Қоғам

«Бәле» қуған балалар

Ұлы Дала ұрпағын тәрбиелеуде ұлағатты ұстаздардың орны бөлек. Бұл тұрғыда өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай білген мұғалімнің мерейі асқақтай түспек. Дейтұрғанмен, қазіргі қоғамда педагог қызметкерлеріне деген пікірлер де бір арнаға тоғыспай тұрғандай. Әрине, әркімнің өз шындығы бар. Бірақ, мұғалім мәртебесін аласартып алғанымыз жасырын емес. Бұл ащы да болса шындық. «Құқықтық қоғам» ұстанымын алға тартқан базбір балалар бүгінде алдындағы ағайы мен апайын адам құрлы көрмейтін болған. «Еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін ата-аналар да аз қазір. Неге? Не үшін? Қалай? Енді қайтпек керек? Жаңа оқу жылы басталған тұста міне, осы мәселені қаузауды жөн көрдік.

Шыны керек, мұғалім мәртебесі мәселесіне келгенде кешегіні көксеп, өткенді аңсайтынымыз айдан анық. Себебі, сіз бен біз «Ғалым да, шахтер де бас иетін, ұстазым бір сенің қасиетің» деп өскен ұрпақпыз. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздарға тиесілі» деген тәмсілді де санамызға мықтап сіңірдік. Ұстаз деген аса бір ардақты тұлға болатын. Оның тұла бойынан даналық пен парасаттылықтың, ізгілік пен мейірімнің лебі есіп тұратын. Жүрген жүрісі, киген киімі, сөйлеген сөзі, бәрі-бәрі оқушы үшін өшпес өнеге еді.
Қазір ше? Ұрпақ тәрбиесіне жауапты жандар мына қоғамға барынша өкпелі. Себебі, таңның атысы, күннің батысы бума-бума қағазға үңіліп, одан қалса қай жерде жиын өтсе сонда шабылады. Ол аз десеңіз партадағы шәкіртінің шатақ шығарып, қоразша қоқиғанына көнуіне тура келуде. Бұрындары жас жеткіншектер ұстазын көшеден көре қалса, бойын қорқыныш билеп, қаша жөнелетін. Ал, қазір кейбір мұғалімдер оқушылардан сескенетін болды. Өйткені, кекірейген қыз, едірейген ұл мұғалімнің беделін түсіруге дайын тұрады. Бұған дәлел ретінде алысқа бармай-ақ, жуырда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мектебінен шыққан шуды мысалға алсақ та жеткілікті. Жайнамаз теуіп, балаларды балағаттады деген жаттықтырушыны жалпақ жұрт жаппай жазғырды. Соңында қызметінен қуылды. Тек ол ғана емес облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да жұмысымен қош айтысты. Енді осы жайтқа басқа қырынан қарап көрсек.
Атышулы бейнежазба әлеуметтік желі арқылы тарап, жауаптылар жазаға тартылды. Алайда, Шу мен Қаратау қаласынан келген екі тәрбиеленушінің ата-аналары балаларының намазға жығылғанынан бейхабар болғанын айтып, жаттықтырушыдан кешірім сұрады. Тіпті, әке-шеше перзенттерінің бейнетаспаны әдейі түсіргендерін де хабардар етіп, қулықтары үшін қатты қынжылатындықтарын жеткізді. Ал, кейіннен бейнетаспаны түсіріп жатқан кезде намаз уақыты болмағаны, жеткіншектердің жайнамазға жан-тәнімен жығылмағаны анықталды. Мектеп-интернат директорының орынбасары Ердос Әкімов ішкі тексеріс кезінде екі баланың соңғы сыннан сүрінсе оқудан шығарылатындығын білгендіктен, осындай теріс әрекетке барғанын ашық мәлімдеді. Енді осы жағдайдан кейін кімді кінәлаймыз? Мектеп тәртібін сақтауды талап еткен ұстазды ма, «бәлеге» жақын тұрған баланы ма?
Жарайды, аталмыш бейнежазбаны ұйымдастырған екі жасөспірім бәрін балалықпен істеді дейік. Алайда, соның салдарынан спорт саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген қос бірдей мұғалім жұмыссыз қалды емес пе? Қызметтен қуылғаны былай тұрсын, қалың елдің алдында масқарасы шыққан жоқ па? Бұдан кейін оларды кім жұмысқа қабылдайды? Аталмыш қызметкерлердің жанұясы және бар. Оларды енді кім асырайды? Бұл, әрине, үлкен сұрақ. Осы орайда, оқушылар неге ұстаз деген ұлы мамандық иелерінен қаймығудан қалып барады деген ой келеді. Сала мамандары неге осындай дәрменсіз күйге түсті? Не себепті біз ең бірінші кінәні мұғалімнен іздейтін болдық?
Бұл тұрғыда мәселенің бір ұшы ата-аналардың таным-түсінігіне тікелей байланысты екенін жоққа шығаруға болмайды. Неге десеңіз, қазір баласынан «Мектептен не үйрендің, не білдің?» деп емес, «Апайың не деді, егер ұрысатын болса, басыңнан сөз асырма» дейтін әке-шеше көбейді. Бұл «ақылдың» баланың психикасына кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Содан келіп, қабақ шытқан ұстазға қатқыл үн қататын қарадомалақтар қатары артты. Тіпті, кейде осы мектеп оқушылары заң талаптарын тергеушіден артық білетіндей көрінеді. Сонда балаға үйде ата-ана дұрыс тәрбие бермей, мектеп мұғалімінің мәртебесі аяқасты болып жатса мәселе қалай оңалмақ? Бас білдірілмеген асаудай бұлқынып, бетпақтыққа салынған ұрпақ қалай елдің ертеңі бола алады?
Қазір мемлекет болып мұғалімдерден терең білімді талап етіп жатырмыз. Әйтеуір, сансыз семинарларға қатыстырып, жылда біліктілігін шыңдаймыз. Егер осы білім мен тәрбиені тыңдайтын бала болмаса, бүйтіп алашапқын болудың қажеті қанша? Неге ең алдымен оқушыны мұғалімді құрметтеуге шақырмаймыз? Бұл тұрғыда білім беру саласында 35 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Ақмарал Даукулованың өз айтары бар.
– Мектеп оқушысының тәрбиесі қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе болып тұр. Себебі, «өзім білемге» салған балалар ұстаздарды тыңдаудан қалып барады. Шындығын айтайын, қазір оқушыларға сөйлеуден қорқамыз. Жоғары сыныптың оқушылары өзіңе жауап қайтарып, салғыласады. Ал, бастауыш сыныптың тәрбиеленушілеріне қаттырақ сөйлесең, сыныптан шығып кетеді. Сөйтіп, ертесіне ата-анасын ертіп келіп, шу шығарады. Әрине, әр әке-шеше үшін өзінің баласынан артық ешкім жоқ. Алайда, сол ата-ана байыбына бармай, байбалам салып, баласының қылығын дұрыс, біздікін бұрыс қылып кетеді. Осыны көрген бала ертең тәртіпсіздігін тағы қайталайды. Бір-екі мәрте ескертесің. Бірақ, ата-анасы келіп, қайта айқайға басқан соң, «аш құлақтан тыныш құлақ» деп өзің де қоясың.
Тағы бір айта кетерлігі, қазір көп ата-ана баласының айтқанын істеп, әбден есіртіп жіберген. Жастайынан аузына бәрін тосқандықтан, бала «Менде бәрі әрдайым осылай болуы керек» деп ойлайды. Сол еркелік мінезін мұғалімдерге де көрсетеді. Айтқанына көнбеген ұстаздарды ата-анасын шақыртып қорқытады. Осыдан кейін менің бүгінгі әріптестерім де оқушының қас-қабағына қарайтын күйге түскен. Ал, бұрын қандай еді, балаға қалай ұрыссаң да, қыңқ демейтін. Жүзін төмен салып, өзінің кінәлі екенін сезінетін. Ата-ана да «Ұстазды тыңда, айтқанын екі еткізбей орында» деп тәрбиелейтін. Осыдан 20, 30 жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен шәкірттерім әлі күнге дейін құрметпен қарайды. «Сіздің айқайыңыздың арқасында адам болдық қой» дегенде шын қуанасың. Әттең, қазір ондай оқушы жоқ қой, – дейді ардагер ұстаз.
Бұл пікірмен әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Қанат Әбілқайыр да келісіп отыр.
– Мектеп кезінде мұғалімдердің кітаптың қырымен бастан ұру, «указкамен» санның қалың етінен салып қалу, желкеден нұқу, қаламның ұшымен миды шұқу, дәу сақинамен төбеңнен қойып қалу, қолыңды қысып безілдету, бір аяғыңды көтертіп бұрышқа тұрғызып қою, самай шашты жұлу сынды түрлі тәрбие тәсілдерін көрдік қой. Қазір ойлаймын, егер сол жазалау түрлері болмағанда қара танымай кетер ме едік деп. Негізі, мұндай тәртіптік шаралардан жаман болғанымыз жоқ. Керісінше өмір жолымызға үлкен сабақ болды. Қазіргі мектеп оқушыларына осындай жазалар қолданса, ұстазды соттатып жіберетін шығар, бәлкім, – дейді Қанат.
Ал, психолог Ләззат Мырзашеваның пайымы тіптен бөлек.
– Мұғалім ең алдымен өзін сыйлата білу керек. Егер ұстаз оқушыны өз сабағына қызықтыра алса, бала қандай жағдай болса да мұғаліміне қарсы шықпайды. Мысалы, неге оқушылар әлеуметтік желіге мектептің өзге мұғалімдерінің ерсі қылықтары түсірілген бейнежазбаны салмайды. Тұтас бір білім ошағының бүкіл ұстаздары ғаламторда жүр дегенді сіз де, біз де естіген емеспіз. Демек, баланы тыңдата алмаған немесе өз пәні бойынша біліктілігін дәлелдей білмеген мұғалімдерге қарсы осындай шаралар қолданылуда? Бұл арқылы оқушылар өздерін де осы қоғамның бір мүшесі екенін, олардың да пікір, ойымен санасу қажеттігін көрсетіп жатыр. Әйтпесе, қазір де оқушыларды қас-қабағымен басқарып, тыпыр еткізбей отырған мұғалімдер аз емес.
Ал, ата-анаға келсек, психологияда «құрбандық» және «жауапкершілік» деген екі түсінік бар. Бізде әзірге «құрбандық» басым болып тұр. Тарқатып айтсам, бала тәрбиелеуге өзінің уақыты болмағаннан кейін әке-шеше ұл-қызының тәртіпсіздігі үшін өзін емес, өзгені кінәлауға бейім болып барады. Немесе өмірдегі түрлі қиындықтардан күйзеліске ұшыраған ата-ана балаға деген жауапкершіліктен құтылу үшін құрбандыққа өзгені іздейді. Яғни, өзгені төмендетіп, өзіңді көтермелеу «психологиялық қорғаныс» деп аталады. Баласы үшін мектепке барып айқай-шу шығаратын ата-аналардың дені осы психологиялық құбылыстың құрбандарына айналғандар. Бұны қалай шешпек керек? Ең алдымен ұстаздар балаларды қызықтыратын түрлі теориялық емес практикалық сабақтарға басымдық беруі қажет. Екіншіден, мектеп психологтары оқушымен ғана емес, бала мен ата-анасын қатар отырғызып қойып жұмыс жасауы қажет. Сонда ғана отбасы мен мектептегі тәрбие бір арнада тоғыса алады, – дейді психолог маман.
Иә, бұл тұста біз біреудікін дұрыс, екінші­сі­нікін бұрыс деуден аулақпыз. Алайда, психолог маманның пікірі ой салмай қоймайды. Қазір депутаттар көршілес Ресей мемлекеті сынды мұғалімдердің мәртебесін арнайы заң арқылы қорғау, мектептерде бейне және аудио жазбасы бар телефондарды қолдануға тыйым салу, білім мекемелеріндегі ер мұғалімдердің үлес салмағы 18 пайызды ғана құрайтындықтан, жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтарға түскен ұлдарға жеңілдіктер қарастыру сынды түрлі жобаларды ұсынуда. Бәлкім, мұндай құқықтық нормалардың да өз пайдасы бар шығар. Бірақ, бұдан аталмыш мәселе түбегейлі шешімін табады деп тағы айту қиын. Ал, сіз қалай ойлайсыз?

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР