Балық шаруашылығын дамытуға не кедергі?

0 6

Күн сайын жаңарған уақыттың талабы да түрленіп отырады. Бүгінгі таңда тұтынушылар тарапынан балық өніміне деген сұраныстың артуы су жәндігін өсіріп, тағамдық тауар өндіретін шарушылықты дамытуды талап етуде. Балық шаруашылығын дамыту тек біздің өңірде ғана емес, республика бойынша өзекті болып отыр. Сондықтан да облысымызда балық шаруашылығын дамытудың түйткілдерін талқылаған жиын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті.
Облыста бүгінде 142 жергілікті маңызы бар су айдыны және республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі бар. Қазіргі таңда 84 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары 75 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Ал балық шаруашылығын жүргізуге мүмкіндігі бар 58 су айдыны бос екен. Осы жайттарды тілге тиек еткен өңір басшысы Бердібек Машбекұлы балық шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар да, субсидиялар да бар екенін атап өтті.
– Бұл іс әлі де өз деңгейінде жүзеге аспай келеді. Еліміздегі мейрамханалар тағамдарға қолданатын балықты импорттан алады. Өз елімізде де балық өсіруге мүмкіндік бар, бірақ неге сұранысты қамти алардай пайдалана алмаймыз? Тіпті осы іске қажетті жұмысшы мамандар да мардымды оқытылып жатқан жоқ. Облысымызда тек 1 колледжде ғана 15 адам оқып жүр, – деп аталған шаруашылықтың ілгерілеуіне қажетті істі жандандыруды алға тартты.
Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, өткен жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарына балық аулау лимиті 1150,7 тоннаны құрапты.
– Қазіргі таңда 974,8 тонна балық ауланды. Табиғат пайдаланушылардан жергілікті бюджетке 17,4 миллион теңге түсті. Оның ішінде 14,1 миллион теңгесі Балқаш көлінің табиғат пайдаланушыларынан, 3,3 миллион теңгесі жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының табиғат пайдаланушыларынан. Облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарының балық аулау квотасы 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін игеріледі. Өткен 2020 жылы облыс аумағында орналасқан Балқаш көлінің учаскелеріне 149 мың дана шабақ және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына 325 мың дана шабақ жіберілді.
Облыстағы балық шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламасындағы жоспарларды іске асыру барысында балық өсіру тәлімбақтарының қуаттылығын арттыру қолға алынды. Қазіргі таңда облысымыздың аумағында шабақ өсіретін негізгі «Сандель» шаруа қожалығының және «А.Д.Чергенов» жеке кәсіпкерлігінің балық өсіру тәлімбақтары жұмыс істеп тұр.
«Сандель» шаруа қожалығының балық өсіру тәлімбағы 10 миллион дана шабақ дайындауға қуатты. Аталған шаруа қожалық 2020 жылы 2 миллион дана шабақ өткізсе, жеке кәсіпкер «А.Чергенов» 4 мың дана шабақ, және 3 миллион дернәсіл өткізді. Бұл тәлімбақтың қуаттылығы 500 мың дана шабақ және 5 миллион дана дернәсіл дайындауға жетеді. Аталған бағыт бойынша үстіміздегі жылы «Сандель» шаруа қожалығы балық тұқымын өсіру үшін жалпы аумағы
2 гектар болатын су тоғанына арналған жерді өңдеп, сомасы 9 миллион теңге болатын құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде қуаттылығы 6 миллион балық шабағы өсірілетін болады. Сондай-ақ үстіміздегі жылы «Қойшыбай ата» шаруа қожалығы да балық өсіру тәлімбағын жасап,
1 миллион шабақ өсіруді жоспарлап отыр.
Үстіміздегі жылы 105,9 тонна балық өндіру көзделген, оның ішінде 83,3 тонна форель. Алайда бағдарламаны орындау мақсатында «Қордай фиш», «Арнұр» балық шаруашылықтары құрылып, ағымдағы жылы 110 тонна тауарлы балық өнімін алу болжануда, осылайша жоспар 102 пайызға орындалады деп күтілуде.
«Арнұр» балық шаруашылығына қосымша 2,4 гектар жер бөлініп, форель балығын өсіру үшін 4 бассейн салынды. 2020 жылы 30 тонна тұқы өндірілсе, 2021 жылы 40 тонна тұқы, 60 тонна форель балығы өндірілді. 12 тонна балық жемін алу үшін
15 миллион теңге субсидия алды. «Қордай фиш» балық шаруашылығы қосымша 2,5 гектар жер алып, балық өңдеу цехының құрылысын бастады. Бұл шаруашылық 2020 жылы 40 тонна форель өндірсе, 2021 жылы 60 тоннаға жеткізіп отыр.
Алайда облысымызда басты проблеманың бірі – судың тұрақ­сыз­дығы да балық шаруашылы­ғына кедергі тудыруда. 2020 жылы облысымыздың жергілікті маңызы бар 121 балық шаруашылығы су айдындарының су тұрақтылығы зерделенсе, соның тек 17-сінде ғана су тұрақты болды. Қалған 104 су айдынында егін шаруашылығы қажеттіліктеріне байланысты су деңгейінің төмендеуі байқалды. Бұл өз кезегінде балықтардың қырылу қаупін жоғарылататыны белгілі. Өзендердің бойынан жасанды тоғандар жасауға Қазақстан Республикасының Су кодексіне су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаттың болмауы қол байлап отыр және мәселе әзірше ашық күйінде қалуда, – деп осы саладағы кедергі туындатып отырған түйткілді мәселелерді атап айтты.
Сөзінің соңында Аслан Ұланұлы 2021 жылға бөлінетін мемлекеттік грант есебінен 40 миллион теңгедей қаражатты балық шаруашылығына шабақ өсіру мен жем дайындау цехтарын салу үшін қарастыруды сұрады.
Жиналысқа қатысқан шаруалар балық өсіру, аулау барысында кездескен қиындықтарды айтып, мәселенің оң шешілуіне көмектесуді өтінді. Кәсіпкер Ерболат Саурықов балық өсіруге арналған бассейн салу үшін 60 сотық жер алған. Алайда оның 45 сотығының иелері табылып, жоспарлаған істі жүргізуге қолбайлау болып тұр екен.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқосуда көтерілген мәселенің бәрін де шешуге жұмыс жасалатынын айтып, құзырлы органдарға тапсырма берді. Балық өсіретін бассейн салғанда тек бір істі көздемей, сол жерді демалыс орнына айналдыру керегін де ескертті.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.