Балдырған

0 5

Сәтті сапар

(Әңгіме)

 

 

 

 

Айкен ТӘТТІҚҰЛ,
Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы

Жазғы демалыста көбіміз әлі көрмеген жерлерді аралап, саяхаттағанды ұнатамыз. Соған талпынамыз. Біз де отбасымызбен жазғы демалысқа шыға салысымен ұзақ сапарға шыққанбыз. Бір қаладан шығып, екінші шаһарға барарда жол бойынан такси тостық. Көп күттірмей бір көлік келіп тоқтады. Көлік өзі қандай үлкен болса, іші де кең екен. Бәріміз лезде-ақ жайғасып алдық. Жүргізуші ағай көптен жалғыз өзі келе жатқанын аңғартып, бірден бізді сөзге тартып, әңгімелесуге көшті. Үш күннен бері алыстан, сонау Ақтаудан жалғыз өзі келе жатқан көрінеді.
– Сіздер Тараз қаласында тұрасыздар ма? Тараздан ары-бері өткенде болмаса, арнайы бармаппын. Бірақ өткен сайын байқаймын, таза қала екені көрініп тұр. Әсіресе жасыл желегі көп. Нағыз демалыс аймағы секілді ғой. Сырттай сүйсініп жүремін. Сондай тамаша жерде тұрып жатқан сіздер бақыттысыздар, – деді.
Сенесіз бе, бойымды мақтаныш сезімі билеп кетті. Таразда туып, сонда өсіп келе жатқаныма қуандым.
Осындай қуанышпен басталған сол сапарымыз сәтті болды. Алдын ала жоспарлағанымыздан да керемет көңілді күндерді кезіктірдік. Анам ылғи «Жақсы нәрсе ойласаң, бәрі жақсы болады» дейді. Рас екеніне көзім жетті…

 

Жаз келді дегенше…

 

 

 

Айғаным АМАНБЕК,
Тараз қаласындағы облыстық мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың
«Жас тілші» үйірмесінің оқушысы

Жаз… Таңғажайып табиғат, аң-құстар, сылдыраған бұлақ суы, алуан гүлдер. Жаныңа жаймашуақ сәуле шашатын, нағыз демалыс уақыты.
Мен де көптеген замандастарым секілді оқу жылы біте салысымен жазға жоспарларымды құра бастадым. Жазғы демалысымның алғашқысы «Медиа мектебі» ұйымдастырған лагерь болды. Лагерь 10 күнге созылды. Ондағы әр күн ерекше. Қызыққа, бақытқа толы шақтар. Бассейн, теннис, әдемі әңгімемен өріліп, дәмді тағамдармен көмкерілген дастарқан, саябақ, сейіл құру… Бұдан бөлек сурет, вокал үйірмелеріне барып, түрлі бағытта жұмыс істеп көрдік. Осылайша 10 күн ұмытылмас әсер қалдырды.
Демалыс лагерьмен аяқталған жоқ, әрине. Туыстарыммен бассейнге барып, саяхатқа шықтық. Қызықты ойындар ойнап, ыстық күнде суға шомылдық. Құрбыларыммен саябаққа барып, түрлі аттракциондарға отырып, сауда орталығынан бірге киім таңдадық. Бұл күндер маған тек жағымды эмоциялар сыйлады. Қыдырып қана қоймай, үй шаруасымен айналыстым. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, анаммен қаһарлы қысқа дайындық жасадық.
Жаз қызықты, ыстық естеліктермен жадымда қалмақ. Сонымен қатар өзіме деген сенімділігім, мақсатыма деген ұмтылысым арта түсті. Жазғы демалыс ұзақ болып көрінгенімен уақыт тез өтуде. Жазғы демалысымыздың аяқталуына бір жарым ай ғана қалды. Ендігі демалыс күндерімді түрлі кітаптар оқып, өзімді дамытуға арнамақпын…

 

 

 

Нұрасыл БОЛАТ,
№53 Қ.Тұрысов атындағы орта мектептің оқушысы,
Тараз қаласы

 

Жауқазын жыр

Жаз
Жаз келді, алақай!
Жадырап жанымыз.
Уақытқа қарамай,
Ойнаймыз бәріміз.

Шаршамас жас бала,
Ауылға барамыз.
Шөп жұлып, бақшада,
Қозы-лақ бағамыз.

Суға да түсеміз,
Қуат-ап күннен де.
Шыңдалып, пісеміз,
Біз әлі бір демде.

 

 

 

Айша НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің 3-сынып оқушысы,
Т.Рысқұлов ауданы

 

Жазира жүзі жайдарлы

Пейілі үндес даламен,
Қашанда тәтті қаймағы.
Жаз менің – аппақ жан әжем,
Жазира жүзі жайдарлы.

Батыр жүректі, батыл ой,
Еркелігімді ұғатын.
Жаз менің – атам ақылгөй,
Маңдайдан сипап тұратын.

Жаз менің – әкем, анам да,
Ең асқақ, сұлу, ең ізгі.
Жаз менің – елім, ғаламда,
Ең ыстық әрі жемісті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.