. Анығы, Петропавл қаласының маңында мықты құс маманы бар дегенді естіп, арнайы іздеп бардым. Сөйтсем, ескі тамда тұрып жатқан қарапайым ғана бір қария болып шықты. Оның әрекетіне зер салсам, инкубатордан жаңадан шыққан балапандардың аяғын кезек-кезек ыдыстағы суға батырып алып, жіберіп жатыр. Мұнысы несі деп бастапқыда түсінбедім. Кейін ыдыстағы су емес, таза 90 градустық спирт екенін білдім. Міне, жұмыртқаны жаңа жарып шыққан балапандардың аяғын спиртке салса оның тез ет жинап, ширай түсетініне көз жеткіздім. Байқап тұрсаңыз, адам санасына сыймайтын нәрсе. Мұндай әдістің барын кім білген? – дейді Расул.
Шынында да таңғалатын нәрсе. Базардан сатып алған инкубатор балапандарының дені екі күн өтпей жатып, қырылып қалатынын кезінде көбіңіз көрген шығарсыздар. Сонда олардың аяқтарын спиртке салу керектігі кімнің ойына келді дейсіз…
Қазір Расул Юсуфұлы осы білгенін меркілік жастармен бөлісуде. Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының директоры қызметіне арнайы шақыртумен келген жалынды жас қазір айналасына кәсіп ашуға ниетті жандарды жинап, бизнес-тренингтер өткізуде.
– Негізінен, құс өсіру шаруашылығымен айналысу көп қаржыны қажет етпейді. Бір инкубатор сатып алу үшін бар-жоғы 40 мың теңге қажет. Мен өз кәсібімді солай бастағанмын. Ал бір инкубаторға 104 жұмыртқаға дейін сыяды. Құрылғы 21 күн жұмыртқаны шайқағаннан кейін кемі 90 балапан өніп шығады. Әрине, ол ең бірінші инкубаторға салған жұмыртқаңызға байланысты. Егер жұмыртқа тоңазытқышта тұрған болса немесе бір жерінде жарығы болса, онда ол балапан болмайды. Және ең қауіптісі осындай жұмыртқаны аңғармай инкубаторға салып қоятын болсаңыз, көп уақыт өтпей ол жарылып, одан кейін қалған жұмыртқаларды да жарамсыз етіп тастайды. Алғаш инкубаторға жұмыртқа салғанымда осындай жағдайға тап болып, ол маған үлкен сабақ болған.
Тағы бір айта кететін жайт, инкубатор тәулік бойы электр жарығына қосылып тұруы керек. Егер жарық бір сағатқа сөніп қалатын болса, онда ішіндегі жұмыртқалар жарамсыз болып кетуі мүмкін. Сол себепті мен өз инкубаторымды көлік аккумуляторына жалғап қойғанмын. Осылайша жарық мәселесін шешіп отырмын.
Жалпы, бұл кәсіптің түрі өте шыдамдылықты қажет етеді. Әлгіндей балапан өнбей қалу сияқты кедергілер тап келсе, қолды бір сілтеп, тастап кетуге болмайды. Мен осыны қазір меркілік жастарға түсіндірудемін.
Тренинг сабақтарымды тегін ұйымдастырып, құс шаруашылығына қызығушылық танытқандармен жеке жұмыс та жүргізудемін. Мұндағы мақсатым– жастар жұмыссыз жүрмей, «екі қолға бір күрек тапса» деген ниет. Еңбегім жеміссіз емес сияқты. Бірінші сабағымнан кейін-ақ бес жас инкубатор сатып алуға ниет танытты. Оның екеуі мектеп оқушылары. Әрине, тәуекелі көп тірлік болғаннан кейін, жастардың да ойын түсініп, Алматы қаласындағы таныстарым арқылы бір инкубаторды 25 мың теңгеге сатып алуға келістім. Осылайша бизнес ашамын дегендерге барынша қолайлы жағдай туғызудамын, –
дейді Расул.
Иә, жалынды жастың бастамасы көпке үлгі екені даусыз. Қазіргі таңда білгенімен бөлісіп, арзан бағаға арнайы қондырғы тауып бермек түгілі, дұрыс жол сілтеуді қиын көретіндердің аз емес екені шындық. Ал Расул Малабаев Жастар жылына орай меркілік жастарға осындай тың кәсіп түрін ұсынып отыр.
– Инкубатор шаруашылығын қолға алғаннан кейін ең бірінші туатын мәселе – қандай құс өсіремін деген таңдау. Көп жағдайда адамдар көп жұмыртқа әкелетін тауық өсіргісі келеді. Ол дұрыс. Бір тауық екі күнде бір жұмыртқа туады. Ал 100 тауық он күнде 500 жұмыртқа шығарады. 1 айда 1 500 жұмыртқа болады. Енді осы жұмыртқаның бір данасын 30 теңгеден сататын болсаңыз, 45 000 теңге олжа табасыз. Сонда сіз бір инкубаторға кеткен шығынды бір айда 3 есе қылып ақтай аласыз. Ал бір жылға жуық туған тауықты кейін ет мақсатында да сатып, пайдаға кенелуіңізге болады.
Әрине, бәрі бірден болып кетпейтіні анық. Инкубатордан балапан шығармас бұрын, оған тауық қора салу керек. Ол қораның үлкен болуы маңызды емес. Бастапқыда балапандар сыйысатындай ықшамды етсеңіздер жеткілікті. Одан кейін балапандарды темір торға отырғызуға болмайды. Аз қозғалған балапан тез семіріп кетеді. Ал семіз тауықтың аз жұмыртқа туатыны белгілі. Және бір торға инкубатордан бір кезеңде шыққан құстарды отырғызбағаныңыз абзал. Өйткені олар бір-бірімен шоқысып, жарақаттап, тіпті өлтіріп қоюы мүмкін.
Екі ай қорада тұрған балапандарды жайып, жем шашуға болады. Оларды күніне екі-үш рет жемдеу керек. Егер 20 тауыққа 300 келі жем алсаңыз, ол оларға бес ай бойы азыққа жарайды.
Әрине, «шығыс шықпай, кіріс болмайтыны» белгілі. Сондықтан бұл кәсіпті сүйіп істесеңіз, ертең сізді мол қазынаға кенелтеді, – дейді жас кәсіпкер.
Жоғарыда Расул айтып өткендей, небәрі 25 мың теңгеге сатып алынған инкубаторға 104 жұмыртқаны бірден салуға болады. Және 1 жылда 12 рет балапан шығарсаңыз да өз еркіңіз. Тек оларды күтіп ұстауға кетер шығынды есепке алсаңыз болғаны. Немесе балапандарды базарға шығарып сатсаңыз да – мол табыс.
Тағы бір айта кетерлігі, Расул ұсынып жатқан инкубаторларға тек тауық қана емес, түйеқұс, қаз, үйрек, бөдененің де жұмыртқасын бастыруға болады. Ал қазіргі таңда бір түйеқұстың жұмыртқасының өзі нарықта 500 теңгеге бағаланатынын ескерсек, бұл да үлкен бизнес екенін аңғару қиын емес.
Расулдың айтуынша, қазір Меркі ауданының жұмыртқа өніміне деген ішкі сұранысы айына 40 мың дананы құрайды екен. Жалынды жастың ендігі арманы осы сұранысты толықтай өтей алатын ауылдардан құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің санын көбейту. Бұл жүзеге аспайтын жоба емес. Себебі қазірдің өзінде 5 жас инкубатор құрылғысына тапсырыс беріп, бүгін-ертең өз бизнесін бастағалы отыр.
Өткен аптада ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өңірдегі құс шаруашылығын дамытуға қатысты жиын өткен болатын. Сонда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев аймақта жылына 615 мың 300 тонна құс еті мен 131 миллион 99 мың 200 дана жұмыртқа өндірілгенімен, бұл тұрғындардың ішкі қажеттілігін өтей алмай отырғанын ашып айтқан еді. Сондай-ақ басқосуда бөдене, үйрек, қаз, күркетауық секілді құс шаруашылықтарын да қолға алу мәселесі көтерілген. Демек, өңір саясатының да бұл бағыттағы жоспары мен көзқарасы айқын. Бәлкім, Расулдай жастардың жобасына облыс әкімдігі тарапынан қолдау жасалып, несиелендіру, қайтарымсыз грант бөлу сынды көмек көрсетіліп жатса, бір ғана меркіліктер құс шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлесін қосар ма еді? Бұл Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековтің де назарында болады деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов

Меркі ауданы

ПІКІР