Жамбыл жаңалықтары

Балық шаруашылығында мәселе баршылық

Written by Aray2005

Бүгінгі таңда балық та байлық көзі, тұрмыс сапасының кепілі болып отыр.

Халық денсаулығына ең пайдалы өнім де балық. Алайда өңір экономикасын қалыптастырып, адамдардың тұрмыс сапасын арттыруда айрықша маңызға ие балық шаруашылығында шешімін таппаған мәселе көп. Жамбыл облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінде облыста 115 су айдыны бар. Бір өкініштісі, оның көпшілігі экономикалық әл-ауқатты арттыру бағытында жұмыс істемейді.

Әулиеата өңірінің балық шаруа­шылығымен аты шыққан жоқ. Тек облыстағы Билікөл, Теріс сияқты су айдындарынан балық аулап, оны кәдеге жарату ісі біршама жолға қойылған. Мәлімет бойынша, өңірде жыл сайын халық 3801 тонна балық өнімін тұтынады. Оның ішінде 2465 тонна балық сырттан жеткізіледі. Яғни, балық өнеркәсібін дамыту Жамбыл өңірі үшін өзекті мәселе.

Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қар­масының басшысы Нұр­жан Нұржігітовтің айтуынша, өткен жылы өңірде 206 тонна балық ауланса, биыл 214 тонна балық ауланған. Сонымен қатар әрбір су айдыны үшін үш жылдық даму жоспары әзірленіпті. Басқарма басшысы осы кезеңде табиғатты пайдаланушы­­лар жоспарланған балық өсіру және аулау жо­с­парын орындауға тиіс еке­нін де айтып өтті.

«Су айдындары­ның әр­бір гектарына 200 шабақтан жі­берілуі керек. Балықты көбейту жұ­­мыс­тары басқарманың және жануарлар дүниесін қорғау жөнін­дегі мамандандырылған қызмет өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Жаңа жылдан бастап балық шаруа­шы­лығына мониторинг жүргізіледі», дейді Н.Нұржігітов.

Нақты жоспар бойынша өндірі­летін өнім көлемін алдағы уақытта ұлғайту міндеті тұр. Бұл мәселеге қар­ажат көздері де қарастырылған. Жам­был өңірінде бұл мақсатқа жалпы көлемі 151 миллион теңге жұмсалады. Жоспарға сәйкес, ағым­дағы жылы су қоймаларына 5 миллион, 2020 жылы 5,2 миллион, 2021 жылы 5,5 миллион шабақ жіберілмек. Нәтижесінде өңірде балық өндіру қарқыны 2020 жылы – 430, 2021 жылы – 688, ал 2022 жылы 1100 тоннаны құрайды деп жоспарлануда.

Алайда өңірлік балық шаруашы­лы­ғын дамыту туралы жиында об­лыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл мә­селеге көңілі толмайтынын жеткізді. Әкім басқарма басшысына қазіргі жұ­­мыспен күткен нәтижеге қол жет­кізе алмайтынын қадап айтты. «Біз 115 су айдынынан тек 200 тонна ба­­лық аулаймыз. Осыдан кейін өз өнім­­­дері­мізбен өзімізді қалай жеткі­лік­ті қам­та­масыз етеміз?» деді өңір басшысы.

Расында да Жамбыл өңіріндегі су айдындарындағы балық өнімдерінің тиісінше пайдаланылмай отырғанын көруге болады. Бұл бір суқоймадан бір тонна ғана балық ауланады деген сөз. Өңірде балық шаруашылығын дамыту мақсатында балық өсірушілердің санын көбейту де маңызды мәселе болып тұр. Қазір облыста 2 балық өсіруші ғана бар екен. Айталық Меркі ауданында үш гектар жерде 550 мың шабақ өсірілуде. Бірақ мұнда 6,5 миллион балық өсіруге болады. Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы су айдынында балықты 5 миллионға дейін көбейтуге болса, бүгінде мұнда 2600 ғана шабақ бар. Балық шаруашылығын жолға қою мақсатында жуырда Жуалы ауданында тағы бір балық өсіру айдыны ашылмақ.

Балық өсірудің өзіне тән қиын­­д­ықтары да бар. Мәселен, облыс­тағы 115 су айдынындағы балық­тарды қамтамасыз ету үшін 800 тонна құрамажем қажет. Бұл ретте балық өсірушілер құрама-жем­нің жетіспеушілігі балық санын арттыруға мүмкіндік бермей отыр­ғанын айтады. Бірақ бұл мәселеде де мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар. Мемлекет тарапынан құрамажем алу үшін 30 пайыз, ал жабдықтар мен техниканы сатып алуға 25 пайыздық субсидия беріледі. Мемлекеттің бұл қолдауы айтарлықтай демеу болмақ.

Жалпы, Жамбыл облысында балық шаруашылығы саласының әлі толық қалыптаспағанын жоғары­да айттық. Ендігі жерде облыс­тық әкім­дік тарапынан балық өсіруші­лерг­е аталған шаруашылықты дамы­туға күш салу керектігі айтылуда. Мұн­дағы мақсат табиғат байлығын өңір тұрғындарының кеңінен пайдалануына жол ашу және балық өнім­деріне сұранысты арттыру болып отыр. Шыны керек, бүгінде базарларда да, бірқатар сауда нүктелерінде де Сыр­дария, Шардара сияқты атақ­ты су ай­дын­дарының өнімдері сам­сап тұрады.

Бұдан кейінгі тағы бір мәселе, балық шаруашылығын дамыту үшін өңірдегі су көздерінің әлеуетін толық пайдалану керек. Әкім де суқоймаларды жалға алушылар оны тұрақты пайдаланғанымен, қай­тарымы жоқ екенін айтқан еді. Сондықтан да балық өсірушілер мем­лекеттің қолдауы арқылы құра­ма­­жемнің көлемін ұлғайтып, балық сапасын арттырса ғана оған сұраныс жоғары болмақ. Бұдан кейін өңірдің балық шаруашылығындағы жаңа дәуірі басталатын болады.

egemen.kz

ПІКІР