Балық шаруашылығына бар жағдай жасалуда

0 4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елдегі балық шаруашылығына баса мән беру керектігін айрықша атап өтті. Осыған орай балық шаруашылығын дамыту мәселелері үкіметтік деңгейде бірнеше рет қаралды. Нәтижесінде балық шаруашылығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен бекітілді. Одан бөлек әр өңірдің табиғи ерекшелігіне қарай балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламалары әзірленді.

Өз облысымызға қатысты өңірлік бағдарламада қолда бар әлеуетті ескере отырып, өсірілген балық көлемін осы жылы 106 тоннадан 2030 жылға қарай 8000 тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Балық өсіру көлемін ұлғайту үшін балық өсіруге жарайтын су айдындарын пайдалану, жаңа индустриялық балық өсіру жобаларын іске асыру және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жобалық қуатына жеткізу мақсат етілді. Сонымен қатар 2030 жылға дейін өңірде 175 жаңа балық өсіру шаруашылығын құру қарастырылған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 10 жыл ішінде 28 миллиард теңге жеке инвестициялар тарту және мемлекеттік бюджеттен шамамен 13,5 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.
Биылғы жыл басында балықтардың азығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 9 миллион теңгеден астам қаражат қаралған. Бұл қаражатқа Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында орналасқан «Ақнұр» шаруа қожалығы қол жеткізді. Аталған шаруа қожалық тұқы тұқымдас балықпен бірге «радужная форель» атты балық түрін өсіреді.
Бұған қоса осы жылдың жарты­жыл­дығына қосымша 43 миллион теңге балықтың жем-азығына қаражат қарастырылды. Бұл қаражатқа «Ақнұр» шаруа қожалығы және облысымызда жаңадан құрылған Қордай ауданының Сортөбе ауылында форель балығын өсіріп отырған «KordaiFish» шаруашылығы мен Жамбыл ауданындағы тұқы тұқымдас балық өсіріп отырған «Алтын бұлақ» шаруашылығының қол жеткізуіне мол мүмкіндік бар.
Жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен биыл 232 тонна балық өсіру күтілуде. Жыл басынан бері 169 тонна тауарлы балық өсірілді. Балық шаруашылығын дамыту үшін балық шаруашылығы су айдындарын кәсіпшілік су айдындарынан тауарлық балық шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына ауыстыру қағидалары бекітілді. Заңнамалық деңгейде пайдаланушының торда балық өсіру шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік балық шаруашылығы учаскесін пайдалану құқығы көзделген. Балық шаруашылығын жүргізуге арналған үлгі шарт та бекітіліп, сондай-ақ осы шартты жасасудың нақты мерзімі 49 жыл болып белгіленді. Бұрын келісімшарт жасасу мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін болатын. Балық шаруашылығын дамыту жоспарлары шеңберінде балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар да алынып тасталды. Балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер жойылды. Балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жөніндегі талаптар да енді жүзеге аспайды. Бизнес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылды. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларымен қатар, мал азығы құнының 30 пайызын субсидиялау және балық өсіру шаруашылықтары үшін техника мен жабдықтар сатып алуға инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың 25 пайызын өтеу сияқты мемлекеттік қолдау қарастырылды.
Осы шараларға қоса қолға алынған іс құнының 50 пайызына дейін субсидиялаудың жаңа түрлері қосылды. Мәселен балық өсіру – биологиялық негіздемелерді әзірлеу, балық өсіру материалын сатып алу, дәрілік препараттар, бағалы балық түрлерінің аналық табындарын сатып алуға және күтіп ұстауға жұмсалатын шығындардың жартысы мемлекет тарапынан өтеледі.
Елімізде қазір балық шаруа­шы­лығын жүргізу үшін барынша тиімді жағдайлар жасалып жатыр. Сондықтан балық өнімдерін тұтынудың жыл сайынғы өсімін ескере отырып, балық шаруашылығы субъектілерін, инвесторларды және басқа да ниет білдірген барлық бизнесмендерді балық өсірумен айналысуға шақырамыз. Қабылданып жатқан шаралар экономиканың осы секторында жұмыс істейтін орта және шағын бизнестің дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Бұл басым түрде ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және тұтастай алғанда мультипликативтік тұрғыдан да ықпал етеді.

Болат АСАМБЕКОВ,
Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.