Жамбыл жаңалықтары

Балық бар жерде байлық бар

Written by Aray2005

Өңіріміздің балық шаруашылығында береке болмай тұр. Біз аймақта килька, шпрот секілді балық өнімдерін өндіру тұрмақ, балық аулау ісін де қарық қыла алмай жүрміз. Бұл – шындық. Мәселен, облыстағы 1 миллион 131 мың 500-ден астам тұрғынның әрқайсысы жылына 5 келі балық тұтынуы тиіс болса, өңір тұрғындарына жылына кемі 5 мың 657 тонна балық қажет. Ал берілген квотаға сәйкес облыс аумағындағы су айдындары арқылы ауланатын балықтың көлемі жылына мың тонна ғана. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының балыққа деген сұранысының ең болмаса жартысын да қанағаттандыра алмайтынын айғақтайды. Демек жамбылдықтар бұл жеңсік асты тұтынуда өзгелерге тәуелді деген сөз.

Негізінен, аймақтағы барлық су айдындарының саны – 134. Осындай көл-тоғандарымыз бола тұра балыққа зәруміз. Балық болғанда да кәдімгі еті тығыз әрі нарықта жоғары сұранысқа ие тауарлы балықтар емге таптырмайды. Мәселен, өзіміздің өзен-көлдерге тән көксеркенің (судак) өзінің өңірдегі су айдындарындағы үлесі 15-ақ пайызды құрайды екен. Ал жыланбас 8,7 пайыз ғана. Ақмарқа, шортан, алабұға секілді тауарлы балықтардың үлесі 1 пайызға да жетпейтін көрінеді. Сазан, табан (лещ), мөңке (карась) секілді қылтықты балықтардың үлесі 15 пайыздан жоғары болғанымен, олардың нарықта құны жоқ, сұранысқа да ие емес. Осыған қарап өңірдегі балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер «Табиғаттың берген байлығын тек сүзіп алумен айналысып, қарап отыр ма?» деген де ойға берілесің. Әлде мұның басқа да мәселелері бар ма екен? Әйтпесе, неге облыста балық аулау, қорғау, өсіру, молайту, өңдеу ісі дамымай тұр? Осы салада ырзығын айырып жүрген кәсіп иелері неге мүмкіндігінше өздеріне тиесілі көлдерге жылда шабақтар жіберу, шағын цехтар ашып, қайта өңдеу ісімен айналыспайды? Жалпы балық шаруашылығын дамытуға қажетті жаңа жүйе қалыптастыру үшін не қажет? Осы сауалдарға қатысты мәселелерге кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Жамбыл ауданы, Гродеково ауылдық округінде орналасқан «Сандель» тәлімбағында өткен үлкен алқалы жиында жауап алдық.

Жиын басталмас бұрын Бердібек Машбекұлы аталған «Сандель» тәлімбағын аралап көріп, дернәсілдерді шабаққа айналдыруда озық технологиялар қолданып отырған өзге облыстардың шаруаларын мысалға келтірді. Жалпы аталған семинарға еліміздің балық шаруашылығы саласындағы аты мәлім ғалымдар, Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті мен Қазақ Агротехникалық университетінің, Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары, балық шаруашылығына қаржы құю арқылы сала ісін дамытуға ниет білдірген инвесторлар және өңірдегі балық шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер, осы салаға қатысы бар бірқатар мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
– Біздің облыс – елімізде су ресурстарына бай өңірдің бірі. Бізде өзен де, көл де, тоған да жеткілікті. Бірақ оны тек егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы бағытында ғана пайдаланып келеміз. Ал балық өсіру ісі соңғы жылдары тым кенжелеп кетті. Осы күні балыққа деген елдің сұранысы артқаны белгілі. Өйткені жұрт еттің орнына балық тұтынғысы келеді. Шетелдерде де балыққа деген сұраныс жоғары. Алайда, біздің аталған саладағы тірлігіміз өзге облыстармен салыстыруға келмейді. Мәселен Қызылорда облысының бір ғана Арал теңізінде көптеген балық зауыттары орналасқан. Ол өңір жылына 7-8 мың тонна балық аулайды. Ал Шығыс Қазақстан облысының әлеуеті бұдан да зор. Олар негізінен балық және балық өнімдерін шетелге экспорттаумен айналысады. Бұл сол өңірдің экономикасы үшін қыруар табыс көзі. Сондықтан біз де өз өңіріміздің мүмкіндігін ескере отырып, балық шаруашылығын дамытсақ деген оймен осы шараны ұйымдастырдық.
Осыдан бес жыл бұрын балық шаруашылығын дамыту бойынша арнайы бағдарлама қабылданған болатын. Бірақ сан түрлі себептермен ол бағдарлама жүзеге жөнді асырылмай келеді. Біздің ендігі мақсатымыз – балық шаруашылығына қатысы бар кәсіпкерлердің, ғалымдардың және басқа да тиісті мамандардың ұсыныстарын ескере отырып, сол бағдарламаға өзгеріс енгізу. Балық шаруашылығын дамыту үшін алдымен мемлекет тарапынан қолдау қажет. Егер сіз бен біз бірігіп тірлік етсек, мемлекет тарапынан қолдау болатыны анық. Сол үшін біз Үкіметке өз ұсынысымызды жеткізуіміз қажет. Заңға өзгерістер енгізу қажет болса, бұл тұрғыда депутаттар қарайласады деген ойдамын.
Негізінен облыста балық шаруашылығы бағытындағы су айдындарының 18-і Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Су айдындарының 46-сы су қоймасы, 80-ге жуығы көл. Осы нысандар арқылы қазіргі таңда жылына 1000-1200 тонна ғана балық ауланады. Өзен-көлдердің саны азаймайтыны белгілі, бірақ балық аулау көрсеткіші жыл сайын төмендеп барады. КСРО дәуірінде Жамбыл өңірі 5 мың тоннаға жуық балық аулаған. Балық өңдейтін зауыттар да қалыпты жұмыс істеген. Қазір бұл істің де қиюы қашты. Мәселен Мойынқұм ауданындағы «Мыңарал» балық зауыты кем дегенде жылына 1500-2000 тонна балық өңдеуі керек. Ал қазір ол кәсіпорын бұл меженің 20 пайызын ғана орындауда. Бұған аталған өдіріс орнының облыс орталығынан тым қашықта орналасуы, оған апарып балық өткізетіндер санының аз болуы себеп болып отыр. Сол үшін мәселені шешуді тереңнен ойластыруымыз керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Бұдан кейін сөз алған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің балық ресурстарының өсімін молайту және акваөсіру басқармасының басшысы Мирас Габбасов балық шаруашылығын дамытудағы мемлекеттік саясаттың бағыттарын тарқата айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, мемлекеттік қолдау шараларының жеткіліксіздігі балық өсіру ісін тежейтін көрінеді. Бүгінде балық аулау саласына екі-ақ субсидия бөлінеді екен. Оның бірі – балық өсіру шаруашылықтары үшін техника мен жабдықтар сатып алуға инвестициялық салымдар кезінде шығындарды 25 пайыз өтеу. Ал екіншісі бекіре, албырт, тұқы секілді балықтарды өсіру кезінде оларға берілетін азық құнының 30 пайызын өтеу.
– Жақында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осы өңірге жұмыс сапарымен келіп, аталған саладағы бірқатар жобалармен танысқан болатын. Нәтижесінде балық шаруашылығы субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын күшейту туралы тапсырма берді. Осы мақсатта біздің министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіп, өсірілетін балықтар үшін субсидия алуда олардың санының тізбесін көбейту және басқа да жаңа субсидия түрін қарастыру мәселесін жоспарлады. Соның арқасында балық өсіруде биологиялық негіздемелер құнын, балық өсіруде сатып алынатын материалдар құнын, балықтардың бағалы түрінің аналықтар үйірін сатып алуға және ұстауға арналған шығындарды, барлық балық шаруашылықтары үшін дәрілік препараттарды сатып алуға арналған шығындарды 50 пайызға дейін субсидиялау қарастырылып отыр. Аталған субсидиялардың түрлеріне бөлінетін қаржы жергілікті бюджет есебінен қарастырылатын болады. Сондай-ақ министрлік отандық балық шаруашылығын дамыту мақсатындағы ҚР Су, Салық, Жер Кодекстеріне, Жануарлар дүниесін қорғау, өсіру және молайту туралы Заңына 22 түзетуден тұратын өзгерістер дайындап, тиісті органдарға жолдады, – деді ол.
Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Балқаш көлінің облыс аумағына тиесілі бөлігінде 18 балық шаруашылығы учаскесі орналасқанымен, оның бесеуі тізбеге енгізілмегенін, оның бекітіліп берілуін, өңірдің балық аулауда әлеуеті жетіп тұрса, жергілікті тиісті мекемелермен бірлесе бөлінетін квота көлемін көбейту жайына ықпал етуді тапсырды.
Жиында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков өңірдегі балық шаруашылығының жай-күйін және дамыту мүмкіндіктері жайлы баяндай отырып, аймақта үш балық өңдейтін цех ашу жоспарланып отырғанынан хабардар етті. Қазақ Ұлттық Аграрлық универсиетінің профессоры Әсия Серікбаева балық өнімдерін өңдеудің инновациялық тәсілдерін түсіндіріп, балық өнімін өндіретін шағын цехтарға қажетті технолог, ихтиолог секілді мамандардың тапшылығын жоюды бірлесе шешу, қалбырлар мен қаптамаларды талапқа сай етіп жасау тәсілдерін түсіндірді. «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғылыми қызметкері Найла Булавина облыста акваөсіру ісін дамытудың перспективасы жайлы әңгімеледі. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Болатхан Махатов жиналғандарды балық жемдерінің түрлері мен құрамы, әзірлеу технологиясымен таныстырды. Алматы облысы, Есік қаласында тіркелген «KingFish» компаниясының өкілі Марлен Тұрсынали форель балығы шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті. «Балық шаруашылығы қауымдастығы – BD» заңды тұлғалар бірлестігінің облыс бойынша өкілділігінің басшысы Сапарбек Сыдықов аймақтағы су айдындарының 80 пайызы шағын су қоймалары екенін айта келе, саладағы істің ілгерілемей отырғанын, оған нормативтік-құқықтық актілердің шикілігі кедергі келтіріп жатқанын алға тартып, бұдан өзге де көптеген мәселелерді ортаға салды. Су айдындарына балық қорғау құрылғыларын орнату жөнінде де ұсынысын жеткізді. Басқа балық шаруашылығы саласындағы бірқатар кәсіпкерлер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптарға қанықты.
– Осы жерде су тапшылығы да сөз болды. Биыл Тасөткел су қоймасында жөндеу жұмыстарын жүргізу басталса, Ақкөлде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Тағы бір мәселе – қыс және көктем мезгілінде ағын суды еркіне жіберіп, құмға сіңдірмей, оны жинақтаудың қамын жасау. Бұл бар суды тиімді пайдаланудың жолы. Ол үшін бірнеше үлкен су қоймаларын салу қажеттігі туындап тұр. Ол жөнінде жүзеге асырылатын жоспарлар бар. Ең негізгі мәселенің бірі – өңіріміздің әлеуеті мен өзімізде бар мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалана білу, – деген Бердібек Машбекұлы айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелерді шешу жөнінде тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Жалпы бұл жиыннан ұққанымыз аталған салада сең енді қозғалғалы тұр. Алдағы уақытта балық аулап, байып кетпесек те, Аса, Талас, Теріс секілді өзендер мен Тасөткел, Билікөл, Теріс-Ащыбұлақ сынды ірі-ірі су қоймаларының жағалауында тіршілік жанданып, өз өңіріміздің балыққа деген сұранысын қамтамасыз ету ісі қолға алынатын болады.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР