Балық шаруашылығына басымдық беріледі

0 9

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылындағы «Алтын бұлақ» шаруа қожалығының базасында өңірдегі балық шаруашылығымен айналысып жүрген шаруашылық басшыларымен кездесіп, аймақтағы су айдындарын балықтандыру мәселесін көтерді.

Алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Алтын бұлақ» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық басшысы Әбдрахман Қуанышбаевтың бұл шаруамен айналысып келе жатқанына да он бес жылға жуықтапты. Ол шаруашылығындағы қолдан жасалған су тоғанына өткен жылы екі мың тұқы, жетпіс мыңнан аса басқа да бірнеше балық түрін жіберіпті. Жалпы балық өсіруде тәжірибесі бар қожалық былтыр 30 тоннаға жуық балық аулап, жергілікті нарықта келісін 850-950 теңгеден өткеріпті. Ендігі таңда кәсіпкер су ортасынан арал жасап, турист тартуды жоспарлауда. Сөйтіп мұнда балық аулау туризмі мен демалыс орнын жасақтауды да жоспарлап отыр екен. Бұдан бөлек, кәсіпкер балықтарды түр-түрімен арнайы жасанды су бассейіндерде ұстап, келушілерін қызықтырмақ. Соның бірінде Қытай мен Жапониядан әкелінген түрлі-түсті карп балықтары жүзіп жүр.
Мұнан соң облыс әкімі Бердібек Машбекұлы аталған шаруашылық базасында ұйымдастырылған аймақтың балық өсірушілерімен семинар-кеңесті бастап, балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2021-2030 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, соның аясында бұл шаруаға мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлініп жатқанын, аталмыш бағдарлама аясында субсидиялар беру қаралғанын атап өтті.
– Біз бүгін өздеріңізбен үшінші рет кездесіп отырмыз. Бір жыл бұрын да осындай семинар-кеңесті Гродекова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығында өткізген болатынбыз. Содан бері атқарылған жұмыс, берілген тапсырмаларды бүгін талқылайтын боламыз. Жалпы балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2021-2030 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, соның аясында бұл шаруаға мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Бағдарлама аясында гранттар мен субсидиялар бөлу де қаралған. Бүгінгі «Алтын бұлақ» шаруа қожалығына келгендегі мақсатымыз – балық өсірушілер бір-бірімен кездесіп, пікір алмасып, ой бөліссін деген мақсаттан туындап отыр, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы аймақтағы су айдындарының жағдайы сын көтермейтінін, ондағы балық шаруашылығының өз деңгейінде дамымай отырғанын сөз етті. Былтыр өңірдегі 22 тау өзендерінде форель балығын өсіру туралы тапсырма берілгенімен оның да орындалуы нашар екені айтылды. «Өңірде балық шаруашылығын дамыту үшін біз ең алдымен инкубаторлар орнатып, тұқым шаруашылығын қолға алуымыз керек. Екіншіден ғалымдарды тарта отырып шаруашылықтарға ғылыми жаңалықтарды енгізу қажет. Үшіншіден балыққа қажетті азық қорын жасақтау үшін жем дайындайтын зауыт салу керек деген үш мәселе де тиісті басқармаға тапсырылған болатын. Бірақ әлі күнге бұл жұмыстар толық орындалмай отыр», деді өз сөзінде облыс әкімі.
Келесі кезекте облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбар Әдібақов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 142 балық шаруашылығының су айдындары және республикалық маңызы бар Балқаш көлінде 18 учаскесі бар екен. Бұл су айдындарының 84-і 75 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілсе, 58-інің әзірге егесі жоқ, бос қалған. Жалпы басқарма балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында тауарлы балық көлемін 2025 жылы 3000 тоннаға, 2030 жылы 8000 тоннаға жеткізуді жоспарлаған. Ал өткен жылы 50 тонна тауарлы балық өндірілсе, аталған жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарына балық аулау лимиті 1150,7 тоннаны құрап, ол бүгінгі таңға 96 пайызға орындалған.
– Балық шаруашылығын дамытуда мәселе жоқ емес. Облысымыздағы басты мәселе – судың тұрақсыздығы және балық шаруашылығын жүргізуге арналған жер беру болып отыр. Өткен жылы облысымыздың жергілікті маңызы бар 121 балық шаруашылығы су айдындарының су тұрақтылығы зерделенсе, соның тек 17-інде ғана су тұрақты болды, қалған 104 су айдынында егін шаруашылығы қажеттіліктеріне байланысты су деңгейінің төмендеуі байқалды. Бұл өз кезегінде балықтардың қырылу қаупін жоғарылататыны белгілі. Өзендердің бойынан жасанды тоғандар жасауға Қазақстан Республикасының Су кодексіне су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаттың болмауы қол байлап отыр. Сондай-ақ облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасымен бірге жерді инвесторларға беру бойынша алгоритм дайындалды. Аталмыш басқарманың хатына сәйкес ұсынылған координаттар бойынша жер учаскелері ауылдық округ аумағына түсуде. Осыған орай, Жер кодексінің 26-бабының 3-ші тармағына сәйкес жер телімдерін беру мүмкін болмай отыр, – деді баяндамашы.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың басқармада балық шаруашылығымен қанша маман айналысады деген сұрағына Айбар Әдібақов бөлімге үш маман бекітілгенімен, балық шаруашылығымен бір ғана маман айналысатынын жеткізді. Облыс басшысы жұмыстың жүрмей тұрғанына арнайы маманның жетіспеушілігі себеп болып отырғанын айтты.
– Бір маман қайда жетеді? Бұл сала бойынша маман тапшылығы бар. Біз өңірде балық шаруашылығын дамытамыз десек колледждерде арнайы балық шаруашылығымен айналысатын факультеттер ашуымыз керек. Сондай-ақ балықшылар қоғамдастығын құру туралы тапсырма берілген. Ол не болып жатыр? Субсидияның көлемі неге аз? Оның көлемін көбейту керек. Грант беруді, балық жемін дайындайтын зауыт салуды қолға алмасақ болмайды. Ал 58 су қоймасы неге бос тұр? – деген Бердібек Машбекұлының бірнеше сұрағына басқарма бастығының міндетін атқарушы Айбар Күнтуұлы жұмыстың жүріп жатқанын жеткізді.
Бұдан кейін Шу-Талас облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Болат Асамбеков баяндама жасады. Ол бағдарлама аясында алдағы жылдарда балық шаруашылығы бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ ол браконьерлікпен күрес және балық аулауды реттеу жұмыстарын жүзеге асыру барысы туралы сөз етті. Жыл басынан бері мемлекеттік инспекторлар 41 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, 848 850 теңге айыппұл салыпты. «Уылдырық – 2021» акциясы барысында 28 әкімшілік хаттама толтырылып, 615487 теңге айыппұл салынып, тыйым салынған 7 аулау құралы, сондай-ақ 47,7 килограмм балық тәркіленген. Бұдан бөлек, «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы аясында су айдындарынан 20 килограмнан астам иесіз балық аулау торы, 53 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған. Өткен жылы жергілікті су айдындарын балықтандыру мақсатында 480 мыңнан астам шабақ жіберілген. Ал өзен-көлдерден квота бойынша 183,873 мың тонна балық ауланған. Сонымен қатар инспекция прокуратура мен полиция өкілдерінің қатысуымен тыйым салынған балық аулау құралдарын дайындағаны, пайдаланғаны, сатқаны, тасымалдағаны және сақтағаны үшін базарларда рейд жүргізген.
– Мен үнемі айтып келемін, прокуратура бар, полиция бар, біз бірлесе отырып табиғат қаскөйлеріне қарсы күресуіміз керек. Өйткені олардың өзен-көлдерге тастап кеткен қытай ауларынан балықтар шырмалып, шыға алмай, аштан өліп қалады. Сондықтан су айдындарындағы жұмысты үнемі бақылауда ұстап, балықтандыру жұмыстарын тоқтатпау керек, – деді Бердібек Машбекұлы.
Бұдан кейін сөз алған «Алтын балық» шаруа қожалығының жетекшісі Әбдрахим Қуанышбаев, «Арнұр» балық шаруашылығының төрағасы Руслан Сауранбаев пен «Балық» шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Елшібек Ниязбеков шетелдік және отандық балық өсірушілердің тәжірибелерімен бөлісіп, шаруашылықтарды бірлесе, ұйымдаса, тапсырыспен жұмыс істеуге шақырды.
Сұрақ-жауап бөлімінде де балық өсірушілер тарапынан көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
«Біраз ұсыныс айттыңыздар. Біз оның бәрін алда ескеріп жұмыс істейтін боламыз. Балық шаруашылығы қауымдастығына да қолдау беру керек. Су мәселесін де жақсы көтердіңіздер. Сондықтан біз жерүсті, жерасты суларын тиімді, мақсатты пайдалануға тиіспіз. Биыл бір су қоймасының жұмысын бастасақ жаман болмаймыз. Су қоймаларында балықтың ағып кетуіне тосқауыл қою үшін тор орнату керек. Ақкөлдегідей жағдайды қайталауға болмайды. Біз өзенге миллиондап шабақ жібереміз, ал шлюзді ашқанда ол егіс алқаптарына ағып кетіп, қырылып жатса не болғаны? Су қоймаларында балық өсіріп қана қоймай, балық аулау және демалыс орындарын ашып, туризмді де қатар алып жүру керек. Осылайша онда келушілер балық аулап қана қоймай, демалып қайтатындай болуы тиіс. Сондай-ақ инкубация мен жем дайындауды да естен шығармауға тиіспіз. Біз бұл салада өндіру мен өсіруді қатар алып жүре алсақ, шаруашылық сонда ғана дамиды, – деп Бердібек Машбекұлы жиынды қорытындылады.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.